15-17 қараша күндері Таразда еркін күрестен Дінмұхамед Қонаевты еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтеді. 12-ші рет ұйымдастырылған балуандар бәсекесіне елімізден және шетелден үздік спортшылар қатысады деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Дінмұхаммед Қонаев мемориалы елімізде 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. 2012 жылдан бері турнир халықаралық деңгейде ұйымдастырыла бастады. Әр жылдары Қонаев турнирінде жеңімпаз атанған спортшылар қатарында әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарының жүлдегерлері бар.
Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Әсет Иманбековтің айтуынша, жарысқа Қазақстан командасы толық құраммен қатысады. Тек құрама көшбасшысы саналатын төрт спортшы жарақатына байланысты бозкілемге шықпайды. Олар – Нұрислам Санаев, Данияр Қайсанов, Нұрғожа Қайпанов және Әлішер Ерғали.
Жарыста Ресей, Болгария, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан балуандары бақ сынайды.