«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев журналистермен кездесуінде оңтүстік астана жарна аудару жағынан республика бойынша көш бастап тұрғанын жеткізді. 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 25 қазаны аралығында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» түскен жарна 222,3 млрд теңгені құраған.
Оның 213,4 млрд теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,9 млрд теңгесі – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Бұл көрсеткіш жинақталған соманың бестен бір бөлігін құрайды. Қор мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылдың шілдесінен 2019 жылдың 25 қазанына дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 45,9 млрд теңге жарна аударылған. Оның 43,4 млрд теңгесін жұмыс берушілердің аударымдары құрайды.
Тілеухан Әбілдаев атап өткендей, 2020 жылы оңтүстік астаналықтарға арналған медициналық көмекке бөлінетін қаржы бір жарым есе немесе 45,5 млрд теңгеге артады. Биыл қала бойынша тегін медициналық көмекке бюджеттен 116,8 млрд теңге бөлінген. Ал 2020 жылға қарай 160,4 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық бағытында нормативтік-құқықтық база жасалып, үш деңгейлі медициналық көмек жүйесі бекітілді, сондай-ақ қажетті ақпараттық жүйелер іске қосылған. Сонымен қатар дайындық барысында өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды сақтандыру жүйесіне тарту жұмыстары да жүргізілуде. Қазірдің өзінде Қор келісімшарттар мен қосымша келісімдерді жедел атқару қызметтерін іске қосқан. Биылғы тамыз айынан бастап жекелеген құжаттар ЭЦҚ арқылы жасалуда. Ондағы мақсат – медициналық қызметтерді сатып алу жұмыстарының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету және де жемқорлықтың алдын алу. Сонымен қатар бүгінде сақтандыру төлемдері тұрақты аударылмағандықтан, халықтың 7 пайызға жуығы сақтандырылмаған болып саналады. Деректер елімізде өзін өзі жұмыспен қамтыған 1,1 млн адамның бар екенін көрсетеді. Нақты айтқанда, ресми жұмыс істемейтін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде қызмет көрсетпейтін тұлғалар. Десек те, олар өз бетінше жарна аудару құқығына ие. Жарна мөлшері ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. Сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем арқылы төлеуге болады.
Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Жиынтық төлемнің ішінде өзге де әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Бұл жалпы соманың 40 пайызын құрайды. БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2525 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1263 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері, т.б. төлей алады. Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жетекшісінің орынбасары Данияр Әлкебайұлы атап өткендей, қалада мәртебесі анықталмаған 55 мыңнан астам азамат тұрады. Оның 12 мыңы – жалдамалы жұмыскерлер болса, 15,6 мыңы – өзін өзі жұмыспен қамтығандар, ал 8,8 мыңы – ресми тіркелмеген жұмыссыздар. Бүгінге дейін бірыңғай жиынтық төлем төлегендер саны 5,9 мыңды құрайды. Бірыңғай жиынтық төлемді egov.kz порталы арқылы онлайн режімде, сондай-ақ кез келген екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелері арқылы төлеуге болады. Жыл басында енгізілген жиынтық төлем аталған санаттағы азаматтардың бәріне МӘМС жүйесіне қатысып, толыққанды көмек алуға мүмкіндік береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылады.
АЛМАТЫ