Мына фото «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 27 қараша күнгі №272 санында жарияланған екен. Суреттің үстіңгі жағына төте жазу үлгісімен «Еңбекші қазақ» басқармасы» деп тақырып қойылған. Демек бұл фото осы тұста басылымда қызмет атқарып жүрген ұжым мүшелері болғаны. Барлығы – 14 адам.
Суреттің астына адамдардың аты-жөні төте жазумен жазылып, кімнің қандай міндет атқаратыны жайлы да (газеттегі адам аттары түпнұсқадан өзгеріссіз алынды) ақпар беріліпті:
Редактор Тоғжанұлы Ғаббас. Редактордың әдеби жәрдемшісі Дулатұлы Міржақып. Басқарма хатшысы Бегалыұлы Ғани. Партия жұмысы бөлімін басқарушы Айсарыұлы Әбдірахман. «Еңбекші қазақтың» оқшау сөз жазушы Майлыұлы Бейімбет. Ел хаттарын басқарушы Сегізбайұлы Аманғали. Кеңес құрылысы бөлімін басқарушы Ахметұлы Ілияс. Шаруа бөлімін басқарушы Ешмұқаметұлы Мерғали. Телеграм хабарларын басқарушы Жүсіпұлы Сапа. Ретушер Дәулетбайұлы Мәжит. Әдеби бұйраның хатшысы Ағайдарұлы Абдулла. Зерттеу бұйрасының хатшысы Елшібекұлы Ахмет. Түнгі редактор Илаұлы Әбіл. Басқарма қызметкері Қожахметұлы Шияп.Жоғарыда берілген адамдардың аты-жөн тізімі олардың лауазымдық міндетіне қарай жазылғаны байқалады. Кейін зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы мұндағы адамдарды отырған ретіне қарай (солдан оңға) анықтап шығыпты:
Бірінші қатарда: Аманғали Сегізбаев, Абдолда Ағайдаров, Ахметсафа Юсупов.
Екінші қатарда: Ғали Бегалиев, Әбдірахман Айсарин, Ғаббас Тоғжанов (редактор), Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Ілияс Ахметов.
Үшінші қатарда: Мәжит Дәулетбаев, Ахмет Елшібеков, Мерғали Ешмұхамбетов, Әбіл Ілиясов, Шияп Қожахметов.
Осындағы тұлғалардың өмір-тарихы жайлы аз-кем толғар болсақ, журналистік жолын 1920 жылы «Ұшқын» газетінде редакция алқасының мүшесі болып бастаған Ахметсафа Жүсіпұлы (Юсупов) 1931 жылы аталса, редактор Ғ.Тоғжанов, М.Дулатов, Б.Майлин, Ә.Айсарин, І.Ахметов, М.Дәулетбаев бастаған қаламгерлер 1937-1938 жылғы қанды қасаптың құрбаны болыпты. Тірі қалған Аманғали Сегізбаев сияқты бірлі-жарым азаматтар соғыстан қайтпаған көрінеді.