Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы жүктеген міндеттердің жүзе асуы жолдарын түсіндіру мақсатында Алматы облысына Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет делегациясы келді.
Облыс орталығында және Көксу ауданында тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралаған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевқа жұртшылық тарапынан толғақты мәселелер айтылып, алаңдатқан сұрақтар қойылды. Мәселен, өңір тұрғындарын атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа жүйесі, міндетті медициналық сақтандыру жарнасы, дәрі-дәрмекпен қамтылуы, қоғамдық тәртіп, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен шешімін табатын мәселелер толғандырады екен. Вице-премьер айтылған жайларға орай түсінік беріп, осы орайда атқарылып жатқан бірқатар шараны атап өтті.
– Мемлекет халық алдындағы міндеттерін толығымен орындап келеді. Жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы уақтылы төленуде. Халықтың даму көрсеткіші 4 пайызға өсіп отыр. Жылдан-жылға әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі де артуда. Көп балалы отбасына қолдау көрсетіп, атаулы әлеуметтік көмек беру мақсатында 257 млрд теңге қаржы бөлінді. Несиелердің айыппұлдарын өтеу үшін де 147 млрд теңге қарастырылды. Заман талабына сай маман даярлау да өзекті мәселе. Бізде 132 жоғары оқу орны бар. Бұл 18 миллион тұрғыны бар халық үшін өте көп. Сондықтан да сапасыз білім беретін бірқатар жоғары оқу орнын жабу жайын қарастырып жатырмыз. Ал денсаулық сақтау саласына келер болсақ, медицинаны дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама дайындадық. Осыған орай әрбір елді мекенде медициналық бөлімше болу керек. Бүгінгі таңда 5000 дәрігер жетіспейді. Осы сынды мәселелерді толығымен шешіп, 5 жылда барлық елді мекенді дәрігерлермен қамтамасыз етпекпіз. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға дейін 75 жасқа жеткізу де нысаналы ісіміздің бір парасы. Сондай-ақ тұрғындарды сапалы, бағасы төмен дәрі-дәрмекпен қамту да өзекті мәселе. Осы орайда барлық дәріханадағы дәрілердің құны бірдей болуын және бағаның негізсіз өспеуін қамтамасыз етпекпіз. Тәртіп бұзушылық, жастардың өз өзіне қол салуы сынды өрескел істердің орын алмауы үшін әр қалада Талдықорғандағыдай спорт кешендері болуы керек. Бұл тұрғыда мектептің спорт залдарын демалыс күні жалға беруге мүмкіндік жасалуда. Ол арқылы мектеп өзіне қаржы тапса, көпшілік спортпен айналысып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады. Мұнан бөлек, халықты еңбекпен қамтамасыз етуде жұмыспен қамту орталықтарына жаңаша талап қойылуда. Ендігі ретте орталық мамандары бос жұмыс орындарын күтіп отыра бермей, ірі кәсіпорын, кәсіп иелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, бос жұмыс орындарын анықтайтын болады, – деді жұршылықпен кездесу барысында Бердібек Сапарбаев.
Сапар аясында Үкімет басшысының орынбасары Талдықорған қаласында тұратын көп балалы Қалабаевтар отбасына бас сұғып, әулеттің жағдайымен танысты. Өңірдегі көп балалы аналарға жасалып отырған қамқорлық жайына тоқталған облыс әкімі Амандық Баталов қонақтарды қала маңында салынып, қолданысқа беріліп жатқан коттедж қалашығын да аралап көруге шақырды. Қазір мұнда әлеуметтік бағдарлама бойынша жеңілдікке ие болған 100 отбасы қоныстанған.
Сонымен қатар Үкімет делегациясы Талдықорғандағы Жастар орталығында, №27 жалпы білім беретін мектепте, көпсалалық ауруханада белсенді жастар мен білім беру, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті. Ал Көксу ауданына жасаған сапарында аумақтағы қант өндірісінің дамуына үлес қосып отырған «Көксу» қант зауытының өндірісін көріп, Балпық би кенті мен Мәмбет ауылының тыныс-тіршілігімен танысты.
Алматы облысы