• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
100 21 Қараша, 2019

Жүз жыл

891 рет
көрсетілді

Елімен бірге бір ғасыр жасаған «Егемен Қазақстан» газетіне арнаймын

 

«Егемен Қазақстан» – ел газеті,

Өреңде - рух сөзі, жан қажеті.

Жүз жылдың шежіресін тасқа басып,

Тарихтың елес берген әр мезеті.

 

Бір ғасыр жылнамасын парақтаған,

Қазақсыз қай күні де таңы атпаған.

«Егемен» газетім-ай, қолтығымнан

Демедің байлап беріп қанат маған.

 

Мен сенің қатардағы қаламгерің,

Тілектес толқып отыр тамам елің.

Тойыңа жырдан шашу шашайыншы,

Халқымен жүз жасаған данам менің.

 

Газетім, талай ауыр жолдан өттің,

Басында ат-шаналы, арба жектің.

Қиынды қиыстырып, жоқты бар қып,

Болмасты болдырғандай халге жеттің.

 

«Ұшқын» боп туа сала лапылдадың,

Айбынып айтар сөзге қапылмадың.

Әу бастан қазағыңның жоғын жоқтап,

От ойнап, нажағайша шатырладың.

 

Жыры боп Бернияздың жалыңдадың,

Жарбиған жамандарға жалынбадың.

Алаштың дербестігін көкседің-ау,

Коммунист көсемге де табынбадың.

 

Милләттің ұлы жыры – жан-жүрегің,

Ұлтым деп, ұлысым деп елбіредің.

Қазаққа автономия алайық деп,

Алғаусыз айтып салған алғыр едің.

 

«Ұшқыным», ұшырғансың ұлы тілек,

Оянып асыл үміт, нұры түлеп.

Қаймана қазақ үшін қалсын артта,

Көңілге қаяу салған сірі түнек.

 

Ұлт қамын ұлы мақсат деп білгенсің,

Сол үшін тартыстарға көп кіргенсің.

Жанығып қазаққа жау азар берсе,

Қамығып жаныңа азап шектіргенсің.

 

Кеңестің көз тоқтатып кер беліне,

Сенгенсің жаңа заман келгеніне.

Теңдік пен әділет те орнайды деп,

Алдандың әзәзілдің өрмегіне.

 

Автономия жайын талқыламақ,

Жиынын ашайық деп жалпы қазақ,

«Ұшқыным», ұшқындаттың талай ойды,

Болғанын қаладың-ау халқың азат.

 

«Орыстық отаршылдық жойылмай тұр,

Тәртіпке жердің жайы қойылмай тұр.

Ақмола, Семейге де көз алартып,

Сібірдің ревкомы бұл тайынбай тұр.

 

Қазақтың біріксін-ау ел мен жері,

Жетті енді жеті бөлген сергелдеңі.

Дауласа Қостанайды Челябіңіз,

Түрікпен Маңғыстауға өңмеңдеді.

 

Жетісу, Сырдария мен Орал, Торғай,

Кір енді Қазақстанға қорғаламай!

Жөн-ақ қой еркін тыныс алған шақта

Тілің мен тарихыңа болған абай».

 

Елі үшін Едігедей еңіреген,

Бұл жолда бұлтарады ерің неден?

Әлихан, Ахмет пенен Әлімхандар

Жер мұңын жетіп айтқан Ленинге де.

 

«Ұшкыным», ұлтың үшін ұрандадың,

Қазақты қазақ демей тұра алмадың.

«Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ» болдың,

Төріне заманыңның шығандадың.

 

Қатені Сұңқар Сәкен айта алыпты,

Қазаққа қазақ атын қайтарыпты.

Газетім, сол алғашқы кездерден-ақ,

Ақжолтай екендігің байқалыпты.

 

Аштығын жиырма бірдің жайлап айттың,

Панасыз балаларды ойлап айттың.

«Тілмашың керек емес, тілді біл!» деп,

Талапты тілбұзарға сайлап айттың.

 

Хиуа мен Бұхарада қанша қазақ,

Шет жұртта қалып қойған жан сауғалап.

Аурудың алдын алған дұрыс болар,

Шаруаңа қайткенде де жан сал, қазақ.

 

Смағұл, Сәкен, Тұрар саралаған,

Мадияр, Манап Шамиль даралаған,

«Еңбекші қазағым» - ау, есіл сөзің

Қазақтың сақарасын аралаған.

 

Бетіңде ұлы Мұхтар ізі қалды,

Бейімбет, Сәбит, Ғабит сөзі қалды.

Міржақып, Сұлтанбек пен Ораз, Нығмет –

Өзіңде арыстардың көзі қалды.

 

«Ахмет Байтұрсынов толды елуге!» –

Жарадың – деп қазаққа дем беруге.

Наурыздай ел мейрамын асқақтатып,

Қазақты қарсы тұрдың кем көруге.

 

Әттең-ай, сонда-дағы тілің қысқа,

Қайран не көзді алдаған құбылысқа?!

Тарихың шатқаяқтап,

Жарты жұртты

Жалмады  жалт еткен бір бұрылыста.

 

Шыдайды-ау зұлымдыққа шіркін, адам,

Зәндемі заманның сол сұрқы жаман.

Алапат ашаршылық шерін төгіп,

Сәкеннің «Қызыл аты» шырқыраған.

 

Апатты  мешін жылғы жаздырмаған,

Обалың Советтерге азғындаған.

Обалың Коммунистік партияға,

Түптің түбінде өзі тозғындаған.

 

Қағазың қиянаттың зәрін ішкен,

Наразың сыртқа шықпай налып іштен,

Атандың «Социалды Қазақстан»

Көп күткен жақсылықты сарылыспен.

 

Әйтеуір халық үшін өбектедің,

Детдомға көңіл бөлу керек дедің.

Панасыз қаракөз көп жетім қалған,

Белгілі айтпасаң да себептерін.

 

Керегін ұлттық әскер аңғарыпсың,

Әспеттеп қазақ полкін толғаныпсың.

Алматы аяқ киім фабригінде

Қазақты кемсітеді деп жазыпсың.

 

Қазақша «Шахнаманы» құп алыпсың,

Күйіне Құрманғазы қуаныпсың.

Шарықтап Жұбановың шыққанда алғаш

Үнімен оркестрдің жұбаныпсың.

 

«Ұлттың кадрларын өсірейік,

Қазақты қалаға да көшірейік.

Өндіріс жұмысшысы қазақылансын,

Сол кезде мәртебең зор, бәсің биік»...

 

Өр кеуде өзек жарып өткірлендің,

Ұлт рухы өрлеуіне екпін бердің.

Жинаған Затаевич мың әнімді

Қазаққа сүйіншілеп бек гүлдедің.

 

Шырқалды сенде Алаштың асыл әні,

Шалқытып, шер-мұңға да батырады.

Жүз жылдық жылнаманы парақтасақ,

Тарихтың және сенде запыраны.

 

Хан Кене, Сүйінбайлар қараланды,

Алаштың арыстары жалаланды.

Зұлматы Отыз жеті келді дағы,

Ағызды ақ жүректен қара қанды.

 

Алаңын ұлтшылдардың түгендеген,

Танабын пасықтықтың түрендеген.

Қазақтың тарихына зиянкес деп,

Азат ой арғымағын шідерлеген.

 

Таптады табанға сап әділетті,

Түбіне қызыл қырғын лаңы жетті.

Емге де елде жақсы қалдырмады,

Бейімбет, Сәкен, Ілияс – бәрі кетті.

 

Бәрі де тыңшы, фашист, халық жауы,

Буржуйдың бандиті деп дабырлады.

Қызылкөз нәмарттардың күні туып,

Нақақты тыңдар құлақ табылмады.

 

Көреді тас құдайдың дүрбісімен,

Соғады дүлей заман гүрзісімен.

Зымыстан саясаттың құрбаны боп,

Шарасыз небір саңлақ тынды ішінен.

 

Даттаудың болды небір көкелері,

Газеттің беті бәрін көтереді.

Жалалы мақалалар... тап дұшпаны,

Жапонның шпионы...

Бекер еді...

 

Қарасам қасіретті өткеніңе,

Жазылды бұл тарих та беттеріңе.

Сарғайған парақтарың куәдүр-ау,

Сенің де сансыз азап шеккеніңе.

 

Газетім, жүзіңе шер тұнғаны шын,

Шеріңмен, шеменіңмен тұлғалысың.

Ел мен жер тарихынан бөлінбейсің,

Өзің де сол зұлматтың құрбанысың.

 

Жамандап бәз біреулер боқты жеген,

Сойылын саясаттың соқты деген.

Қаралап ел газетін өздерінше,

Қоқысын күресіннің көп күреген.

 

Газетім, үгіт айтып, бас құрадың,

Ардагер Алаш текті басшыларың.

Халқым деп, қазағым деп соқты жүрек,

Көңілді қалай саған төс қыламын?

 

Замана құйынында сенделді ме?

Кектеніп қиянатқа шерленді ме?

Ақиқат біреу: барлық уақыттарда,

Бас газет, болдың өзің елмен бірге.

 

Күйіндің  нәубеттерге, күңірендің,

Опындың өкінішпен мұңына елдің.

Тарихтың тасқа басқан айғақтарын

Алдына жайып салдың тірілердің.

 

Танбадың көтеруден ел еңсесін,

Жалғадың ұлт рухының ерен көшін.

Жұбандың жалғыз сәуле үмітіне,

Үрейдің жолатпадың көлеңкесін.

 

Газетім, таға алмаймын саған кінә,

Тазасың ел алдында, ар алдында.

Уақыттың талабынан табылдың сен,

Жеткіздің мұқтаж-мұңды жоғарғыға.

 

Лажсыздық болғаны рас, амалсыздық,

Ол бірақ емес әсте табансыздық.

Астарлап айтқан талай ақиқатың

Ақырет күнінде де болар тұздық.

 

Қалды артта талай-талай азабстан,

Шақтар да жан берісіп, жан алысқан.

Жалғасып өмір-тірлік  одан әрі,

Атандың «Социалистік Қазақстан».

 

Қайтсе де жақсылықты асырыпты,

Халықтың қасиетіне бас ұрыпты.

Айрықша Абай аты ұлықталып,

Ауданы Байғаниннің ашылыпты.

Жерінен Жезқазғанның кен қазыпсың,

«Үсті – ел, қойны – қазына» деп жазыпсың.

Инженер Сәтбаевтың даналығын,

Газетім, дер кезінде аңғарыпсың.

 

Киносын «Аманкелді» халық көрді,

Ол дағы беттеріңде дәріптелді.

«Білгенің ана тілді қорлық емес»,

Деп және намыстылық танытты енді.

 

Сусылдай парақталып қайран күнің,

Басталды дүлей соғыс –  майдан жырың.

Сұмдығы мың тоғыз жүз қырық бірдің,

Сұрына байтақ елдің қайғы алдырдың.

 

Жан пида Отан үшін өлеміз деп,

Бұл басқа не түссе де көреміз деп.

Газетім, намыс қайрап салдың ұран,

Фашистік Германияны жеңеміз деп.

 

Еске алдың ертедегі ел ерлерін,

Батырын, бахадүрін, кемеңгерін.

Қазақтың жауынгерлік дәстүрлерін,

Исатай, Махамбет, Хан Кенелерін.

 

Паш етіп қиын шақтың дүрбелеңін,

Бейімдеп бекітуге іргелерін.

Жинатып жылы киім әскер үшін,

Жасауға жұмылдырдың тыл көмегін.

 

Жеткізіп атойлаған ел мұратын,

Жырлады жүз жасаған Жамбыл ақын.

Ағылып қарт жырауға майданнан хат,

Батасын батырларым жар қылатын.

 

Соғыста батыр қазақ жарқылдады,

Ер болып өсе берді өр тұлғалы,

Халқына сен арқылы хатын арнап,

Бауыржан қырандайын саңқылдады.

 

Ерлеген Ұлы Отан соғысында,

Бермеген ер қазағым намысын да.

Төлеген Тоқтаровтар, батыр Мәлік

Өрлеген от-жалынның тоғысында.

 

Халықтың ер ұлдары жалындаған,

Жорықта күш-қайраты қабындаған.

Ұлы Отан алдындағы қасиетті

Міндетін абыроймен орындаған.

 

Шыңдарда болады ғой қыран ұясы,

Шырқайды биіктерге шығар қиясы.

Ерлігін қазағымның шарықтатты

Ержүрек Панфиловтың гвардиясы.

 

Ұлы Отан соғысының күндерінде,

Қазақтың әйелі де елмен бірге.

«Ерлермен тізе қосып атакада»,

Салды атой Хиуаз, Әлия, Мәншүктер де.

 

Самғады қазақ әні қан майданда,

«Жас қазақ» болашаққа жалғанбай ма?

Бетіңде өлім-өмір сырын тербеп,

Жас Баубек жалын атып толғанбай ма?

 

Газетім, бәрін, бәрін көре білдің,

Төлеген Тоқтаровтың ер өлімін,

Абдолла «герой ақын»... ақтық айқас...

Бәрін де жарқыратып бере білдің.

 

Дастанын жазған дереу Қасым ақын,

Халқына паш етуге асығатын.

«Майданнан ескен жаңа леп» қой деп бұл,

Ғабаңның мақаласы басылатын.

 

Жауменен жағаласып жан алысқан,

Жетуші ең жауынгерге сен алыстан.

Жылытып жүректерін сыз окопта,

Дем бердің, «Социалистік Қазақстан».

 

Әкелік қамқорлықпен назарын сап,

Тым ауыр тимесін деп назалы шақ,

Жауынгер ұлдарына майдандағы

Жабыла қазақ халқы жазады хат.

 

Соғыстың алмағайып аламанын,

Қазақтың көзіменен бағаладың.

Мақтаныш болды Шәкір Жексенбаев –

Қазақтан шыққан тұңғыш генералың.

 

Лебіздің арнап елге ең ыстығын,

Халыққа хабарладың Жеңіс күнін.

Қазақтың Мемлекеттік Гимнімен,

Үміттің үкіледің мол ұшқынын.

 

Басталған бейбіт өмір жаңа күні,

Құрылған Академия жаңалығы.

Хан Кене қазасының жүз жылдығы –

Бәрі де бас газеттің тәбәрігі.

 

«Абай» һәм «Біржан-Сара» операсы,

Өресі өскен елдің музыкасы.

ЖенПИ-ден қанат қаққан алғаш рет,

Арналды қыздарға да ықыласы.

 

Әуезов Сталиндік сыйлық алған,

Мәскеуде «...Баян сұлу» сахналанған.

Романы «Курляндия» – Әбдіжәміл –

Өзіңде алғаш рет жария болған.

 

Алматым көркейіпті бұрынғыдан,

Асқақтап Аманкелді тұғырында.

Жарқ ете қалды бір күн жалпақ елге

Фельетоны Қыдырбекұлының да.

 

Әттең-ай, сұм саясат лаңы келді,

Жау іздеп салды тағы әбігерді.

Ұлтшыл боп шықты тағы Кенесары,

Байланды батыр Науан бағы да енді.

 

Бармайды Бұқар жырау болашаққа,

Шортанбай, Дулат мінді ағаш атқа.

Ұлтшылдық сарынымен кері тартып,

Улайды қазақты олар ғарасатқа.

 

Әспеттеп Хан Кенені жолдан тайған,

Басбұзар Бекмаханов шыққан қайдан?

Түзетіп қателікті, құтылайық,

Тездетіп Досқожа мен Нысанбайдан.

...Орталық Комитеті өктемдейді,

Өрескел қателіктер кеткен дейді.

Басы өзі академик Сәтбаев боп

Ұлтшылдық жылымына бөккен дейді.

 

Алдында қазып қойған құрдым әлі,

Шәкәрім – құр құдықта шыңғырады.

Зиянын дабырайтып, дабыралап,

Зиялының сағын солай сындырады.

 

Одағы жазушының датталыпты,

Қырына Мұқановты қатты алыпты.

Қазақшыл Қасым ақын – ханталапай,

Басына ит терісі қапталыпты.

 

Бейсенбай Кенжебаев бетін қалқып,

Асыра дәріптелген Сұлтанмахмұт.

Жан қалмай қателікке ұрынбаған,

Жазған-ау жазғыштарым бұтып-шатып.

 

Кезінде соған дабыл қақпады деп,

Өңкей бір ұлтшылдарды жақтады деп.

Газетім, өзіңді де өтті-ау түйреп,

Ішіне жымысқысын сақтады деп.

 

Отаршыл кіл қараны аққа таңбақ,

Кім бірақ атар таңды тоқтата алмақ?

Түрлерін ұлттық ойын әспеттедің,

Жамбы ату, садақ тарту, аударыспақ.

 

Болғанда аз-кем уақыт тыныс алу,

Қазақша күрес әмбе күміс алу.

Қыз қуу... ұлт спортын ұлықтасаң,

Ол да бір жылнамаңның ұлы шағы.

 

Тартылған магистраль Мойынты-Шу –

Көңілді сүйіндірген бір үлкен ду.

Жол тартты көрерменге «Жамбыл» кино,

Ізінше «Қозы көрпеш – Баян сұлу»...

 

«Махаббат дастаны» боп шертіліпті,

Сүйіскен ғашықтардың серті мықты.

Тамара ханум биі Алматыда,

Өнерді өрге сүйреп серпіліпті.

 

Съезі жазушылар одағының,

Үдесі компартия талабының.

Абайдың жаңа тапқан қолжазбасы –

Өркені әдебиет дарағының.

 

Табылған Құрманғазы қабірі де,

Джавахарлал Неру келуі де,

Дастаны Зелинский «Қазақ» деген

Қазақтың жақты шырақ сеніміне.

 

Партия жоспарлаған ілгеріні,

Ойпырмай, басталыпты тың жорығы.

Қате деп қарсы айтуға қайран бар ма?

Газетім жазып жатты күнде мұны.

 

Хрущев әпербақан есіріпті,

Мың-мыңдап елді тыңға көшіріпті.

Бұзақы, маскүнем мен сотталғаны

Арқаға, Ақмолаға жосылыпты.

 

Миллион, миллиард деп ұрандаған,

Жем болды құзғындарға қыран далам.

Қапылып қазақ байғұс құрсауында,

Мәскеудің әмірінен шыға алмаған.

 

Дабылы тың игеру қағылыпты,

Орыстық шовинизм қағыныпты.

Ай-күннің аманында ондап, жүздеп,

Қазақтың мектептері жабылыпты.

 

Сұм заман көрсетпегі көп екен-ау,

Тозғындар тілің азса берекең-ау.

Осындай озбырлыққа қарсы шыққан

Рахманқұл Бердібаев ер екен-ау!

 

Сайрап тұр шежіреңде соның бәрі,

Халықтың намыс қайрақ нар ұлдары.

Нөмірі он мыңыншы өмірге кеп,

Туыңа орденнің де тағылғаны.

 

Байдосов балуандардан үзді қара,

Театр сахнасында «Біржан-Сара».

Қазақта тұңғыш балетмейстер,

Дәурен Әбиіров жеке-дара.

 

Алпыстың асқарында Әуезовің,

Шолохов... Шалқар көлі... ол бір керім.

Өнер мен әдебиет он күндігі,

Мәскеуде ұлт рухы боп желбіредің.

 

Зайсаннан сүйіншілеп дүр жаналық,

Газетім, жеткізіпсің нұрға малып.

Елу миллион жыл бұрын Алтайымда

Сүтқоректі тіршілік болғаны анық.

 

Аида Мүсілімова ерлеп еді,

Шахматта кім енді оған тең келеді!?

Нұрмолда, Жазылбектей ақсақалдар

Атанды екінші рет Еңбек Ері!

 

Абайдың сүгіреті табылыпты,

Шоқанға мәңгі шырақ жағылыпты.

Лениндік сыйлық алып ұлы Мұхаң,

Алғаусыз ақ тілектер ағылыпты.

 

Әзелден атбегілік салты мықты,

Абсентті бүкіл әлем таң қылыпты.

Алматы, Киев, Мәскеу – әуе жолы

Алаштың аспанынан тартылыпты.

 

Фильмі «Менің атым Қожа» деген,

Тұлпардай қатарынан озады екен.

Молығып Сыр ананың суыменен,

Теңізі Шардараның толады екен.

 

Уақиға толып жатқан елде күнде,

Көрініс тапқан газет өрнегінде.

Ту тіккен Рейхстагқа Рақымжанды,

Немістер – жаздың – іздеп келгенін де.

 

Мақтаныш болды Медеу – жәннатымыз,

Ашылса спорт сарайы – ол да тыныс.

Апарып Көктөбеге аспалы жол,

Көркейді күннен-күнге Алматымыз.

 

Ыбырай Жақаевқа бір бет бердің,

Атасын ақ күріштің құрметтедің.

Мүсілім Магомаев астанада

Ән салған асқақ сәтті суреттедің.

 

Ие боп Қазақстан дербес үнге,

«Экспо-67» көрмесінде,

Қазақтың қолөнерін жарқыратып,

Ашыпты қазыналы көмбесін де.

Құйрығы қарлығаштың айыр екен,

Алғашқы мультфильм де дайын екен.

Сатылы жайлауында Қаниядай,

Атқаны келіншектің аю екен.

 

Осындай қызғылықты хабарлары,

Шоқанның ескерткіші – ел арманы.

Халықтың ырысына толқындаған

Ертіс пен Қарағанды каналдары.

 

Қастеев қазына теріп ел ішінен,

Суретін сал Біржанның келістірген.

Іле мен Қапшағайдан қуат тарап,

Жаңатас жаңа қала кеніш берген.

 

ҚазМУ-дің Алматыда қалашығы,

Қазақтың цирк үйі жаңа ашылды.

Көзайым көрерменге көркем фильм,

Экранда «Қыз Жібектің» бағы ашылды.

 

Медеуде мұз айдынын әлем көрді,

Қазағым Фарабиге сәлем берді.

Жиылды Алматыда құрылтайға,

Азия, Африканың қаламгері.

 

Газетім, сүйіншілеп бәрін жаздың,

Сен дағы өмір-заман кенін қаздың.

Алғаны Мүсірепов Алтын Жұлдыз,

Көсіліп Құлагердей бауыр жаздың.

 

Ғафу мен Жұбан ақын толғады жыр,

Қадыр мен Тұманбайдың самғауы бір.

Нұрғиса шалқытқанда аққу күйді,

Әлібек, ән-Розалар таңда бұлбұл.

 

Туған жер, гүлің болып егілемін,

Туған ел, жырың болып төгілемін.

Жар салған «Социалистік Қазақстан»,

Өр сөйлеп, нұрға бөлеп төңірегің.

 

Дәуірі Қонаевтың аяқталған,

Желтоқсан зар заманы таяп қалған.

Қиянат, қара ниет, астамшылық,

Ұлт рухы тоң-тұрпайы таяқталған.

 

Суреті бұл кездің де бетіңде тұр,

Қазағым қара желдің өтінде тұр.

Тәңірдің таңы қашан атады деп,

Тулаған толқын арман нөпір-нөпір.

 

Қасірет, қасиет те бір басыңда,

Сомдадың социализм сұлбасын да.

Советтік сипатыңды сақтағанмен,

Халықтың болдың сырлас, мұңдасы да.

 

Ұлт қамын ұлы мүдде деп те білдің,

Шыңдалып талай сында өткерілдің.

Өтсе де мейлі мың жыл, не заманның,

Шындығы тікпесінде беттеріңнің.

 

Ал, жетті Тәуелсіздік азат таңы,

Газетім жігерленіп ғажаптанды.

Қаламын нұрға малған журналистер

Комданып қыран құстай қанаттанды.

 

Намыстың найзағайы – Шерағамыз,

Алаштың абызындай Әбағамыз,

Егемен ел газетін жолға салып,

Ересен сыпырылды томағаңыз.

 

Егемен Қазақстан елдің аты,

Қуаты тау құлатар селдің аты.

Ежелден ата қазақ мекен қылған

Егемен Қазақстан жердің аты.

 

Көтерді көк байрағын Қазақ елі,

Жарқырап жайраң қақты ажары енді.

«Егемен Қазақстан» – ұлт газеті,

Атың да, затың қандай ғажап еді!

 

Сан ғасыр арман еткен ата-бабаң,

Аңсаған, аңсары еткен, қаталаған.

Елдігін қайта тапқан қазағымның

Тынысы көрінді әрбір мақаладан.

 

Міндеттер тұрды алдыңда асқаралы,

Мерейі мемлекеттің – бас талабы.

Толғадың елдік, ерлік мұраттарын,

Шырқалды Тәуелсіздік асқақ әні.

 

Тойладың тоқсаныңды Елбасымен,

Сабырлы мінезің бар қанға сіңген

Тұрақтап Есіл бойы, елордаға,

Үндесіп Уақытыңа алға асып ең.

 

Қазағым, бөрі текті Күн баласы,

Жасай бер, жасампаздық жыр данасы.

Ордалы Отанымның бас газеті,

Жүз жылдық тарихымның жылнамасы.

 

*  *  *

Жанымды жас кезден-ақ жебеп едің,

Қол жетпес биіктегі өрем едің.

Жазылған пешенеме тағдырымдай,

Жылдарды парақтадың «Егеменім».

 

Ер мінез, елден ерек еңселім ең,

Ер жетіп, еркіндедім мен сенімен.

Атланттың аржағынан жаздым сәлем,

Астым да құстай ұшып ел шегінен.

 

Сен десе қалай селқос тұра алам мен,

Өзіңнің өнегеңді құп алам мен.

Бетіңде сырласқаным қандай бақыт,

Әзағам, Қадағаммен, Тұмағаммен!

 

Қарбалас, қиындық та болды қанша,

Атырдық мақаламен таңды қанша.

Қазаққа жақсылықты сүйіншілеп,

Асықтық бір үмітті жандырғанша.

 

Өзіңде көп басылды өлең-жырым,

Күмістей сыңғырлаған зерен күнім.

Әр сөздің, әр мағына, әр ұғымның,

Үйреттің зерделеуге тереңдігін.

 

Зейнетте,

Алты қырдан астым әрі,

Газетім жүз жасаған жассың әлі.

Ешқашан сен зейнетке шыға көрме,

Елімде баспасөздің бас қыраны!

 

Өзіңсің кемелім де көрегенім,

Қаныма қағидаңды шегеледің.

Менімен қоштасуға қақылысың,

Сенімен қоштаспаймын, «Егеменім»!

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты