Көрікті Көкше өңірінде республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтуде. Облыс аудандарында оқырмандармен жылы жүзді кездесулер өткізіліп, аға газеттің өткен тарихын қамтыған шапағатты шолулар жасалып, бүгінгі бедерлі бейнесіне сүйсіністер айтылуда.
Осындай мазмұны толымды, әсері айта қаларлық кездесу Целиноград ауданының орталығы – Ақмолда өткізілді. «Егеменнің» өткен тарихын қамтитын көрме ұйымдастырылыпты. Осы газетте қызмет еткен қаламгерлердің әр жылдары жарық көрген жинақтары да менмұндалап тұр. Жергілікті өнерпаздар Арқаның төрт алыбы – Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай әндерін шырқады. Әнмен ажарланған кездесуге «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса, «Егемен Қазақстанның» ардагері Бақберген Амалбек қатысты.
– Аға газет қазір ел тәуелсіздігін бекемдеп, іргесін бекітуге айрықша атсалысып отыр, – деді аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев оқырмандармен кездесуді ашқан сөзінде. – Назар салып қарасаңыздар, басылымдағы әр материалдан елдікті көксеген ойды аңғарар едіңіздер. Маған, әсіресе, жұртшылықты жақсы істерге бағыттайтын, жақсылықты насихаттайтын, елдікке ұйытқы болатын салмақты сөзі ұнайды. Аға газет деп емес, Алаштың қамын ойлаған ақсақал кейпіндегі, аузы уәлі, сөзі бәтуалы ата газет деп айтар едім. Шынында да, ақылман атаның жасына жетіп отыр ғой. Ғұмырлы болсын.
Жүздесуге келген журналистер қауымы жүз жылдық жылнамадан естеліктер айтысты. Басылымға әр жылдары басшы болған игі жақсылардың шығармашылық қызметі мен ұлт үшін еңбек еткен қияпат жұмыстары көлденең тартылды. Бұл туралы тарих пәнінің мұғалімі Серік Қанафин, Целиноград аудандық әкімдігінің қызметкері Дидар Оралбек өз лебіздерін білдірді.
Басылым бетінде мемлекеттік, ұлттық маңызы бар мәселелердің орынды әрі өткір көтерілуі де газет оқырмандарының көңілінен шығып отырғандығын аңғаруға болады. Осы орайда кездесу барысында келелі мәселелер көтерілді. Таратып айтсақ, тақырып аясы былайша өрістемек.
– Қазақ тілінің қуатын, көркемдігін біз осы газеттен үйренеміз. Кейде көп қолданыла бермейтін архаизм сөздер де кездесіп жатады. Кейбіреулер дұрыс ұқпағанымен, қазақтың бар сөзі өз бояуымен жазылғаны дұрыс. Әйтпесе тіліміз жұтаң, жадағай қалыпта қалады. Тілімізді тірілтіп отырған осы басылым, – деді газет оқырманы Серік Қанафин.
Шортанды ауданында да «Егеменнің» тойы газет оқырмандарын бір серпілтіп тастаған әсерлі кешке айналды. Жиналған қауым мерекеге арнайы ұйымдастырылған «Egemen Qazaqstan» тақырыбындағы көрмені тамашалады. Жүздесу барысында оқырмандар аға газет көтеріп отырған қадау-қадау тақырыптар төңірегінде өздерінің көкіректерінде жүрген нәрлі сөздерін тілге тиек етті.
– Біздің ауданда аттөбеліндей ғана жергілікті ұлт өкілдері бар, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Қасенова. – Газет бізге рухани азық болып отыр. Мен, әсіресе, тұлғалар тақырыбымен берілетін Алаштың жақсы-жайсаңдарының өнегелі өмірі мен ұлтқа сіңірген еңбегі жайлы сүйсініп оқимын. Газетті тұрақты оқыған адам көп жайға қанық болатындығы айдан анық.
Осындай кездесу қияндағы Жарқайың ауданында да өткізілді. Журналистермен жүздесуге аудандағы зиялы қауым, аға газеттің тұрақты оқырмандары жиналды.
– Ағынан жарылып ақ сөйлейтін аға газеттің тойы біз үшін де қуаныш,–деді аудан әкімі Мұрат Балпан. – Бұл той жалғыз газеттің ғана тойы емес, барлық оқырмандар үшін ақ түйенің қарны жарылған ұлы той. Өзіміз күн сайын газетті қалт жібермейміз. Басылымның бүгінгі бейнесі көп көңілінен шығуда. Безендірілуі де көркем. Қазіргі нарық заманында газет тауар есебінде. Егер онда оқырлық материал болмаса, оқырманның қолына көркемделіп, безендіріліп тимесе, жазылымы да олқы болар еді.
Кездесу барысында ұстаздар қауымы «Egemen Qazaqstan» газетінің білім саласын тереңнен қаузап жазып жатқандығын, оның өздерінің күнделікті шаруасына септігін тигізетіндігін айтып, ризашылық лебіздерін білдірді. Замана тынысын тамыршыдай тап басып отырған ұстаздардың айтуына қарағанда, бұл күнде бел алып тұрған әлеуметтік желілердің қайсыбірінде жарияланған дүниелердің көбі адам сенбейтін жайлар. Ақиқат сөз, адал сөз арлы газетте. Арлы газет – жүз жылдық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газеті.
Көкшелік оқырмандар көпшілік сүйіп оқитын басылымның бағасы салмақты сөзінде екендігін саналарымен түйсініп отыр. Жақсылыққа жақын тұратын жұртшылық жүз жылдық той ел үшін сіңірілер еңбектің тағы бір жарқын бастауы, асқақ белесі деседі. «Белестен белеске белі талмай жете берсін, ел газеті – «Егемен»!» деп ақ тілектерін жолдап қалды.
Ақмола облысы