Түкпірдегі елді мекенде кеңінен қанат жайған өнегелі іс өзгелерге үлгі етілмеуі қалай?! Ат басын бұрып осы ауылға келіп, ел-жұрттың берекелі тыныс-тіршілігін көргеннен кейін көкейімізге осындай сауал тірелді.
Масылдықты білмейтін буын
Бір кездері бұл маңай түтіні түзу ұшқан, мыңғырған төрт түлік мал өскен, ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған ауылдардың құтты мекені болды дегенге сену қиын. Қазір одан Бірлік пен Көзашардың орны үңірейіп, жұрты ғана қалған. Қалғандары Теңдік ауылдық округының құрамына енді. Орталығы – осы аттас елді мекен. Мұнда жүзге жуық отбасы тұрады. 11 жылдық мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, мешіт, дүкен жұмыс істейді. Ал аз үйлі Кантемир мен Котовский «болашағы жоқ ауылдар» санатына жатқызылып, білім ошақтары жабылып қалған. Оқушылар аудан орталығына қатынап оқиды. Әңгімеміз Тайынша ауданының бір сүбелі пұшпағы туралы.
Теңдік ел аузында «Орынбай Әлжановтың ауылы» деп те аталады. «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, мұндай құрметке екінің бірі бөлене бермесі анық. Таңдау неге Орекеңе түскен деген сауалға келсек, өткенге аз-кем шегініс жасаған жөн секілді. Орынбай Шайханұлы – кеңестік кезеңнің темірдей тәртібін көріп, қатаң кадрлық сүзгісінен өткен «қызыл директорлардың» бірі. Осыдан жарты ғасырға жуық бұрын мал бордақылаумен арнайы айналысатын кеңшар құрылғанда жас маманға үлкен сенім артылып, осында басшылыққа жіберілді. Қыз-қыз қайнаған еңбек алаңында тәжірибесі аздау болса да, ауылда жастайынан жылқы тізгіндеп, мал қайырып өскенінің пайдасы тиді. Мамандығы агроном жігіт атакәсіптің қыр-сырын тез-ақ меңгеріп алды. Оның үстіне кіндік қаны тамып, балалық шағының ізі қалған атамекенге келгеніне қуанып, бар күш-жігерін, қажыр-қайратын ел игілігіне арнады. Ірі қара малдың саны он мың басқа дейін жетіп, облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың біріне айналды. Жұртшылықтың тұрмысы түзеліп, әл-ауқаты артып, жаңа үлгідегі мәдени, әлеуметтік нысандар көптеп бой көтере бастағаны сол еді, Кеңес Одағы ыдырап, қуатты экономиканың арқауы сөгіле бастады. Билік, шаруашылық тізгінін ұстап отырған небір пысықайлардың мемлекеттің, халықтың мысқалдап жинаған ен дәулетін пышақ үсті бөлісіп қолына тиген қалтаға басып жатқанын көргенде «есіл еңбек-ай» деп іші удай ашыды. Қатты қапаланғаны соншалық, түн ұйқысы төрт бөлініп, терең ойдың құшағында жүрді. Сосын тосын шешім қабылдап, жұмысшы-қызметкерлерге тиесілі дүние-мүлікті өздеріне теңдей етіп бөліп берді. Асығыс жүргізілген жекешелендірудің ақыры жақсылыққа соқтырмайтынын сезіп, алдын ала осындай әрекетке барып, оның түбі берекетке айналарына қапысыз сенді. Иә, аумалы-төкпелі шақта мұндай шешім қабылдау – үлкен ерлікке пара-пар. Өйткені жоғарының нұсқауына қарсы шыққандар саусақпен санарлық қана болатын. Солардың бірі – Орекең үкімет мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенше көпшілік өз ризығын көріп, нәпақасын теріп жесін деген ізгі ойға тоқтады. Өзі де өтпелі кезеңнің өткелегінен қиналмай шығудың жолдарын тынбай іздестіріп, «Қаратомар» шаруа қожалығын құрды. Құстың қос қанаты секілді мал шаруашылығы мен егіншілік қатар дамып, табыстың тайқазаны қайта толды. Осылайша қиындық шеңгелінен құтыла алмай «шықпа жыным шықпамен» жүрген тұрғындардың үміт оты қайта жанып, ертеңге деген берік сенімдері нығайды. Қырда егін себіліп, ойда төрт түлік өсіріліп, жұмыссыздық азайды. Отбасын, бала-шағаны асыраудың жайы шешілген соң масылдық пиғыл да еңсерілді. Жасөспірімдер, оқушылар арасында да тоғышарлық көңіл-күйден арылту шараларын өткізу берік дәстүрге енді.
«Жаста берген тәрбие – жас қайыңды игендей» демекші, маңдай термен тапқан табыстың дәмі қашанда тәтті келетінін, еңбек – әлемнің әміршісі, шешуші ұлттық фактор екенін ұқтыра, ұғындыра білсек, «аз жұмыс істеп көп табу», «ауадан ақша жасау» секілді қауіпті кеселдерден арылту оңай. Арзан жылтыраққа еліктеушілік ұлттық құндылықтарды кері ысырып, дүниеқоңыздық дерті меңдеп бара жатқан секілді», дейді көшелі қария көңілінде әлдебір алаң, мазасыздық бар екенін аңғартып.
Сонау аумалы-төкпелі кезеңде Теңдік мектебінде бала азайып, жабылу қаупі төнгенде Орекең өзге аймақтардан көп балалы отбасыларды көшіріп әкелген. Әрқайсысына баспана беріп, алдына мал салған. Мұндай жарқын мысалдар аз емес.
Қазір Теңдікке «Шоқан-Ақан ауылы» деген қосалқы ат та телініп жүр. Сексеннің сеңгірінен асқан ақсақал көштен қалмаса да Шоқан мен Ақан атты екі ұлына шаруашылықты сеніп тапсырған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, ата-ананың жақсы тәлім-тәрбиесін алған Шоқан асыл тұқымды мұғалжар жылқысын, еділбай қойын өсірумен, ал Ақан егіншілікпен шұғылданады. Ауыл іргесінің шайқалмауына зор үлес қосып келе жатқан екеуіне жерлестері дән риза. Мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, тағы басқа ғимараттардың жөндеу жұмыстарын ағайынды азаматтар өз міндеттеріне алған.
Дастарқан сәні – ұлттық тағам
16 жылға жуықтапты, Теңдік ауылында ойын-той арақ-шарапсыз өтіп келеді. Өміршең бастама өркен жайған алғашқы кезді Орекең былай еске алады: «2003 жылы Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы Рамазан айы қарсаңында жамағатқа Оразада арақ ішуді тоқтату туралы үндеу тастады, маған оны неге қолдамасқа деген ой келді. Өз қаражатыма салынған мешіттің ашылу рәсімінде ауыл болып ақылдасып, ішімдікті біржола доғаруға, дүкен сөрелерінен шылым, басқа да зиянды заттар мен тағамдарды алып тастауға пәтуаластық. Содан бері әзәзіл су дастарқанға қойылған емес. Керісінше, отырыстың сәні, берекесі саналатын ұлттық сусындар мен дәмі тіл үйіретін тағамдар самсап тұрады. Оның адам ағзасы үшін де пайдасы мол, түрлі дәрумендерге бай. Өзім қажылық парызымды бірнеше рет өтеп келдім. Өзгелерге үлгі бола берсін деген ниетпен балаларымның үйлену тойларын қымыз-қымыранмен атап өттім. Бұл рәсімді тойшылар жылы қабылдады. Араққа салынып қаншама шаңырақ ортасына түсіп, жастар ажырасып жатыр десеңші. Денсаулыққа да зияны орасан екені медицинада әлдеқашан дәлелденген. Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз /ғ.с.ғ./ өзінің хадистерінде «барлық мас қылушы – арақ hәм барлық мас қылатын нәрсе – харам» деп айтады. Өкінішке қарай, арамызда харам мен халалды шатастырып жүргендер аз емес. Мұның бәрі отбасы, ошақ қасы тәлім-тәрбиесінің кемдігінен, ақпараттың жеткіліксіздігінен дейді».
Бір сәт статистикалық деректерге жүгініп көрейік. Ресми мәлімет бойынша жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігі ішімдікке әуес көрінеді. Демек 6 миллиардтан астам адамның 2 миллиардтайы «тентек суға» кет әрі емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлттық генофонды деградацияға ұшырайтынын анықтаған. Жүрек-қан тамырлары, обыр, басқа да аурулардың көбейіп кетуінің бір себебі осында. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан ішімдікті көп тұтынатын мемлекеттердің қатарында екені ойландырмай қоймайды. Екі жүз мыңнан астам адам маскүнемдік кеселіне шалдыққан. Өңірлер бойынша Солтүстік Қазақстан көшбасшылар санатында тұр.
– Арақ-шарап ішу доғарылғалы ірі қылмыстар мүлдем тіркелген жоқ. Ұрлық-қарлық, төбелес те сап тыйылды. Әлдебір ұсақ кикілжіңдер туа қалса, ақсақалдар алқасының қатысуымен төрелігін айтып, бітімгерлікке шақырып отырамыз. Басты мақсат – ұрыс-керістің себебін анықтау, алдағы уақытта болдырмау, алдын алу, тараптарды татуластыру. Майда-шүйде түсінбестіктерді сырттан ешкімді араластырмай-ақ, өз арамызда шешеміз. Ең бастысы, өскелең ұрпақтың санасында арақ-шарапсыз да өмір сүре аламыз, одан да өзіме, қоғамға, елге пайдалы іспен айналысайын деген жаңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Бұл – өте құптарлық, қуанарлық жайт. Біле білгенге саламатты өмір сүрудің тиімді бағыттары көп қой. Әр отбасы мал, құс, бау-бақша өсіреді. Жазда бие байлап қымыз ашытады. Құрт-ірімшік, жент сияқты ұлттық тағамдар жасайды. Тұрғындар түгел Орекеңнің шаруашылығында еңбек етеді. Тепсе темір үзетін азаматтардың бос жүргенін көрмейсіз, – дейді ауыл әкімі Рүстем Жұмағұлов.
Жергілікті билік орындарына құлаққағыс: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демей ме дана халқымыз. Олай болса ішімдік ішпейтін, шылым шекпейтін тұтас ауылдың іс-тәжірибесі өзгелерге таратылса, насихатталса, үлгі етілсе, өңірде мұндай саламатты өмір салты орныққан әзірге жалғыз елді мекеннің өрісі кеңейіп, басқалар да жаман қылықтардан арылар ма деген сауал мазалайды. Ішімдіктен мүлдем тыйылу арқылы ғана басқа да жат қылықтардан арылудың жолын теңдіктіктердің тәжірибесі айқын байқатып отыр.
Ауыл тұрғындарын қинап тұрғаны – тек жол жайы екен. Аудан орталығы мен Теңдік арасындағы 25 шақырым жол шұрқ тесік, ойдым-ойдым. Биыл жыл басында ауылға апарар грейдер жолды қарғын су шайып кеткендіктен жағдай мүлдем қиындап кеткен. Егістік алқап арасындағы сүрлеу жолмен жүруге мәжбүр. Жаңбырлы, лайсаң күндері қатынас үзіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Тұрғындардың жанайқайын ауыл әкіміне жеткізгенімізде тендер жарияланып, үш миллион теңге қаражат бөлінгенін, мердігер ұйым жуық арада іске кірісетінін жеткізді. Бірақ теңдіктіктер оған сенгісі жоқ. Уәденің үш айдан бері айтылып, сөз жүзінде ғана қала беретініне ренішті. Биліктің жоғары тұтқасын ұстап отырған лауазым иелерінен бұған жауап күтеміз.