• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Қараша, 2019

Паралимпиадалық нысанды аралады

274 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов Ұлттық Паралимпиадалық оқу орталығына барды.

Вице-премьер мен қала басшысы Ұлттық Паралимпиада комитеті мен Паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысы­мен танысты. Олар орталықтың жаттығу залын, волейбол, үстел теннисі, жекпе-жек алаңдарын аралап, спортшыларды жат­тықтыруға арналған жаңа құрал-жабдықтарды көріп шықты.

Қазақстандағы алғашқы Паралимпиадалық орталық – бұл ұлттық құрамаларды сапалы және кәсіби даярлауға арналған бірегей ғимарат. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қажет барлық нәрсе бар: спортпен шұғылдануға арналған жабдықтар, арнайы спорт залдары, дәрігерлер, массажистер, пандустар, үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) сәлемдесу, тактильді жабын тақтайшалары, кіреберіс есіктерін автоматты түрде ашатын және жабатын батырма және басқалар.

Орталықта күніне 780 адам­ға дейін спортпен тегін шұ­ғыл­дануға мүмкіндік қарас­тырылған.

Қазақстандық спортшылар бүгінге дейін алты жазғы, жеті қысқы Паралимпия ойын­дарына қатысқан. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасында екі алтын, бір күміс жүлде бар. 2016 жылы Бразилия астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Паралимпиадада 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Зүлфия Ғабидуллина чемпион атанып, тарихи алтын жүлдеге қол жеткізген еді. Яғни ел қор­жы­нына тұңғыш медаль салған бо­латын. 2018 жылы Пхенч­хан­дағы (Оңтүстік Корея) Па­ра­лим­пиадада шаңғышы Александр Колядин Қазақстан құра­ма­сы­на екінші алтын медальды әперді. Сондай-ақ Риодағы жаз­ғы Паралимпиадада Раушан Қойшыбаева пара пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 кило салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленген-ді.

Енді қазақстандық паралимпиадашылар 2020 жылы Жапо­нияның бас шаһары – Токиода өтетін жазғы Паралимпиадаға дайындалуда. 25 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін додада спортшылар спорттың 22 түрінен бақ сынайды.

Қазіргі таңда ел қоржынында Токио Паралимпиадасына екі жолдама бар. Жаз мезгі­лінде елордада пара пауэрлиф­тинг­тен әлем чемпионаты ұйымдас­тырылып, Паралим­пиада жолдамасы таратылған болатын. Елімізде өткен әлем­дік сында отандастары­мыз Давид Дегтярев пен Раушан Қойшыбаева Токио Паралимпиадасына жолдама жеңіп алған-ды.