Боливия президенті Эво Моралес елдегі тоқтаусыз көтеріліс нәтижесінде қызметінен кетіп, Мексикада бой тасалап жүр. Ал билік Сенаттағы оппозициялық топтың қолына өтті. Эво Моралес бұл жағдайды төңкеріспен теңестіріп отыр.
Елдегі наразылық биылғы президент сайлауынан кейін өршіген еді. 20 қазанда басталған митингілердің әлі күнге дейін нүктесі қойылмай тұр. Эво Моралес бұған дейін де үш рет сайлауға түскен. 2005, 2009, 2014 жылдары Президент болып сайланған еді. Ал биылғы 20 қазанда өткен сайлауда 47,1 пайыз нәтижемен қарсыласы Карлос Месаны 10,6 үлесімен артта қалдырды. Ал халық болса сайлаудың әділ өткеніне күмәнданып, наразылық танытты. 31 қазанда жағдай ушыға түсті. Бейбіт шерулер қақтығысқа ұласып, Санта-Крус провинциясында екі адам қаза тапса, алты адам жараланды. Ал қарашада мемлекеттің құқық қорғау органдары наразылардың қатарын толықтырғаны хабарланды. Сайлау нәтижесінің күмәнді болуына жауаптардың екі күннен соң жариялануы себеп. Сайлау орталығы алғашқы күні дауыстың 80 пайызын санап, одан кейін ақпарат беруді тоқтатқан. Бұл айыппен Америка мемлекеттерінің ұйымы да келісіп отыр. Олар тіпті арнайы аудит жасап, сайлау нәтижесінің жалған екенін дәлелдеп үлгерген.
Өткен жексенбіде мемлекеттің қарулы күштер қолбасшысы Уильями Калиман Моралесті қызметінен өз еркімен кетуге шақырды. Сонымен қатар қарулы қақтығыстарға тоқтау салатынына сөз берді. Ал бұл ұсыныстан кейін Барселона университетінің профессоры Пумпеу Фабра мемлекетте төңкеріс болды деуге толық негіз бар деген ойын айтты. Бұл оймен Куба, Венесуэла, Аргентина мен Никарагуа мемлекеттері де келісіп отыр. Тіпті оны қолдаушылар да табыла кетті. Венесуэла президенті Николас Мадуро Twitter желісіндегі парақшасында Моралеске «бауырым» деп тіл қатып, Боливияның негізгі халқы нәсілшілдіктің құрбаны болып отырғанын жазған. Куба көшбасшысы Мигаль Диас-Канель мемлекеттегі оңшылдарды айыптап, президентті орнынан алу Боливиядағы демократияға қарсы әрекет екенін айтады.
Көп ұзамай Мексиканың Моралеске пана беруге келіскені белгілі болды. Бұл хабарды Мексика Сыртқы істер министрі Марсело Эбрард растап отыр. Оның айтуынша, бұл өтінішті Эвр Моралестің өзі білдірген.
Қазіргі кезде Боливияда саяси вакуум пайда болған. Өйткені мемлекет заңына сай президент қызметінен кетсе, билік вице-президенттің не сенат төрағасының қолына өтеді. Дегенмен Боливия вице-президенті Альваро Гарсия Линера да мемлекеттен кететінін мәлімдеген еді. Бұл шешімді сенат төрағасы Адриана Сальватьерра да қолдады. Осылайша, мемлекет саяси көшбасшыларынан бір-ақ күнде айырылды. Дегенмен әлем сарапшылары Моралестің оңай жеңіле салғанына сенбейді.
Еуропа одағы секілді халықаралық ұйымдар Эво Моралеске қолдау білдіре қойған жоқ. Бразилия, Колумбия, Перу, Гватемала, АҚШ, Канада елдері тез арада кезектен тыс сайлау ұйымдастырып, жағдайды реттеуді ұсынды.