• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қараша, 2019

Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты жандандырады

427 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының (ӨР) ауыл шаруашылығы министрі Жамшид Ходжаевтың жетекшілігімен келген делегацияны қабылдады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың күш-жігерінің арқасында біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық сапалық тұрғыда жаңа деңгейге шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту бағытын жалғастыруда», - деді А.Мамин.

Премьер-Министр агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өзара жеткізуді арттыру, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және үшінші елдердің нарығына шығу үшін едәуір әлеуеттің бар екенін атап өтті. 

Биыл 9 айда ҚР және ӨР арасындағы ауыл шаруашылығы шикізаты өңделген өнімдері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы $770 млн-ға жуықтады. Қазақстанның Өзбекстанға экспортының негізгі көлемі бидай мен меслинге, бидай немесе бидай-қара бидай ұнына, кұнбағыс дәніне, қантқа, ірі қара малға, бидай қалдығына тиесілі. Өзбекстан Қазақстанға негізінен шие мен қызыл шие, балғын жүзім, өрік, қызанақ, шабдалы, құрма, көкөніс экспорттайды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Үкімет басшысының қатысуымен екі елдің ауыл шаруашылығы министрлері ҚР мен ӨР арасында ауыл шаруашылығы саласында орташа мерзімді преспективаға ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі Жол картасына қол қойды. 

Құжат ауыл шаруашылығы ғылымы, өндіріс, сертификаттау, сауда, цифрландыру, ветеринария және мал шаруашылығы, өсімдіктер карантині салаларында 2019-2024 жылдары өзара іс-қимылды дамыту шараларын қамтиды.