Қазақ үшін бұл дүниеде баланың тәтті күлкісінен артық қызық-қуаныш кемде-кем. Нәрестенің өмірге келгенін, тәй-тәй басып жүргенін, тілі шығып тіршілікке араласқанын көру – ата-ананың алғашқы бақыты десек артық болмас, сірә. Сол бақыттың бағасын біліп, байыбына барған әке-шешеде арман не? «Балалы үй – базар» дейтін байырғы бабаларымыздың тәлімді тәмсілі жүрек түбінен шыққан жүйелі сөзі болса керек. Ал оның мәні мен мағынасын түсініп, сәбиді сәнім деп аялайтын ата-ана азайған ба? Азаймаса, «Балалар үйі» деген ұғым қазақ тұрмысына қайдан келді?!
Айтуға да, естуге де ерсі сөздің «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» қазақ үшін қаншалықты ауыр екені түсінікті. Болмысы мен тіршілігінде тіркелмеген тіркесті алғаш естігенде жағасын ұстамаған жұрт қалмаған шығар. Себебі аштан өлсе де, қазақтың түсінігінде бауырынан өрбіген баласын жаттың қолына беру деген ұғым болмаған. Қилы заман, қиын тағдыр көрсе де әкесіз қалғандарды әлпештеп, анасынан айырылғандарды аялап, бауырына басып, баласындай көрген. Осындай ұлттық ұлы ұғымның нәтижесінде ұрпақтар сабақтастығы, балалар бауырмалдығы, жақындар жанашырлығы деген сезімдердің алауы өмір бойы өшпей, керісінше екі отбасы балаларының бір-біріне деген мейірім махаббаты маздай түскен. Айта берсек аңыз сияқты, қозғай берсек қиял сияқты көрінген көне күннің осындай олжалары бүгінгі қоғамның беттүзер құбыласы болса дейміз...
Белгілі ақын Ұларбек Нұрғалымұлының айтқан мына бір оқиғасы шынымен бұрынғы қазақтың боямасыз бейнесін көз алдымызға әкелгендей.
«Бірде жырау Алмас Алматов ағамызбен әңгімелесіп қалдым. Қазақтың небір қасиеті сөз болды. Әрәдікте ағаның есіне бала күнгі бір оқиға түсіп, сөз ауаны солай бұрылды. Әкесі ұстарасы қыл қауып тұрған бір жақынына үнемі шашын алдырады екен. «Мен құманға су жылытпалап, әкемнің шашын жібітуге көмектесем» дейді Әлекең. Бір күні дәл әкесінің шашын алдырып жатқанда үйге көршінің екі баласы кіріпті. Он жастың ар жақ, бер жағындағы ағайынды екі бала тұл жетім екен. Әке-шешесі қапыда жол шырғалаңынан қайтыс болған.
Содан туыстары алып кетейін десе мына екі бала «өз үйімізде отыра береміз» деп кетпей қойған. Содан көршілері қарасады дегендей, өздері тіршілік жалғап жатқанына да жылдан асыпты. Сонымен не керек, Алмас аға әңгімені әрі қарай жалғады. Әкесі «айналайын» деген сөзді өте көп айтады екен. Тіпті екі сөзінің бірі «айналайын» болса керек. Оның үстіне жаңағы жетім балаларды көргенде айналасы бір сағаттың ішінде «айналайынды» жүзге жуық қайталаса керек. Сонда шашын алып тұрған кісі әзілдеп: «Қожеке-ау, мен шашыңызды алып жатырмын, Алмас су құйып жүгіріп жүр, «айналайын, айналайын» дегенде сонша айналайыннан бізге де бір айналайын арнасаңызшы» депті. «Әкем, «ой, айналайын, «айналайыннан» артық не сөз бар, айналайын» деді де, қойды. Шаш алынып, шай ішіліп, екі бала шығып кетті. Сол кезде әкем бағанағы әңгімені есіне алып, қайта жалғады: «Жетімнің көзінше өз балаңның басынан сипау – жетімнің қақысын жегендік. Жетімнің қақысының о дүниеде сұрауы қатты болады. Алмас екеуің айналайын осындасыңдар ғой, әлі талай «айналайын» аласыңдар, қолдарыңа дерт бермесін» деп батасын берді» деп әңгімені әредік дамылдатты Алмас ағамыз. Арқамнан суық тер шығып кеткендей болды. Жетімнің көңілі қоңылтақсып, жасып қалмасын деп оның көзінше өз баласына «айналайын» деп айтуды күнə санаған иманды аталардың боямасыз парасатты болмысына іші-бауырым елжіреп барады. Содан «біз сондай халық едік қой...» деген сөз тұла бойымды кернеп тұрып алды», дейді Ұларбек Нұрғалымұлы.
Жуырда Білім және ғылым министрлігіне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар құқықтарының қорғалуына байланысты бірнеше сұрақ жолдаған болатынбыз. Олардың мәліметінше, бүгінде республика бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 107 мекеме, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдайтын 16 орталық бар екен. Оның ішінде Алматы қаласы бойынша – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 7 мекеме және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдауға арналған бір орталық, ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 3 мекеме және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдауға арналған бір орталық жұмыс істейді. Қоғамда «бала асырап алсам деп едім, менің асырауға құқығым бар ма, ол үшін қайда барып, қандай құжат жинауым керек» деген сұрақтың жауабын таппай жүрген жандар жетерлік. Оны да білдік.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта бала асырап алу үшін тек қана 8 құжат жеткілікті. Қамқоршылық және қорғаншылық органдар бала асырап алуға үміткерлер әлеуметтік мәні бар аурулармен ауырмайтынына, сотталмағандығына, сондай-ақ олардың тұрмыс жағдайлары көтеретініне, баланы тәрбиелеу үшін белгілі табысы бар екеніне көз жеткізген болуы керек. Аталған құжаттардың тізіміне өтініш, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі, тұрғын жайға меншік құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын растайтын құжат (тұрғын үй жағдайларын тексеріп-қарау акті), жиынтық табыс мөлшері анықтамасы, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы туралы анықтамасы, сотталмағандығы туралы анықтамасы және баланы асырап алуға жақын туыстарының жазбаша келісімі керек. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар мен ұйымдарды жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде тексерулер жүргізіп келеді. Соңғы 3 жылда 199 нысанды бақылау жүргізілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жетім балалар мен ата-анаcының қамқорлығынсыз қалған балаларды толық мемлекеттік қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады. Олардың мәліметі бойынша, жыл сайын балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді бағып-күтуге республика бойынша 10 млрд теңге жұмсалады. Интернаттық мекемелерде ұсынатын арнаулы әлеуметтік қызметтер Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №17 бұйрығымен бекітілген Білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес іске асырылады. Стандартта ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну сапасы мен көлемі және ұйымдарда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету шарттары белгіленген. Түлектердің өз бетінше өмір сүруге әлеуметтік бейімделуі және дайындалуы үшін қоғамда 16 жастан 23 жасқа дейінгі интернаттық ұйымдардың түлектері тұратын 14 дербес және балалар үйі мен балалар ауылы жанында 15 жасөспірімдер үйі бары белгілі. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысының 1% квотасы белгіленген. Балалар үйі түлектерінің жасөспірімдер үйінде тегін тұруын қамтамасыз ете отырып, мемлекет оларға кәсіптік даярлық алуға, жұмысқа орналасуға немесе өз білімін жалғастыруға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер үйінде тұрған кезде балалар үйінің түлектері өз тұрмысын өз бетінше ұйымдастырады, жеке тұрғын үй алу немесе отбасын құру жолдарын жоспарлайды. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оларды колледждерде және жоғары оқу орындарында оқу кезеңінде, демалыс кезеңінде өздері тәрбиеленген ұйымдар мен отбасыларға бару үшін жол жүру, тәуліктік шығыстар заңнамада белгіленген тәртіппен білім беру ұйымдарының қаражаты есебінен төленеді. 2014 жылы балалар үйінің 7789 тәрбиеленушісі Сара Алпысқызының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде білім алуға және ақылы негізде мүмкіндік беретін білім беру салымдарын ашқан. «Бөбек-МББЖЖ» жобасын іске асыру кезеңінде 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін білім алу үшін балалар үйінің 325 тәрбиеленушісі білім беру депозиттерін пайдаланды. Оның 61-і жоғары оқу орындарында, 264 бала колледждерде оқиды екен. «Білім туралы» заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды міндетті түрде жұмысқа орналастырады. Сонымен қатар «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес бос жұмыс орындары болған жағдайда 16 жас пен 23 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар басым құқықты пайдаланады. Сондай-ақ олардың жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздар арасында жұмысқа орналасу үшін жаңа тұрғылықты жерге өз еркімен қоныс аударуға басым құқығы бар. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар ұйым қызметкерлерінің тізімдік санына пайыздық түрде ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына қарамастан ұйымдар үшін квота белгілейді.
Иә, қалай десек те бақытты балалықтың орнын ештеңе алмастыра алмайды. Алмастыруы мүмкін де емес. Себебі ол адам баласының тағдыр тақтасындағы алтын әріппен жазылатын аяулы сәт, шаттықты шақ. Осы орайда Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтың ойын білген едік. Ол Ислам дінінде жетім баланы асырап алу үлкен сауапты іс екенін алға тартып, тағдыр тауқыметімен жетім қалған балапандар үлкендердің мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж екенін жеткізді.
«Бала асырап алу үрдісі барлық халықтар ғұрпында да болды. Тіпті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асырап алған баласы болды. Ол – Зәйд бин Хариса. Бұл жөнінде Абдулла бин Омар (р.а.): «Харисұлы Зәйд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) азат етілген құлы еді. Оны біз «...Оларды әкелерімен шақырыңдар. Сол Алланың қасында турарақ...» аяты түскенге дейін Мұхаммедұлы Зәйд деп шақыратынбыз», дейді. Жоғарыдағы аят түскен соң Зәйд (р.а.) мырза өз тегімен Зәйд бин Хариса болды. Бала асырап алу – үлкен сауапты амал екендігін жоғарыда айттық. Жетім немесе тастанды баланы бауырына салып, өз баласындай бар мейірімі мен қамқорлығына бөлеп, балаға лайықты тәрбие беріп, мейірімін аямай, қамқорлық ету – Ислам дінінде мақтаулы іс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жетім балаға қамқорлық етушінің дәрежесі жайлы: «Мен жетімге қамқоршы болған кісімен жәннатта біргемін», деп, сұқ саусағы мен орта саусағын көрсеткен екен. Яғни, әке-шеше мейіріміне мұқтаж балаға қамқорлық етудің сыйы – жәннатта пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында болу. Бұл – ең үлкен мәртебе. Дегенмен, асыл дінімізде бала асырап алуға байланысты бірқатар шарттар барын ескергеніміз дұрыс. Бірінші, Құран Кәрім үкімі бойынша, кісіге асыраған баласын өз тегіне жазып, оған бел баласына ғана тән құқықтар беруге тыйым салынады. Асыранды бала асыраушының етжақын әйел туыстарын әпке-қарындас деп олармен махрам ретінде араласуы шариғатқа сай емес. Тегі мен қаны бөтен болған соң мұндай қарым-қатынасқа тыйым етіледі. Бұл асыранды баланы жатсыну емес, тек пен қанды құрмет ету және шариғат талабын орындау. Екінші, баладан оның ата-тегін жасырып, бала санасына «сен менің баламсың, сенің руың мынау» деп, асыраушыны ата-ана деп қабылдатуға қатаң тыйым салынады. Үшінші, қамқоршы өзі асыраған балаға дүние-мүлкін мирас етіп емес, көзі тірісінде сыйлық ретінде беруіне және өсиет ретінде дүниесінің үштен бірінің ішінен беруге құқылы», дейді Бақытжан Мүптіәділұлы.
Жер бетінде жетімнің көз жасынан ауыр тамшы жоқ шығар, сірә. Соны түсінген мемлекетіміз мейлінше мейірімділік танытып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қанатының астына алып, аяқтан тұрып кетуіне қолұшын беруде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде, мүмкіндігің жетсе жетімнің басынан сипа, жүрегің жұмсарады дегіміз келеді.