• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2019

Қазақ жерінде туған бала қамқорсыз қалмауы керек

451 рет
көрсетілді

«Балалар үйі» деген мекемедегі кеңестік қамқорлықтың жетім бөбектерге қандай болғанын бәріміз білеміз. Оларды үкімет күтіп, бақса да бәрібір ананың қамқорлығындай жылылық бере алған жоқ. Сондықтан қатігез, рақымсыз балалардың өсіп шыққанын жасыруға болмайды.

Некесіз туған балалардың ешкімнің алдында жазығы жоқ, олардың да бақытты болуға толық қақы бар. Ешкімнің алдында олардың ешқандай жазығы жоқ. Сондықтан қазақтың қалталы азаматтары осындай бөбектерге және олардың қиын жағдайда тап болған аналарына қамқорлық жасауды 2013 жылдан бері қолға алған еді. Оның бастаушысы «BI-Group» холдингінің басқарушысы Айдын Рахымбаев. Оның бастамасын қолдаған қалталы азаматтар еліміздің барлық облыс орталықтарында қиыншылыққа ұшырап, аяғы ауырлап қалған отызға толмаған қыздарға қамқорлық орталықтарын құрды. Мұнда жас келіншектер баласын туған соң олармен бір жарым, екі жылдай тұрып, бөпесін өсіруге мүмкіндік алады. Сөйтіп олар тоғыз ай, он күн көтерген шаранасын тастамайды. Аналық сезімдері оянған соң бөбектерінен бас тартпайды.

Петропавл мен Қостанайдағы осындай «Аналар үйін» Айдын Рахымбаевтың бастамасын қолдаған Дәурен Жақсыбек қаржыландыруда. Ол бастаманы алғашқы болып қолдаған азаматтардың бірі. Біз осы үйге ат басын тіреп, ондағы тыныс-тіршілікті өз көзімізбен көрдік. Үйдің қызметін басқарушы Меруерт Көшімбаева қарындасымыз екен. Мұнда келіншектерге психологиялық және медициналық жәрдем, құжаттарын қалпына келтіру мен төлемақыларын ресімдеуге көмек беріліп, білім және жұмысқа орналасуға ықпал етіледі екен.

Тап-тұйнақтай, екі қабатты коттедж ғимаратқа орналасқан «Аналар үйі» қатып қалған мемлекеттік мекеме емес, кәдімгі үйдің жылылығын сездіріп тұр. Бөбектер де жылап, үйді азан-қазан қылып жатқан жоқ, бәрі де тып-тыныш тыныстап жатыр. Осы үйде оншақты бөбек бар десең ешкім сенбестей.

Біз сөйлескен Әсемгүл деген қыз Өзбекстаннан көшіп келген отбысыдан екен. Жергілікті жердің бір жігітімен көңіл қосқан, алайда, айтуына қарағанда, ол қызды тек уақытша пайдалануды ғана ойлап, аяғы ауырлап қалғанын білген соң ғайып болған... Енді үлбіреген жас қыз ана атанып, осы мекемеден жылы ұя тапқан. «Осында тігіншілік курста оқып-үйренудемін. Сертификат алған соң жұмысқа тұрып, сәбиімді балабақшаға орналастырамын ғой» деді ол бізбен әңгімелескенде.

Барлығы оншақты қыздың үшеуі қазақ екен. Осында оқуға келіп, аяғы ауырлап, бала туып қалған бір қызды намыстанған әке-шешесі көргісі келмегенімен әжесі алып кетіпті. Қалған қыздар осында тіршілік кешіп жатыр.

Әрине, некесіз бала тууға болмайды. Алайда алданған қыздарды да арамыздан аластау дұрыс емес. Сондықтан оларға жасалған жақсылықтың да сауабы бар шығар.

ПЕТРОПАВЛ