• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қараша, 2019

«Қазақстан жәндіктерінің таңғажайып әлемі» байқауы қорытындыланды

569 рет
көрсетілді

«Ғылым ордасы» Табиғат музейінің ұйымдастырумен өткен «Қазақстан жәндіктерінің таңғажайып әлемі» балалар шығармашылығы байқауы мәресіне жетті. Байқау қоржынына келіп түскен жүз елуден астам жұмыстың әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Олардың арасынан үздік жұмыстарды іріктеу, әрине, қазылар алқасына оңайға түспегені анық. 

«Рухани жанғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауды құттықтау сөзімен ашқан «Ғылым ордасы» бас директорының орынбасары Нұрлан Сейдін балаларға алдағы уақытта да туған жерді тану шараларына шақырды. Ұлттық құндылықтарды бағалау, еліміздің табиғи байлығын сақтауға баулуды мақсат ететін байқауға Алматы және Алматы облыстары мектептерінің оқушылары қатысқан.

Табиғат музейінің меңгерушісі Гүлжан Шайзатқызының айтуынша, осы мазмұндағы байқаулар балалар қиялын ұштап, табиғатты зерттеуге, аялауға, қоршаған ортаға бейжай қарамауға баулиды. Сондай-ақ табиғат мұражайындағы экспозициялар келушілерді ертедегі жануарлар әлімімен ғана емес, Қазақстанның қазіргі заманғы табиғатымен танысуға да мүмкіндік береді.

Қазылар алқасы барлық жұмысты мұқият бағалады. Ізденістерін ақ қағаз бетіне түсірген балалардың қиялында шек жоқ дерсіз. Қарындашты да, жапсырма құралдарын да пайдаланған жұмыстарда жәндіктердің табиғаттағы тіршілігі шебер көрсетілген. Ал құмырсқалардың бірнеше түрін үйде өсіретін 9-сынып оқушысы Инокентий Трескуновтың жәндіктерді баптаудағы тәжірибесі балаларды ерекше қызықтырды.  

Байқау қорытындысына орай ең үздік жұмыстарға арнайы дипломдар берілсе, өзге қатысушылар да сертификаттармен марапатталып, кітаптар сыйға тартылды. Балалар шығармашылығын ұйымдастырған мектеп ұстаздарына да Алғыс хаттар берілді. Жеңімпаздарға  «Қазақастанның қызыл кітабы беттерінен», «Қазақстанның қауіпті жануарлары» кітаптары сыйға тартылып, танымдық бағытта жәндіктер туралы фильмдер көрсетілді.

 

АЛМАТЫ