Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Премьер-лигасының 2019 жылғы маусымының қорытындысы бойынша ең үздік футболшылар марапатталды.
Хорватиялық легионер, «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов биылғы ел чемпионатының теңдессіз ойыншысы деп танылса, Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген өрендер арасында «Қайраттың» сайыпқыраны Бауыржан Исламханмен иық теңестірер ешкім табылмады. Өзге аталымдар бойынша мына футболшылар үздік шықты: қақпашы – Дмитрий Непогодов («Ордабасы»), қорғаушы – Дмитрий Шомко («Астана»), жартылай қорғаушы – Бауыржан Исламхан («Қайрат»), шабуылшы – Абат Айымбетов («Ақтөбе») және бас бапкер – Стойче Младенов («Қайсар»).
Сондай-ақ футболдан Қазақстан біріншілігі бірінші және екінші лигасының, әйелдер мен жағажай футболының және футзалдан өткен сайыстардың үздіктері де түрлі сыйлықтарға ие болды.