Мемлекет басшысының талабына сәйкес Қызылорда облысы бойынша экономиканы дамытудың басым бағыттары бойынша іріктелген, құны 300 млрд. теңгеге жуықтайтын 92 жоба индустрияландыру картасына ұсынылған. Агроөнеркәсіп кешені бойынша құны 16,4 млрд. теңге құрайтын 41 жоба, өндіріс және құрылыс индустриясы бойынша құны 69,7 млрд.теңге құрайтын 30 жоба, мұнай-газ секторын дамыту бойынша құны 19,3 млрд.теңге құрайтын 6 жоба жүзеге аспақ. Сондай-ақ, химия өнеркәсібінде құны 32,5 млрд. теңге болатын 1 жоба, тау-кен өндіру саласында 57,5 млрд. теңгеге бағаланған 2 жоба, энергетика және инфрақұрылым саласында 90,3 млрд. теңгенің 9 жобасы нақтыланған. Туризм саласында 4,4 млрд.теңге құрайтын 2 жоба, көлік инфрақұрылымында жалпы сомасы 5,4 млрд. теңге құрайтын 1 жоба бар.
Үстіміздегі жылға белгіленген 12 жобаның ішіндегі 7-еуі 1 шілдеге дейін жүзеге асырылатынын ескерсек, қазіргі таңда “Тасбұлақ” ЖШС-нің қиыршықтас өндірісі іске қосылған. Жоба құны 250 млн. теңгені құрап, жаңадан 50 жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, “УАД” ЖШС-нің “Битум шығару зауытының құрылысы” жобасы толығымен дайын. Тиісті министрліктен өнімге лицензия алынған.
Мұнан өзге 4 жоба өз деңгейінде жүзеге асырылуда. “Қазгермұнай” БК” АҚ-тың газды тиімді пайдалану кешенінің 2-ші кезегі құрылысының монтаждау жұмыстары аяқталды. Жобаның жалпы құны 10275 млн. теңгеге бағаланған. Кешенде жылына 300 млн. текше метр газ өңделеді. “ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз” АҚ-тың Құмкөл газ-турбиналы стансасында қуаттылығы 25 мВт.-тық 2 қосымша газ-турбиналы қондырғысының құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрал-жабдықтары арнайы тапсырыспен Дубай қаласында жасалды. Оларды тасымалдауға 1 ай уақыт кетеді. Бүгінгі күні газотурбиналық қондырғының орналасатын орны әзір. “УАД” ЖШС жылына 100-120 мың текше метр қиыршықтас шығаратын зауыт құрылысын қолға алған болатын. Бүгінде зауытты белгіленген кестеден бұрын, яғни наурыз айының соңына дейін іске қосу мүмкіндіктері қарастырылуда. “Шапағат сүт” ЖШС нан зауытына арналған құрал-жабдықтарды Чехия және Түркия елдерінен ресейлік “Макиз Урал” компаниясы арқылы сатып алу жұмыстарын жүргізуде.
Өкінішке қарай, “Шалқия Неруд” ЖШС жоғары сапалы қиыршықтас өндіру үшін құрал-жабдықтарды сатып алуға қаржы таппай отыр. Кәсіпорын жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін құрал-жабдықтарды жалға алуда. Жыл соңына дейін жүзеге асырылатын 4 жоба бойынша “БИС” ЖШС-нің “Мұнай қалдықтарын және көмірсутекті шикізатты қайта өңдеу”, “УАД” ЖШС-нің “Асфальт шығару зауыты” жобалары белгіленген кестеден бұрын жүзеге асырылады. “РЗА” ЖШС-нің “Тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыру” жобасы бойынша бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды. Құрал-жабдықтарды, 660 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын сатып алуға төлем жасалды. “Тату Агро” ЖШС-нің “Томат өнімдерін шығару өндірісі” жобасы бойынша құжаттар “КазАгроқаржы” АҚ-қа ұсынылып, қаржыландыру мүмкіндіктері сарапталуда.
Сондай-ақ, жалпы құны 22,7 млрд. теңге құрайтын 24 қосымша жоба бар. Оның ішінде 9 жоба кедергісіз жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, “Қорған тас” ЖШС-нің “Қиыршықтас шығару зауыты” жобасы бойынша құрал-жабдықтары жеткізілді. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, аталған кәсіпорынның кірпіш шығару зауытының инженерлік коммуникациясы дайын тұр. “ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз” АҚ-тың “Қызылорда -Құмкөл автокөлік жолының 130-190 шақырымының құрылысы” жобасы ешқандай кедергісіз жүзеге асырылуда. “МБЕ-Онтүстік” ЖШС мамыр-маусым айларында алғашқы өнімін шығара бастайды. “Дархан-2006” ЖШС-нің қиыршықтас шығаруға арналған құрал-жабдықтары жақын арада жеткізіледі. “Сариев” ЖК-нің кірпіш зауыты іске қосылуға дайын. Әзірге жер қойнауын пайдалану құқығы ресімделуде.
Жақында облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалық етуімен облысты үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтті. Облыс басшысы хабарламашы мен жобалар бастамашыларын, инвесторларларды жеке-жеке тыңдай келе, жобаларды жүзеге асыру барысында кезігіп отырған кедергілер туралы сұрады. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы “Тату Агро” ЖШС-нің томат өндіру зауытына, тағы бірнеше өндіріс ошақтарына электр энергиясын жеткізуде проблема туындап отыр.
Облыс басшысы индустриялық картаға енген жобалардың қатарында нақтыланбаған шикі жобалардың болмауын тапсырды. Негізінен индустриялық жобалар 3 топқа бөлінеді. Алғашқы топқа ешқандай кедергісіз жүзеге асырылып жатқан жобалар кіреді. Екінші топқа жүзеге асыруында қиындықтары бар, қаржы мәселесі толық шешілмеген және кәсіпорынның жеке кедергілері бар жобалар жатады. Үшінші топқа дайындық үстіндегі, яғни, техникалық-экономикалық негіздемесі немесе жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқан жобалар енеді. Жобаны қолға алғанда ең алдымен қаржылық мүмкіндіктер жіті саралануы тиіс. Облыс әкімінің айрықша атап өткеніндей, жергілікті атқарушы билік қаржы жетіспеушілігінен орта жолда қалып қоятын, болашағы бұлыңғыр жобаға инженерлік инфрақұрылымдарды, жолды жеткізіп бермейді. Шығарылған өнімнің сұранысқа жауап беруі, бәсекеге қабілеттілігі басты назарда болуы керек. Мұндай жобаларды бұрынғыдай 17 пайыздық емес, 12 пайыздық үстемемен несиелендіру, Елбасы тапсырмасымен несиелерді субсидиялау мәселесі қолға алынып жатыр.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.