Стенд атудан Дохада (Қатар) өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында «трап» жарысының қыздар арасындағы бәсекесі аяқталды. Жарыс нәтижесі бойынша отандасымыз Сәрсенкүл Рысбекова Олимпиада жолдамасын жеңіп алды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Ол Азия чемпионатында екінші орын алып, күміс медаль жеңіп алды. Осылайша қандасымыз Токиода өтетін Олимпия ойындарының лицензиясына қол жеткізді. Олимпиадаға іріктеу ережесі бойынша Азия чемпионатында жүлделі үш орынға ие болған спортшыларға жолдама таратылады.
Құрлық додасында алтын медальды ливандық Рэй Бассил еншілесе, қола медальды тайпейлік Ю Ван Лю жеңіп алды. Айта кетелік, бұл Қазақстан командасының қоржынындағы 22-ші жолдама. Бұдан бөлек, Қазақстан командалық сында Азия чемпионы атанды.