Біз бизнес дамыған сайын оның сенімге арқа тірейтінін байқаймыз. Өйткені тұтынушы кімге сенсе, соның бизнесі ғана табысты жүрмек. Ал сенімді ақшаға сатып ала алмайсың. Оған ие болу үшін ұзақ уақыт пен толассыз күш жігер және қатаң тәртіп қажет.
Бизнес пен кәсіпкерлік тарихы бізге қарағанда әлдеқайда ертерек басталатын көршімізде «көпес сөзі», «көпес уәдесі» деген қалыптасқан сөз тіркестері бар. Түптеп келгендегі мағынасы «көпестің берген уәдесі алтыннан да қымбат» деген ұғымды білдіреді. Орыс халқының кейбір өкілдері, соның ішінде журналистер жағы осы қалыптасқан сөз тіркесін негізге ала отырып, өз елінің кәсіпкерлік тарихын мақтаныш етіп жатады. Кезіндегі көпестердің ауызша берген уәделеріне берік болғандықтарын қазіргі кәсіпкерлеріне үлгі етіп, солардай болуға үндейді.
Ал байыбына үңілсек, мұның мақтаныш қылатын түгі де жоқ. Өйткені бұл солай болуы тиісті дүние. Басқаша болуы мүмкін де емес. Мұны бір жағынан алғанда орыс халқы көпестерінің пайда болу тарихынан-ақ байқауға болады.
Орыс көпестері қайдан шыққан? Олар Ресейдегі крепостнойлық право жойылған соң немесе соның қарсаңында бастарына азаттықты қожайындарынан сатып алған іс жүргізуге тума қабілеті бар крестьяндардың ортасынан шыққан. Көпшілігі сауаттары жетпегендіктен сауда-саттық жөнінде белгілі бір мәміле жасаған кезде оны қағазға хаттамай-ақ ауызша уәде беріп, сөз байласумен шектелген. Ісін дұрыс жолға қойып, байыған көпестер бірте-бірте саудадағы уәденің құны өте қымбат тұратынын, алдап кетумен алысқа бара алмайтынын ұққан. Сондықтан уәделеріне берік болуға тырысқан.
Енді өз еліміздегі әлі балаң кезеңдегі бизнестің ширек ғасырлық қысқаша даму тарихын шолып өтсек те сенімнің капиталға айналуының жанды мысалдарын көптеп кездестіре аламыз. Мысалға құрылыс саласын алайық.
Салынатын тұрғын үйге «үлескер» ретінде қатысып, алдын ала ақша қосу арқылы пәтер алу мүмкіндігі пайда болған кезде жұрттың көбі осы мүмкіндікті қолайлы көріп, құрылыс компанияларын қолдады. Бұл істің бастауында «Үлескерлік құрылыс туралы» заң да бола қойған жоқ еді. Сондықтан құрылыс компаниясы мен үлескерді байланыстырып тұрған дүние олардың бір-біріне деген сенімі мен осыны қағаз жүзінде бекіткен екі жақты жасалған келісімшарты еді. Бұған екінші деңгейлі банктер тарапынан үлескерлер үшін ипотекалық несие желісінің ашылуы үлкен қолдау болды. Сөйтіп үлескерлік құрылыс әп дегеннен-ақ қайнап жүре берді. Осындай жағдайда, өкінішке қарай, үлескерлер сеніміне селкеу түсіретін келеңсіз құбылыстар да көрініс бермей қалған жоқ. Жаңа құрылыстан пәтер беремін деп уәде беріп, артынан сол уәдесінде тұрмай үлескерлер ақшасын жинап алып қашып кеткен құрылыс компанияларының басшылары да кездесіп жатты. Бұл енді ғана қарқын алған тұрғын үй құрылысы саласын жөргегінде тұншықтыратын қатерлі құбылыс еді. Сондықтан мемлекет дереу іске кірісіп, «Үлескерлік құрылыс туралы» заң қабылдап, мәселені реттеді. Құрылыс компаниясы басшыларын жауапкершілікке шақырды. Алаяқтыққа алданып қалған үлескерлердің үйін қаржы салып, бітіріп те берді.
Дегенмен осы оқиғадан бір тіксініп қалған халық енді барынша сақтықпен әрекет ететін болды. Міне, сондықтан да дәл қазіргі сәтте халық арасында сенімділігімен кеңінен танымал болған компаниялардың жұлдызы жанып тұр деп айтуға әбден болады. Даму стратегиясын дұрыс белгілеп, бірінші кезекте үлескерлер сеніміне арқа тіреген, келісімшартында мойындарына алған міндеттемелеріне адал қарап, тұрғын үйдің салыну мерзімін кешіктірмейтін, тұрғын үй құрылысы саласында жаңа технологияларды жылдамдықпен енгізіп, сапа мәселесіне баса назар аударатын компанияның халық арасында беделі жоғары. Сондықтан олардың үйлері басқа компаниялардан қымбаттау болса да, халық бірінші кезекте сол компанияны таңдайды. Себебі оған сенеді. Бұл сенім компания қоржынына капитал болып құйылуда.
Осындай жанды мысалдарға сүйене келе Үкіметке «Бизнестегі сенім рейтингін» жүргізуді ұсынуға болады. Өйткені қазіргі кездегі ең табысты кәсіпкерлер – тұтынушылар сенімінен шыға білген кәсіпкерлер.