Жақында Халықаралық Төрелік трибунал «World Wide Minerals Inc.» канадалық компаниясы және Пол Кэролл бастама жасаған төрелік қарау бойынша шешім шығарды.
Бастапқыда Қазақстанға қарсы талап-арыздың сомасы 1,9 млрд АҚШ долларын құрады. Трибунал талапкерлерге бастапқы талап етілген соманың 0,725 %-дан кем бөлігін табыс етті.
Целиналық тау-химиялық комбинаттағы (ЦТХК) сенімді басқару келісіміне сәйкес кәсіпорын 1996-1997 жылдарда талапкерлердің сенімді басқаруында болған. Сонымен қатар талапкерлер өздеріне ЦТХК-ға қолдау көрсеткен Степногорск қаласы жұмысшыларының алдында міндеттемелер алған.
1997 жылдың сәуір айынан бастап талапкерлер қызметкерлердің жалақысын төлемей келісімшарт талаптарын қайта-қайта бұза бастаған. ЦТХК-нің көптеген цехының жұмысы уақытша тоқтатылып, көмір қорлары таусылған. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына алып келді. Степногор қаласындағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары тоқтап, қала апат шегіндегі жағдайда болған. Осындай жағдайларда Қазақстан тарапы сенімді басқару туралы келісімді бұзу жөнінде шешім қабылдады.
Талапкерлер төрелік арызды 2013 жылғы желтоқсанда берді, ол бойынша тыңдаулар 2017 жылғы желтоқсанда Лондон қаласында өтті. Республика талапкерлердің барынша елеулі деген талаптарын қанағаттандырудан бас тартуға трибуналдың көзін жеткізгендіктен, трибунал талап етіліп жатқан соманың тек ЦТХК-нің операциялық қызметіне инвестиция ретінде салынған бөлігін ғана табыс етті.
Бұл төрелік процесі талапкерлердің мемлекетіміз есебінен өз шығындарын қалпына келтірудің үшінші талпынысы болып табылады. Талапкерлер 2000 жылы АҚШ соттарына өздеріне келтірілген 1,2 млрд АҚШ доллары көлеміндегі залалдардың орнын толтыру туралы арызданды. Ол кезде сот олардың талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
2007-2010 жылдар аралығында талапкерлер Қазақстан Республикасына қарсы 3,7 млрд АҚШ доллары көлеміндегі талап сомасымен төрелікке арыз берген. Бұл кезде де талапкерлердің талаптарын қанағаттандырудан бас тартылған еді.
Бұл Қазақстан үшін айтарлықтай табыс болып табылады. Үкіметтің консультанты ретінде «ReedSmith» халықаралық заң фирмасы қатысуда.