Отбасы құндылықтары бүгінде әлеуметтік-тұрмыстық жайттардың тасасында қалып барады. Бүтіндей бір отбасының жүгін арқалайтын бірқатар ер азаматтардың да, жан жылуымен балаларын ұйытып отыруға тиісті кейбір аналардың да өз міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген шаңырақтан береке кете бастады. Мамандар оның себептерін отбасы мәдениетінің төмендігімен түсіндірсе, еліміздегі ажырасу көрсеткіштерінің жылдан-жылға ұлғаюы салдарынан балалар құқығы назардан тыс қалуда.
Бүгінде бала, ата-ана, отбасы құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясат жетілдіруді қажет етіп отыр. Деректер бойынша, әлем елдерінің ішінде ажырасу көрсеткіші жағынан Қазақстан алдыңғы орындарда тұр. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдықта елімізде 63 917 неке тіркелсе, ажырасқан отбасылар 29 073-ті құрап, 45,5 пайызға жеткен.
Қоғамдағы осы бір келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында биыл маусым айынан бастап өңірлерде Жоғары сот бастамасымен және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен отбасы соттары жанында «Бақытты отбасы» атты ресурстық қолдау орталықтары ашылған болатын.
Ресурстық қолдау орталығы қанатқақты жобасының қорытындысын талқылауға сот жүйесі мамандары және ҮЕҰ өкілдері жиналып, өңірлердегі ахуалға байланысты ұсыныстарын ортаға салды.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ мемлекеттік гранты негізінде осы жобаны жүзеге асырған «Дағдарысты орталық одағы» ЗТБ басқарма төрайымы Зульфия Байсақованың айтуынша, жасөспірімдерді қорғауға байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу уақыт күттірмейді. Себебі ажырасу барысында тараптардың бір-біріне деген реніші балаларды келеңсіз жайттарға куә болуға мәжбүрлеп отыр. Ондай жағдайларда бала жалтақтап, әбігерге түседі. Ажырасу жағдайында балалар ата-анасының жауапкершілігі бірдей екенін түсінуі тиіс. Зульфия Байсақова мұнымен қоса отбасын сақтап қалу мақсатында дағдарысты ресурсты орталықтар қызметі сот жүйесінен қашықтықта жүзеге асқаны дұрыс деп біледі. Яғни, Азаматтық хал-актілерді тіркеу орны некені заңдастырып қана қоймай, отбасылық өмірге қатысты терең мағұлматтар беретін орталыққа айналса игі. Ондай орталықтар АХАТ жанында жекелеген институт ретінде отбасы мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуі қажет.
Жоба аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Атырау, Өскемен, Тараз, Петропавл және Қостанай сияқты еліміздің 8 қаласында 12 орталық пен 4 кабинет жұмыс істеді. Онда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар отбасын құру мен ажырасуға жол бермеу бағытында кеңестер берген болатын. «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасының сарапшысы Эльвира Ватлина атап өткендей, ресурсты орталықтарға өтініш берген 2030 отбасы мүшелерінің 774-і татуласуға дайын екендіктерін білдірген. Алайда, шаңырақ көтергендеріне 1-2 жыл болған жас отбасылар баласының бар екендігіне қарамастан, ажырасуға жылдам шешім қабылдаған. Ал үйленгендеріне 5-10 жыл болған отбасыларға үшінші жақтың ықпалы, бала көтермеу, тұрмыстық қиындықтар, ер адамның қол көтеруі сияқты себептер ықпал еткен. Ажырасуға көп жағдайда әйелдер бастамашы болса, деректер бойынша өтініш бергендердің 1397-сі әйелдер, ал 268-ін ер адамдар құрайды. Ал шағым түсірген 1602 отбасында түгелдей балалары өсіп келеді.
Жамбыл облыстық сотының судьясы, отбасы соты қанатқақты жобасының үйлестірушісі Г.Асылбек республика бойынша ажырасу көрсеткіштері жоғары екенін алға тарта отырып, соттар тәжірибесіндегі көрсеткіштерге тоқталды. Ал қанатқақты жоба жүзеге асқан мерзімде ажырасуға өтініш бергендердің 20-30 пайызы татуласуға келісім беріп, 25 пайызы ажырасудан бас тартқан. Ажырасу шағымдары бұрын соттарда қаралғанмен, оның себеп-салдары көп жағдайда ескеріле бермейтін. Қазіргі кезде кәсіби мамандар өзара ықпалдастық, меморандумдар аясында жұмыс істеп жатса, алдағы уақытта білікті мамандар штатын құруға облыстық әкімдіктер атсалысуы қажет, дейді маман.
Қостанай облысы бойынша ресурстық орталықтың үйлестірушісі Н.Касюк республика бойынша ажырасу көрсеткіштері жоғары аймақтардың бірі ретінде аймақта 2019 жылы 8 айда 65 пайыз болса, тіптен жергілікті тұрғындар тұратын, туу көрсеткіші жоғары саналатын Амангелді, Жангелді аудандарында ажырасу көрсеткіші 40 пайызға жеткенін атап өтті. 2018 жылы облыс бойынша 55 пайыз болса, аталған аудандарда 14 пайызды құраған. Оның себептері көп жағдайда АӘК алумен байланысты болған. Маманның айтуынша, тұрмыстық жағдайлардың қиындығы ажырасуға себепші негізгі мәселенің бірі. Мұндай кереғар жайттар өңірдің дамуына да кері әсерін тигізеді. Өңірдегі қыстың ұзақ мерзімге созылуы шаруашылықтарда белсенді іс-қимылды қажет етеді. Ал шаңырақтар шайқалса, тірліктен де береке кетеді. Сондықтан отбасы жауапкершілігін арттыру жұмыстарын жетілдіру қажет, деді Н.Касюк.
Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы ресурстық орталық жетекшісі Н.Ахметқалиеваның айтуынша, жоба уақыттың тығыз болғанына қарамастан, нәтижелі болды. «Біз алғашқылардың бірі болып азаматтарды қабылдау орындарын соттардан қашық, бақылау, тексеру аумақтарынан тыс жерлерде өткізуді ұсынған болатынбыз. Соттармен бірлескен жұмыс барысында, әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде орталыққа ер адамдар да келе бастады. Көп жағдайда ажырасуға бастамашы болатын әйелдер екені анықталды. Ал жоба басталған маусым айында ажырасу көрсеткіші 60 пайыз болса, қазіргі кезде 49 пайызға төмендеді» дейді маман.
Түркістан облысы бойынша көп балалы аналар бірлестігінің басшысы Б.Ордабаева отбасылық өмірге ер баланы да, қызды да дайындау жауапкершілігі назардан тыс қалып бара жатқанын айтады. Балаға тиісті білім беру, еліне лайықты азамат етіп тәрбиелеу әрбір отбасының жауапты міндеті десек, бүгінде демографиялық көрсеткіші жоғары қазақы өңірдегі ажырасу көрсеткіштері алаңдаушылық туғызады. Мысалы, 2019 жылы некелесуге 10 мыңнан астам өтініш келіп түссе, 2500 ажырасу фактілері тіркелген.
Атырау облысы отбасылық соты жанындағы ресурстық орталық жетекшісі А.Тахиталиева атап өткендей, ағымдағы жылдың 9 айында орталыққа 1515 шағым келіп түскен. Ал ресурсты орталықтың белсенді жұмысының нәтижесінде ажырасу райынан қайтып, татуласып жатқан отбасылар бар екені қуантады. Аймақ мамандарын жас отбасылардың жауапкершілікті сезінбеуі, ал ересектердің өмірлік мәселелерді қабылдауда жеңілтектікке салынатыны алаңдатып отыр.
Осы қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан қанатқақты жоба көптеген отбасылардың қайта табысуына ықпал етті. Тұрмыс тауқыметінің тасасында қалған құндылықтарды дәріптеуде, отбасы мүшелерінің жауапкершілігін түсіндіруде қоғамдық ұйымдар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ кәсіби мамандардың кеңесіне зәру болып отырған шалғайдағы ауылдар қаншама? Осы орайда мамандар мемлекеттің азаматтық қоғаммен белсенді жұмысы жалғасын табуы тиіс деген тұжырымға келіп отыр.
АЛМАТЫ