«Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық тарихында Алматының орны айрықша екенін осы күнге есендікпен жеткен егемендіктер де, тәуелсіздігімізді қастерлейтін бүгінгілер де бес саусақтай біледі. Төл басылымымыздың 100 жылдығына арналған шаралар легі қасиетті жұмада Алматы шаһарында жалғасын тауып, 8 қараша күні Гоголь көшесіндегі 39 үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Енді бұл ғимараттың маңынан әрі-бері өткен алматылықтар мұнда қазақтың небір маймалман журналистері қалам тербеп, егемендігіміздің елең-алаңына куә болғанын біле жүрер...
Еліміздің астанасы өзгеріп, газет Арқадағы елордаға көшкенге дейін «Egemen Qazaqstan» біздің алып шаһарымызда 70 жыл тұрақ тапқан екен.
«Тағзым күні» деп аталған бұл күн де міне, газеттің көзі тірі ардагерлері үшін ғана емес, Алматының зиялы қауымы үшін де шежіре болып қалады. Бұл – Алматыда талай аруақты аунатып, «Егеменнің» тарихына тағдыры байланған небір тұлғалардың есімі қайта-қайта жаңғырған күн болды.
Алматы қаласы әкімінің тікелей мұрындық болуымен, үлкен қолдауымен өткізілген шаралар легі былай басталды.
«Санаулы күндерден кейін еліміздің бас газеті өзінің ғасырлық мерейтойын өткізеді. Осыған орай, еліміздің әр аймағында мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық тарихында Алматы қаласының орны бөлек. Басылым ұжымы біздің Алматымызға 1929 жылы Қызылордадан толық көшіп келді. Содан бастап, 70 жылдай басылымның редакциясы біздің алып шаһарымызда орналасып, жұмыс істеген. Сондықтан, Алматы төрінде осынау ескерткіш-тақтаның ашылуы – тарихи заңдылық қана емес, азаматтық парызымыздың дәлелі. Бүгінгі ескерткіш-тақта арқылы Алматы шаһарының келбетіне тағы бір келісті бояу қосылды деп есептейміз», деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Содан кейін сөз алған газеттің басшысы Дархан Қыдырәлі: «Ардақты ағайын, бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінің «Социалистік Қазақстан» кезінде тер төккен, арайлы азаттығымызға үлес қосқан ардагерлерімізді көріп отырмыз. Газетті басқарған, газетте қызмет атқарған аға-апаларымыздың ұрпақтарымен қауышып отырмыз. Сондықтан бүгін ерекше күн. «Egemen Qazaqstan» тарихы Алматымен тікелей байланысты. Басылым сонау 1929 жылы Қызылордадан көшіп келгеннен кейін елдігімізге осы Алматыдан қызмет етті. Осында Алаш арыстарының қолтаңбасы қалды. Газет «Егемен» деген сөзді егемендігімізді алмай тұрып жария етті. Азаттығымызды осы газет арқылы бүкіл дүниеге сүйіншіледік. Сондықтан бүгін біз Алматыға тағзым етуге келдік!» деді.
Ал қазақ баспасөзінің сардары атанған Сарбас Ақтаев бүгінгі күн «егемендіктер» үшін Ұлыстың ұлы күні екенін атап айтты. Мынау ғимаратты кезінде республика басшылары «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттері үшін арнайы салғызған болатын. Бұған біз 1987 жылы көшіп кірдік. Ол кезде өтпелі кезең еді. Газет редакторы Балғабек Қыдырбекұлы құрметті еңбек демалысына шығып, орнына әлі басшы тағайындалмай, бүкіл ұжымды бастап алып келген болатынмын. Араға он жыл салып, астананы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшірдік. Осы ғимараттан ұжымды елордаға шығарып салдық... Мен бұл арадан күн сайын демейін, аптасына 1-2 рет өтемін. Соның өзінде, қарай-қарай өтемін, көз жасым мөлтілдеп өтемін. Өйткені бұл ғимарат біздің шығармашылық ғұмырымыздың ең шарықтаған шегінде, көңіліміздің көтерілген кезінде қызмет еткен ұямыз. Ал енді сол ұяға биыл 100 жыл толып отыр. Сондықтан бұл мен үшін төл мерекем, төл тойым», деді тебірене сөйлеген Сарбас Ақтаев.
«Осы ғимаратта біз тәуелсіздікті қарсы алдық. Осында Шерхан ағамыз газетті басқарып отырды. Кейін Әбіш Кекілбаев келді. Бұл ғимарат журналистердің басын қосатын жақсы бір мекен болды. Басқасын айтпағанда, атақты «Камал кафе» де осында болды. Журналистердің барлығы емен-жарқын жиналып отыратын. Біз бұл ғимаратты ешқашан ұмыта алмаймыз», – деді «Egemen Qazaqstan» газетіне 47 жылын берген басылым ардагері Мамадияр Жақып.
Тақтаның ашылуында айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлы «Егеменге» әдемі арнау айтты. Қиыннан сөз қиыстырған зерделі ақынның арнауына сөздің парқын білетін қауым ризашылықпен қол соқты. Әсіресе баспасөз бен интернетті салыстырған тапқыр теңеулеріне ардагер журналистер «Әп-бәрекелді» десіп жатты.
Ұлт тұғырын ұлықтағандарды еске алу – парыз
Ескерткіш-тақтаның ашылуынан кейін қалың көпшілік «Жұлдыз» ресторанына қарай аяңдады. «Egemen Qazaqstan» газетінің өткеніне тағзым етіп, келешегіне салауат сұраған үлкен асқа Алматының ғана емес, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбсаттар Дербісәлі, Өмірзақ Айтбаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Ұлықбек Есдәулетов, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов, Қабдеш Жұмаділов, Сейіт Қасқабасов, Кәдірбек Сегізбаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Иранбек Оразбаев, Аян Нысаналин, Қуанышбай Құрманғали, Рысбек Сәрсенбай, Софы Сматаев, Орынша Қарабалина, Мереке Құлкенов, Қайыммұнар Тәбеев, Қали Сәрсенбай, Серік Жанболат, Сәкен Сыбанбай, Бәтима Зәуірбекова, Айгүл Ісмақова, Әлия Бөпежанова, Болат Қалымбетов сынды мұқым қазақтың бетке ұстар азаматтары қатысты.
«Осы уақытқа дейін бас басылымды 40-қа жуық қазақтың менмін деген азаматтары басқарған. Бәрін тізбектей алмасақ та, Бернияз Күлеев, Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлт тұғырындай тұлғаларды атап өту бізге парыз. Оның бер жағында бас басылымды басқарып, ұстараның жүзіндей, әр сөздің саңылауынан сығалайтын сол цензуралы заманда халықтың болмысы мен елдік мінезін сақтауға ұмтылған Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Ержұман Смайыл сияқты ағаларымыздың аруағы бір аунап түсетін күн бүгін», – деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Аты аталмаса да, тәулікпен санаспаған, бүкіл саналы өмірін, күні мен түнін күнделікті шығатын газетттің қыз-қыз қайнаған өміріне қиған аяулы журналист аға-апаларымыз қаншама?! Газеттің 100 жылдық тарихына үлесін қосқан аға-апаларымызға арналған аста оқылған дұғаға олардың ұрпақтары да қол жайды.
Тарихи жиында Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, А.Нысаналин сынды қаламгерлер «Egemen Qazaqstan» газетіне ізгі тілектерін арнады.
«Біз алыстағы ауылда мектепте оқып жүргенде, кітап деген аз болатын. Оқулық та аз. Сол кезде жария болған газетті соңынан қуалап жүріп оқитынбыз». Бұл сөзді Әбіш Кекілбаев жазған еді.
«Мен де Арал теңізінің жағасындағы ауылда сауат аштым. Сонда Әбіш айтқандай, тасқа басылған газетті қуалап жүріп оқитынбыз. Сол газет, құдай біледі, «Социалды Қазақстан» газеті болатын. Жалғыз біз емес, Құран-кәрімнен кейін, бәріміз газетпен көзімізді аштық. Бұл бала күннен балалық қиялымның көкжиегін кеңейткен, көкірегімізге сәуле шашқан, дүниені танытқан айналайын газет қой. Оның ішінде – бас газет.
Енді бас газетіміз осы қасиетін жоғалтпай, халықтың басын қосып тұратын қалпынан жаңылмасын, 100 жылдық тарихы ғасырдан ғасырға жалғаса берсін! Мен соған тілектеспін!» деді Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Алматыға тағзым
Ұлт оқырманының рухани азығына, еліміздің тыныс-тіршілігінің айнасына айналған ғасырлық ғұмыры бар «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойының тәуелсіздік пен азаттықтың алтын бесігі болған Алматы төрінде аталып өтуінің айырықша маңызы бар. Себебі 100 жасаған басылымның 70 жылдық тарихы мен тағдыры дәл осы Алматыға тиесілі.
Ғасырлық тойды атап өту дегеніміз, бұл – халықтың рухани түлеуі мен ұлттық санасының оянуы жолын таңдап, ауыр жүк арқалап, аянбай тер төккен Алаш қайраткерлерінің асыл мұратын саяси ұстанымға айналдырып, мемлекеттік деңгейге көтерген бас басылымдағы баспасөз баһадүрлерінің ұлт алдындағы ұлағатты істеріне бас ие отырып, олар аманаттап қалдырған ортақ мүддеге адалдықты парыз ретінде ұлықтай білу деген сөз. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Egemen Qazaqstan» газетінің жыл бойы жалғасын тауып келе жатқан жүзжылдық мерейтойына арналған іс-шаралар топтамасы Алматыдағы Ұлттық кітапханада ұйымдастырылған кең ауқымды шараға ұласқанда, қырық қатпарлы тарихындағы осы бедер басты назарда тұрды. Басылым мерейтойының басқа орында емес, Ұлттық кітапханада өткізілуінің өзіндік себебі бар. 100 жылдық жылнаманың көздің қарашығындай сақталған орны да, тарихының сканерден өткізіліп, цифрлы архивінің жасалған жері де осы қасиетті оқу ордасы. Кітапханаға келген қонақтар конференция басталмас бұрын «100 жыл – 100 газет» атты арнайы ұйымдастырылған тақырыптық көрмені тамашалап шықты. 1919 жылдың 17 желтоқсанында 20 жастағы Бернияз Күлеевтің өлеңімен басталып жарық көрген «Ұшқын» газетінің 1-номерінен бастап әр жылдарда «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», «Егеменді Қазақстан», «Егемен Қазақстан» болып бірнеше рет өзгерген көлемі де, қарпі де, көтерген тақырыбы да әр алуан басылымының ескірген тігіндісіне ежіктей үңілген жұрт өзі үшін қызықты ақпарат тауып, сарғайған жылдардан өздерінше сыр танып жатты.
Конференция қатысушыларына деректі фильм көрсетіліп, онда басылымда қызмет атқарған қазақтың ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті тұлғаларының ұлы мұраты мен қиын жылдардағы жанкешті еңбегіне қысқаша шолу жасалып, газет тарихы бүгінгі тыныс-тіршілікпен түйінделді.
Бұдан кейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев сөз алып, мерейтой қуанышына жиылған қауымды республиканың маңдайалды іргелі басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерекесімен құттықтады. «Көрмені тамашалап, естігеніміздей, бүгін «Егеменнің» 29 696 нөмірі жарық көріп отыр екен. Құтты болсын! Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына ұстаған кез келген жан ондағы әрбір ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыбының маңыздылығына кәміл сенеді. Себебі мемлекеттік мүдде мен журналистік мұратты тең ұстайтын басылымның кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес. Сондықтан да тарихы терең, таралымы кең басылымға Елбасымыз Н.Назарбаев «Отанымыздың бас газеті» деп лайықты бағасын берсе, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың күнделікті шолу жасайтын газеттерінің арасында аға басылым көш басында тұр. Бір кезеңде Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Мұхтар Әуезов сияқты Алаш арыстары тізгінін ұстаған басылым күні бүгінге дейін өзінің бағыт-бағдарын мемлекет мүддесіне, ел игілігіне арнап келеді. Саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, спорт пен туризм айдарлары бойынша тың ақпарат, келелі ой таратқан басылым парақтарында жаңашылдық пен дәстүрлі сабақтастық, ұрпақтар жалғастығының ізі сайрап жатыр», деді бас газетті қадағалап оқитынынан хабардар еткен қала әкімі.
Бақытжан Әбдірұлы құттықтап қана қоймай, өзімен бірге басқа да сый-сияпатын ала келгенін айтып, Уақап Қыдырхан, Мамадияр Жақып, Аян Нысаналин секілді басылымның ардагерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Марапаттау рәсімін сахнада жүргізіп тұрған Б.Сағынтаев былтыр сексен жасын атап өткен байырғы тілші Мамадияр Жақыпты төменде тұрып қарсы алып, құттықтап, қолын алғанын көпшілік ұлықтың кішіпейіл мінезіне балап, ризашылығын білдіріп жатты. Әкім сондай-ақ, Сарбас Ақтаев, Нұрлан Оразалин және Дархан Қыдырәліге «Еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды.
Жиынға қатысушыларды құттықтаған «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, бұл тек бір газеттің ғана мерейтойы емес, тұтас қазақ баспасөзінің мерекесі екенін атап өтті. Ол Абайдың кіндік қаны тамған Жидебайдан бастау алған басылым мерейтойының жыл бойы аталып өтіліп, енді Алматыда жалғасын тауып, алдағы күндері Нұр-Сұлтан қаласында түйінделгенге дейін өткізілетін әртүрлі мазмұндағы маңызды шаралар легінің ілкі сәт толастамайтынын айтты. «Біз бұл күнді «Тағзым күні» деп атадық. «Егеменнің» тағдыры да, тарихы да Алматымен тығыз байланысты. Осы газетте маңдай тері сіңіп, еңбек еткен ардагер тілшілер, басылымды шығаруға бел шешіп кірісіп, бүкіл өмірін арнап, дүниеден өткен марқұм қызметкерлердің ұрпақтары бүгін арамызда отыр. Алматы қаласының әкімі Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойы мен Шерхан Мұртазаның жылдық асын беруге және олар маңдайын жарқыратқан газеттің 100 жылдық мерейтойын атап өтуге қол ұшын созып, айырықша құрмет көрсетіп, лайықты ұлықтай алғаны үшін ұжым атынан алғысымызды айтамыз», деп қала әкімінің қолдауына ықыласын білдірген Басқарма төрағасы бірқатар «егемендікті» – Н.Оразалин, С.Ақтаев, М.Жақып, Ө.Айтбаев, У.Қыдырхан, А.Нысаналин, Г.Сәдірқызын төсбелгімен марапаттады.
Сүбелі сөз, көшелі ойдың тиегі ағытылатын жерде зиялылардың бір-бірімен жарыса айтатын тағылымды әрі мазмұны терең жылы естеліктерінің жөні бөлек. Мәселен, бүкіл саналы ғұмырын ана тіліміздің өсіп, өркендеуі жолына арнап, намысы мен абыройы үшін қажыр-қайратын сарп етіп келе жатқан академик Өмірзақ Айтбаевтың алғашқы еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінен бастап, 1957 жылдан 1961 жылға дейін осы басылымда тілшілік қызмет атқарғаны біраз жұртқа тосын дерек болды. Ал 1993-1996 жылдар аралығында газет тізгінін ұстаған ақын Нұрлан Оразалин елді тұралатқан тоқыраумен тұспа-тұс келген кезеңдегі қиындықты еске алды. Соның бәрін ұжымдағы үлкен-кішімен бірге жүріп еңсергенін ол бүгінде табандылыққа, жанкештілікке балайтынын жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жүз жылдық тарихымыздың тасқа басылған жылнамасының цифрланғанын үлкен жаңалық ретінде қабылдағанын айтты. Ілгеріректе «Егемен Қазақстанда» еңбек етіп, бүгінде «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы қызметін атқарып отырған Қали Сәрсенбай болса, «журналистік кәсіби мектепті, кісілік мектебін, парасат мектебін ең алғаш осы басылымда жүріп көрдім», дейді. Алматыдағы 747 тарихи ескерткіштің тізімін енді қабырғасына мәрмәр тақта ілінген «Егемен Қазақстанның» ғимараты толықтыра түсетініне сенім білдіріп, аға басылымға мың жасаған Алматының ғұмыр жасын тіледі.
Салтанатты жиын үстінде Ұлттық кітапханамен бірге жүзеге асырылып, сәтті аяқталған ауқымды жоба – 100 жылдық жылнаманың цифрлы нұсқасы жинақталған 5 томдықтың тұсаукесер рәсімі атқарылды. Жаңа кітаптың лентасын Алматы әкімі Б.Сағынтаев, белгілі қаламгерлер Н.Оразалин, Б.Нұржекеұлы қиды. Басылым басшысы жинақтың сүйінші данасын Ұлттық кітапхана мен қала әкімдігіне тарту етті.
Алматы қаласы әкімдігінің басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, баспасөз өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысқан жиында дәстүрлі ән өнерінің шеберлері Ерлан Төлеутай мен Саят Нұрғазин ән шырқап, М.Әуезов атындағы драма театрының әртісі Жанат Тыныбаев М.Дулатовтың «Елім-ай» өлеңін оқып, көңіл толқытты. «Өскен ел тарихын тасқа жазады» демей ме, технологиясы дамыған жаңа ғасырдағы тас – мақсаты айқын, ұстанымы берік, қызметін халыққа арнаған тағылымды басылым екенімен ешкім де таласа алмайды. Құндылықтар алмасып, саясат желі қалай ұйытқып соқса да, тура жолынан таймаған еліміздің әрбір азаматына етене таныс «Егемен» елдікті мұрат тұтқан мақсатынан ешқашан айнымақ емес.
Дайындағандар
Айнаш ЕСАЛЫ,
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ