Экономикалық әлеуеті, өмір сүру сапасы жағынан Алматы ғаламдағы жүз қаланың қатарына енеді. Осындай ұзақ мерзімді стратегияны жоспарлап отырған қала басшылығы келешекте оңтүстік астана халқының 5 миллионға жететінін межелеп отыр. Бүгінде қала аумағы тұрғындарын қосқанда халық саны 3 миллионнан асады. Орталық Азияда қарқынмен дамып келе жатқан мегаполистер қатарында тұрған Алматы 600 қаламен бірге әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайызын құрайды.
Алатау аясындағы әсем шаһардың бүгінгі даму қарқыны мен таяу болашағына қатысты нақты тапсырмалар берген әкім Б.Сағынтаев қаланы жақсы өмір сүру сапасының стандарттарына сәйкестендіруде көптеген жұмыстар қолға алынуын жіті назарда ұстап отыр. Экологияны жақсарту, қауіпсіздікті күшейту, әлеуметтік, инженерлік, көлік жүйелерін жетілдіру уақыт күттірмейді. Халық санының өсуіне байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме барлық дамушы қалаларға тән үрдіс дейтін болсақ, Алматыға да әлемдік мегаполистер сияқты урбанизация дағдарысы төніп тұр. Қалаға жұмыс іздеп, білім алуды әрі қалада тұрақтап қалуды мақсат еткен келушілер саны жыл сайын артып келеді.
Сондықтан да қала әкімі атап өткендей, Алматы агломерациясы ауқымындағы шешімдер үшін проактивті жоспарлау және жобалау, смарт-тәсілдер аса қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да қала жоспарының маңызды бөлігі.
Алматыны дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясының жобасы қазіргі кезде сарапшылар және қалың жұртшылықтың қатысуымен әзірленуде. Күні кеше Қоғамдық кеңестің мүшелері және сарапшылар құрамымен кездескен қала әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров әкім тапсырмасына орай «Алматы-2050» стратегиясының жобасын талқылап, қала дамуының басты басымдықтарын қамтитын негізгі құжатта ұзақ мерзімді мақсаттарды анықтауда бірлескен күш-жігер қажет екенін атап өтті. Қала дамуының басты басымдықтарын қамтитын негізгі құжатты жетілдіруде оңтайлы шешімдер аса қажет.
Жиында қаланың Қоғамдық кеңесінің сарапшылары мен өкілдері жаһандық және өңірлік бәсекелестік, инфрақұрылым мен көлік, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау мен экология, адами капиталды дамыту сияқты стратегиялық даму бағыттары бойынша пікір алмасты.
Қоғамдық кеңес жиынында саясаттанушы А.Сарым, Kazakhstan Growth Forum ұйымдастыру комитетінің төрағасы Е.Әбдіразақов, қаржыгер және кәсіби энергетик Ә.Наурызбаев, қоғам белсендісі Е.Нұрпейісов, мониторинг жөніндегі маман М.Айтжанова, халықты қоныстандыру саласындағы сарапшы А.Әлжанова, көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы сарапшы Е.Ерзакович, экология жөніндегі консультант Ж.Тәкенов, «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» ҚҚ директоры М.Махмутова, Мамандық таңдау орталығының басшысы Ж.Кәрімов, Қоғамдық кеңес мүшесі Б.Кисиков, саясаттанушы әрі тәуекелдерді бағалау тобының директоры Д.Сәтпаев, сарапшы Т. Почанов өз ұсыныстарымен бөлісті.
Сарапшылар мен алматылықтардан келіп түскен ұсыныстар жұмыс тобының отырыстарында қаралып, қоғам және іскерлік кеңестердің талқысына ұсынылатын болады.