Nur Otan партиясының Құқықтық кеңес мүшелері педагог мәртебесін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Кеңейтілген отырысқа жетекші партияның басшылары, ұстаздар қауымы мен уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде 2000-ға жуық жаңа мектеп және 900 балабақша ашылғанын атап өтті.
Апатты жағдайдағы мектептер саны соңғы 5 жылда 4 есеге азайды. Мұғалімдердің жалақысы 1997 жылдан бері 17 есеге өскен. Елбасының тапсырмасымен әрбір қазақстандық отбасыға қатысы бар «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленді.
«Қазір білім беру саласында жарты миллионнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Олардың 81%-ы әйелдер. Тамыз конференциясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мұғалім мәртебесі биік деңгейге көтерілу керек деп атап өтті. Жыл сайын дипломды мамандардың саны артқанымен, педагогтарға деген сұраныс азаймай отыр. Педагог мамандардың 35%-ы басқа салаға кетіп қалады. Білікті мұғалімдерді мектептерге, әсіресе ауылдық жерлерге тарту механизмі мардымды жұмыс істемей тұр. Бұл шешуге тиісті мәселелердің бір бөлігі ғана», деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу үшін ғалымдар, мұғалімдер, заңгерлер, депутаттар және білім саласы кәсіподақтарының өкілдерінен құралған жұмыс тобы жасақталған. Жыл бойы елімізде көптеген кездесу өткізілді, 8600-ден аса ұсыныс түсті.
«Партия мүшелерінің 30%-ы – педагогтар, сондықтан Nur Otan заң жобасының әзірлену барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Педагог құқығын кеңейту және оның әлеуметтік мәртебесін жақсарту мәселесі бар. Әңгіме, бәрінен бұрын, мұғалімдерді материалдық тұрғыдан және басқа да ынталандыру жағдайларын туғызу, қажетсіз тексерулерден арылтып, шығармашыл және нәтижелі жұмыс істеуге жағдай жасау туралы болып отыр. Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан заң жобасы бойынша таяу 5 жылда жалақыны өсіру, ұстаздық шеберлік пен сынып жетекшілігі үшін үстемеақы қосу, еңбек демалысы мен басқа да ынталандыруларды қамтитын 5,2 триллион теңге бөлінеді деп мөлшерленуде. Мұның барлығы Елбасы мен Президент саясатының сабақтастығының нәтижесі», деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясы депутаттарының және жұмыс тобының заң жобасын талқылау қорытындысы бойынша қосымша ұсыныстар енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ оқу жүктемесін 16 сағатқа төмендету, жер телімдерін бөлу және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» дәрежесіне ие болғандарға бір жолғы 2000 АЕК көлеміндегі төлем төлеу және Президенттік олимпиадалар, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін дайындағандары үшін 3 айлық жалақы беру туралы ұсыныс айтылды.
Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа заң жобасында педагог құқығын қорғау турасындағы 10 жаңа ұстаным қарастырылғанын хабарлады. Мұғалімдердің сапалық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі барларға 10 АЕК көлемінде үстеме, балабақшаларда ең алдымен орын бөлу және басқа да әлеуметтік көмектер қарастырылмақ.
Отырыс барысында Шымкенттегі №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьёва өз ойын жеткізді.
«Мен қарапайым мектеп мұғалімімін. Ата-аналардың бізден нені күтетінін білемін. Кез келген ата-ана оның баласына түсіністікпен қарап, жақсы көргенімізді қалайды. Қоғам мұғалімдердің есеп берумен айналыспай, балаларға дұрыс мән бергенін жақсы көреді. Мұғалімдерді олимпиадада орын алған оқушылары үшін марапаттау жайына келсек, «Дарын», НЗМ сияқты дарынды балалар оқитын мектептердің бар екенін ескере кеткен жөн. Ал менің жай мектебімнің өзінде 143 жеңімпазым бар. Мақтанайын деп тұрған жоқпын, бірақ осыларды дәрежелерге бөлу керек сияқты. Кімнің оқушысы жүйелі түрде жеңімпаз болып жүрсе, соларды марапаттау керек», деді ол.
Бауыржан Байбек мұғалімнің ұсынысын қолдады. Оның айтуы бойынша, осы тектес мектептердің арасында саралауды енгізу қажет.