Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Қазақстан этностары: еліміздің дамуына қосқан үлестері. Біз біргеміз» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференция жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының, Мемлекет тарихы институтының, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының өкілдері, сондай-ақ тарих ғылымы және этнология, этносаралық қатынастар, саяси зерттеулер саласының жетекші мамандары, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
– Қазақ халқы қай заманда болсын елдік, бірлік, татулық қағидаттарын ұстанып келеді. Бүгінде ол Қазақстанның басты бағдарын танытатын, тәуелсіздіктің берік іргетасын аңғартатын қағидалардың бірі. Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу – этнос өкілдері арасындағы келісімге негізделген. Бұл мәселеде Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын. Қазақ елі өз тағдыры тауқыметке толы болған кезде де өзгені өзегінен тепкен жоқ. Елбасы Н.Назарбаев елдегі этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөліп отыр, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.
Қазақстан аумағында ғұмыр кешіп, еңбек еткен, жауһар туындыларды жарыққа шығарған еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің өмірі мен қызметі жыл көлемінде жан-жақты зерттелді. Есімі ел есінде сақталған көрнекті тұлғалардың қай-қайсысы болсын, Отанымыздың тарихы мен мәдениетіне зор үлес қосқаны белгілі. Сондықтан қайраткерлердің өмірі мен тарихын дәріптеу – аса маңызды. Осы мақсатта Қазақстанның әр аймағында зерттеу жұмыстары жүргізілді. ХІХ-ХХІ ғасырлардағы тарихи оқиғалар, мұрағат деректері, шетелдік дереккөздер зерделенді. Ұлы дала төсіндегі мәдениеттің дамуына еңбегі сіңген аты әйгілі тұлғалар, педагогтар, ғалымдар, ақын-жазушылар, қылқалам шеберлері, фотосуретшілер хақында түрлі мәліметтер жиналды.
– Іс-шараның осы тақырыпқа арналуы кездейсоқ емес. Өздеріңізге белгілі, сын сағаттарда қазақ жеріне келген көптеген ұлт өкілдері біздің халқымыздың қамқорлығы мен мейіріміне бөленді. Өз кезегінде, олар да еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әлі де қосып келеді. Жасыратыны жоқ, егемендік алған соң кейбір посткеңестік елдер дұрыс этносаралық саясат жүргізбеу салдарынан білікті мамандарын жоғалтып, даму қарқыны ондаған жылдарға шегерілді. Осы тұста көпэтносты, көпконфессиялы біздің еліміздің ертеңі туралы әртүрлі күмәнді болжамдар айтылды. Алайда Елбасы Н.Назарбаев көреген этносаралық саясат жүргізді. Әлемде теңдесі жоқ орган – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осылайша – біздер әр алуандығымызды артықшылығымызға айналдырдық, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Әуелі ел дамуына елеулі үлес қосқан 538 тұлға зерттеу нысаны ретінде таңдап алынған еді. Кейін ғалымдар әңгімелесу алаңдарын ұйымдастырып, сол 538-дің арасынан есімі ең жарқын деген 50 тұлға тұрғысында «Қазақстан этностары: тұлға, тарих, естелік» атты кітап жарық көрді. Сондай-ақ тарихи тұлғалар жайлы үнемі жаңартылып отыратын электронды мәліметтер базасы да қолға алынды.
Конференция барысында «Рухани жаңғыру» Қазақстандық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Мемлекет тарихы институты арасында меморандумға қол қойылды.