Алматы қаласындағы жолаушылар тасымалын жетілдіру мақсатында кешенді шаралар қолға алынып келеді. Осы бағытта Falcon EuroBus компаниясының қазақ-неміс әріптестерімен бірлесе қолданысқа енгізген электроавтобустар тізбегін атап өтуге болады.
Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов «№1 Аlmaty Еlektroavtobys parki» ЖШС кәсіпорнын құттықтап, жолаушы тасымалдау жүйесінде бәсекелестікке лайықты еуропалық өнімдерді пайдаланудың әлеуетіне тоқталып өтті. Ерлан Әділовтың айтуынша, жаңа технологияларды жолаушы тасымалы жүйесіне енгізуде алматылықтардың діттеген жеріне жайлы әрі уақытында жетуі ескерілген. Сонымен қатар қаланың инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге, «ақылды қалалар» қатарына қосылуға мүмкіндік береді.
«№1 Аlmaty Еlektroavtobys parki» ЖШС бас директоры Петр Смехович жаңа үлгідегі электроавтобустардың жұмысын ұйымдастыруда арнайы автопарк құрылғандығын жеткізді. Заманауи техникалық мүмкіндігі бар автопарктің диспетчерлік орталығы автокөліктердің жұмысын тәулік бойы қадағалап отырады. Жаңа бағытқа білікті мамандар тартылып, автобус жүргізушілері арнайы оқу тәжірибесінен өткен. Автобустарды құрастыру барысында экологиялық қауіпсіздік стандарттары басшылыққа алынған. FALCON M.ADI маркалы электрокөліктердің ерекшелігі едені төмен орналасқан. Жолаушылардың, әсіресе балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың түсіп-шығуына қолайлы. Салон заманауи навигациялық қондырғылармен жабдықталған. Көлікке тән құрылғылардан бөлек смартфондар мен гаджеттерді зарядтауға арналған USB нүктелері, бақылау камералары бар. Бұл көліктер қоршаған орта үшін де залалсыз болып табылады әрі дыбыссыз қозғалады. Заманауи көліктер инвесторлар мен автопарк қаражаты есебінен жүзеге асып отыр.
Экоавтобустар №206 бағытымен Төле би көшесінің бойымен жүріп өтіп, Йассауи көшесіне, одан кейін Шығыс айналма жолға дейін барады. Ұзындығы 10 шақырымнан асатын көше қаладағы жолаушылар көп жүретін ең ірі бағыттың бірі саналады. Бағытты енгізуде көшенің стандартқа сай өлшемдері де ескерілген.