• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 22 Қараша, 2019

Халықаралық әріптестікті арттыратын құжаттар қабылданды

141 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда халықаралық бірқатар құжат ратификацияланды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»

 

Сенат отырысында бірінші кезекте ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақ­параттық технологиялар сала­сын­да­ғы қылмыстармен күрестегі ынтымақ­тастығы туралы келісім ратификацияланды.

Заң жобасы бойынша Сенатта Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баян­дама жасады. Құжат қатысушы мем­ле­кет­тердің ақпараттық технологиялар саласындағы ұлттық заңнамасын жа­қындастыра отырып, осы саладағы қыл­мыстармен күрестің халықаралық шеңберін кеңейтеді және нығайтады.

Келісімді ратификациялау ТМД-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын жандандыруға, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстарды анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі жүргізілетін бірлескен ведомствоаралық профилактикалық, жедел-іздестіру іс-шараларының және арнаулы операциялардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сенаторлар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Өз кезегінде Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Хаттама арқылы «Сарытөбе» және «Аухатты» автомобиль өткізу пункттерінің мәртебесін халықаралық екіжақтыдан халықаралық көпжақтыға ауыстыру, сондай-ақ қазақстандық «Нововоскресеновка» өткізу пунктінің атауын «Сыпатай батыр» деп өзгерту туралы өзгерістер енгізілетінін айтты.

Хаттаманы ратификациялау «Қа­расу» және «Қордай» өткізу пункттерінің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ шекара маңындағы ын­ты­­мақтастықты жақсартуға және тұ­тас­тай алғанда еліміз үшін Қырғыз­станмен сауда-экономикалық қатынас­тарды одан әрі дамытуға қолайлы жағдайлар жасайды.

Сенатор М.Жолдасбаев штат бірлік­терінің санын көбейту мәселесі қалай шешілетіндігін сұрады. ҰҚК төраға­сының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов кіруге және шығуға паспорттық бақылау кабиналары қосымша орнатылатынын, бұл өткізу режімінің сақталуын қамтамасыз ететінін хабарлады.

Палата, сондай-ақ Ақпаратқа кіру, ше­шімдер қабылдау процесіне жұрт­шылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы кон­венцияға Ластауыштардың шығарын­дылары мен тасымалдарының тірке­лімдері туралы хаттаманы ратификациялады.

Заң жобасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырды.

Хаттама Орхус конвенциясының бір бөлігі болып табылады және 2003 жылғы 21 мамырда Орхус конвенциясы тараптарының кезектен тыс кеңесінде қабылданды.

Құжат ластауыштардың шығарын­дылары мен тасымалдарының тірке­лімдері туралы алғашқы заңдық тұрғыдан міндетті халықаралық құжат болып табылады. Оны қабылдау жұртшылықтың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтеді, жұртшылықтың қоршаған ортаны ластаудың алдын алуына және оны азайту саласындағы шараларға қатысуына ық­пал етеді.

Хаттамаға қосылу Орхус конвенция­сын іске асыру аясында Қазақстан Рес­публикасының Біріккен Ұлттар Ұйы­мына мүше басқа мемлекеттермен ын­тымақтастығын нығайтудың қисынды жалғасы болып табылады.

Сенат отырысында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Заң жоба­сы жөнінде негізгі баяндаманы Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова жасады.

Заң жобасының мақсаты – жоғары жетістіктер спортында допингті қол­дан­ғаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша дене шынықтыру және спорт саласында Қазақстан Рес­пуб­ликасының қолданыстағы заңна­маларын жетілдіру, сондай-ақ спортта демеушілікті құқықтық регламенттеу.

Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Қосымша баяндама жасаған сенатор Сергей Ершов заң жобасының маңызды жаңалықтарын айтты:

- Паралимпиада ойындарының чем­пион­дары мен жүлдегерлерінің тілегін ескере отырып, оларға төменгі қабат­тарда немесе лифтілері бар тұрғын үйлер­ден, ал тірек-қозғалыс аппаратында дерті бар Паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне екінші қабаттан жоғары емес тұрғын үй алу құқығын беру;

- дене шынықтыру және спорт саласында демеушілік көмек көрсету жөніндегі саясатты іске асыратын Бірыңғай оператор құрылады. Бірыңғай оператор қызметінің негізгі мақсаты – дене шынықтыру мен спортты тұрақты дамытуды қамтамасыз ету.

Заң жобасы, сондай-ақ негізгі мақ­саты сурдлимпиадалық спорт түрлері бо­йынша мүгедек спортшылар арасында дене шынықтыру мен спортты да­мытуға жәрдемдесу болып табыла­тын Ұлттық сурдлимпиадалық комитеттің мәртебесі мен өкілеттігін күшейтуді көздейтін жаңа «Ұлттық сурдлимпиадалық қоз­ғалыс» бабымен толықтырылды.

Бюджет кодексіне түзету Ұлттық паралимпиадалық комитетке дене шы­нықтыру және спорт саласы бойынша мемлекеттік тапсырма алу және оған қатысу құқығын беруді көздейді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін адамдардың жауапкершілігін күшейту бөлігіне толықтырулар енгізіледі. Осылайша, жаттықтырушының, жаттықтырушы-оқытушының, спорттық медицина жөніндегі маманның және спортшыға қатысты спортта тыйым салынған субстанцияларды және тыйым салынған әдістерді пайдаланатын дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маманның допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленеді.

Сенатор Владимир Волков кейбір статистикалық мәліметтерді келтіре отырып, 2014 жылдан бастап 29 спорт түрі бойынша 116 қазақстандық спортшы және 1 жаттықтырушы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шеттетілгенін айтты. «Қазіргі және болашақ спортшы ұрпақтың үмітін ақтамағандар ол үшін жауапкершілікті көтеруі тиіс. Әзірге тек әкімшілік жауапкершілік болғаны өкінішті», – деді сенатор. Депутат, сондай-ақ қазақстандық спортшылардың 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін алған лицензиялары санына алаңдаушылық білдірді. Қазір спорттың 12 түрі бойынша барлығы 28 лицензия жеңіп алынды. Өткен Олимпиадаға дайындықтың осы кезеңінде олар 50 болған еді.

«Токиода өткен Олимпия ойындарында қазақстандық спортшылардың саны жеткілікті ме, әлде онда тек бірыңғай спорт функционерлері бола ма? Әрі лицензияның аз саны допингтік дау-дамайға байланысты емес пе?» деді В.Волков.

Сәуле Айтпаева мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттықтырушылар мен спорт клубтарының жетіспеушілігіне назар аударды.

Сенатор Серік Жақсыбеков олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту және дене шынықтыруды насихаттауға тиісті көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

Жоғарғы палата басшысы сенаторларға қолдау білдірді. Дариға Назарбаева әкімдіктерді бұқаралық спортпен айналысу үшін қажетті инфрақұрылым құруға шақырды. «Мен кәсіби спортқа көңіл бөлу керектігін түсінемін, біздің еліміздің туы әлемдік ареналарда көтерілгенін қалаймыз, дегенмен жалпы халықты және бұқаралық спорттың рөлін ұмытуға болмайды», деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер енгізді.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары да тыңдалды.

Осы орайда, сенатор Әбдәлі Нұралиевтің Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың атына ауыл шаруашылығы машинасын жасауға арналған салалық бағдарлама әзірлеу қажеттігі жөнінде депутаттық сауалына тоқтала кетейік. «Республикамызда агроөнеркәсіптік кешенді техникалық қолдау саласында министрліктің алдында күрмеуі күрделі, өзекті міндеттер тұр. Мәселені жан-жақты шешу үшін отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласын қайта жаңарту және агроөнеркәсіптік кешенде инженерлік-техникалық қолдау жүйесін дамыту мақсатында салалық бағдарлама қажет деп санаймыз», деді сенатор. Осы орайда депутат салалық бағдарламада шаруалар үшін техника алуға қарастырылған мемлекеттік субсидиялаудың деңгейін 25-тен 50 пайызға дейін көтеруді, лизингке берілетін техникаларға алдын ала төлемдер көлемін 25-тен 10 пайызға дейін төмендетіп, мерзімін 10 жылға дейін ұзартуды қарастыратын нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Сенатордың айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасы паркінің негізгі түрлері: 147,3 мың трактордан, 35,5 мың астық жинаушы комбайннан, 3,9 мың егу кешендерінен, 79,5 мың тұқымсепкіштен, 14,8 мың дестелегіштен тұрады. «Бұл дегеніміз, 1990 жылдармен салыстырғанда Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының саны 2 есеге кем. Фермерлердің қолданыстағы техникаларының басым көпшілігінің тозығы жеткен, қызмет көрсету мерзімі әлдеқашан шыққан. Дәлірек айтсақ, тракторлар мен комбайндардың тозуы 80%-ды құрайды. Олардың ішінде пайдалану мерзімі 15 жылдан жоғары тракторлар – 79 %; комбайндар – 54 %; тұқымсепкіштер – 86%-дан астам», деді Әбдәлі Нұралиев.

Аталған мәселені тереңдете қозғаған сенатор техникалардың жетіспеушілігі, қолда бар жабдықтардың тозу деңгейі жер өңдеуде агротехникалық шаралардың мерзімінде атқарылмауына, өнімнің сапасына және көлеміне кері әсер ететінін атап өтті. Бұл өз кезегінде фермерлердің еңбек өнімділігін төмендетеді және мұнай өнімдерін ұтымсыз тұтынумен байланысты қосымша шығындар береді. «Мамандардың есептеуінше, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру деңгейінің төмендеуінен еліміз жыл сайын 3 миллион тоннаға жуық өнім жоғалтып отыр. Ауылшаруашылық техникасының (егу кешендерінен басқа) негізгі түрлерін жаңарту қарқыны да төмен. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алудың орташа жылдық көлемі 80 млрд теңге, оның ішінде отандық өндіріс 20,5 млрд теңге», деді сенатор.