Орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тың Фресно қаласында өзінің кезекті жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын алтыншы раундта нокаутқа жіберді.
Жергілікті Chukchansi Park спорт кешенінде өткен кездесу 10 раундқа жоспарланған болатын. Алтыншы раунда отандасымыз канадалық Альберт Онолуносені соққының астына алып, нокаутқа түсірді. Төреші есеп ашқанымен, қарсыласы есін жиып үлгермеді. Осылайша отандасымыз кәсіпқой бокстағы сегізінші кездесуінде жеңіске жетіп, төрт кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Сондай-ақ өзіне тиесілі WBC Continental Americas титулын сәтті қорғап қалды.
Сонымен қатар Лос-Анджелесте рейтингтік жекпе-жек өткізген қандасымыз Мадияр Әшкеев те мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Аргентиналық Родольфо Мартинеспен жұдырықтасқан ол қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді. Ал алтыншы раундта аргентиналық боксшы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Бұл – Әшкеевтің 14-ші жеңісі.