«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы бойынша ілеспе мұнай газын кәдеге жарату деңгейі 2018 жылы 93%-ға жетті. Бұл компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды компанияның Жұртшылықпен байланыс департаменті.
Мұндай деректер ҚМГ-нің 2018 жылғы Орнықты даму туралы есебінде келтіріледі. Құжатта ұлттық компанияның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы қызметі туралы ақпарат берілген.
Есепке сәйкес, газды жағу көрсеткіші өндірілген көмірсутек шикізатының 1000 тоннасына 6 тонна деңгейіне сәйкес келеді. Бұл Мұнай және газ өндірушілерінің халықаралық қауымдастығының орташа әлемдік көрсеткішінен 50%-ға төмен (орташа көрсеткіш – 12,1). Мұндай көрсеткішке қол жеткізу Прорва кен орындары тобында газды кешенді өңдеу қондырғысын орнатудың арқасында мүмкін болды. Нәтижесінде Прорва кен орындарындағы қондырғының іске қосылуына байланысты алаудан шығатын парниктік газдардың тікелей көлемі 80%-ға азайып, 41,5 мың тоннаны құрады (2017 жылы 211,6 мың тоннаны құраған). 2030 жылға дейін ҚМГ компаниялар тобы тұрақты ІМГ алаулатып жағу практикасын толық тоқтатуды жоспарлап отыр.
Компания жыл сайын кәдеге жаратудың жаңа нысандарын салады, өндірістерді қайта жаңартады, құбырлар мен инфрақұрылым құрылысына инвестициялар салады. Мысалы, пайдалануға берілген Ақтөбе облысындағы Қожасай кен орнында газды кешенді өңдеу қондырғысы алауларда газды жағу мөлшерін 173 млн м3-ден 50 млн м3-ге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, компания қоршаған ортаны қорғауға қажетті ресурстарды бөледі, атап айтқанда нормативтік эмиссиялар үшін салық төлеуді, табиғатты қорғау іс-шараларына, сақтандыруға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өтемақы іс-шараларына, қоршаған ортаға әсерді болдырмауға арналған инвестицияларға және т.б. қамтитын экологиялық шығындарды өтейді.