Жолаушы болып жолға шыққан адам ең бірінші барар бағытына жылдам әрі жайлы жетуді көздейді. Көлікке көнбей, жүрдек пойызға мінбей, ұшақты ұнататын жандар да жетерлік. Қалай болғанда да, әркім өзінің қалаған тұлпарын тізгіндейді. Сапар – сан түрлі тағдырларды түйістіретін айрықша алаң десек артық айтқандық болмас, сірә. Еркін жүріп, ел аралау барысында екі сағат сапардың өзінде де етене жақын болып кететін жандар кездеседі. Сырласасыз. Мұңдасасыз. Күлесіз. Жылайсыз. Соңында қимай-қимай қоштасасыз.
Қараша жұртпен қатарласып қарашаның басында Арқадан Алатауға ат басын бұрдық. Ниет – тума-туыс ағайынның қызық-қуанышына ортақтасу. Бірлігімізді танытып, бір болу. Елордалықтар «ескі вокзал» деп атап кеткен «Астана-1» темір жол вокзалынан жүрдек пойыз бір ысқырып алды да қозғалып кетті. Еңбектеген бала, еңкейген қарт, еркелеген бойжеткен, ентелеген бозбала бәрі-бәрі бір вагонға жайғасқан. Әртүрлі әңгіме, сан түрлі көңіл-күй. Қасымызға жайғасқан Серік есімді сапарлас ағамыз осыдан жетпіс жыл бұрын көз жазып қалған үлкен әжесінің ұл-қыздары, яғни жиеншарларымен қауышуға бара жатыр екен.
«Бұл бір қиын да, қызық оқиға болды. Нарынқол жақтағы Шонжы ауданында Тайтараз деген би болған деседі. Сол Тайтараздың Тәшеке деген баласы болған екен. Тайтараз би ұлы Тәшекені ертіп шамамен 1912-1913 жылдары Қытайға өткен екен. Тәшеке ер жетіп, ес білген шағында әкем Әнбияның туған қарындасы Меруертхан апамызбен бас құраған деседі. Бұл мөлшермен 1955 жыл болуы керек. Ал 1962 жылдары олар Қазақстанға қоныс аударып, Кеген ауданына келіп тоқтайды. Кейін Тәшеке атамыз да, Меруертхан апамыз да өмірден өтіп, олардың жолын ұрпағы жалғастырады. Әкем Қытайда қалып, қарындасы Қазақстанға жол алған сәттен бастап екі арадағы қарым-қатынас саябырлап, соңында бір-бірін таппай хат-хабарсыз қалады. Біз есейе келе әкеміз осы бір оқиғаны күн сайын құлағымызға құйып: «Қазақстанда жиендерің бар, қайтсеңдер де сол кісілерді тауып, туыстықтың алтын жібін қайта жалғаңдар» деген болатын. Сол аманатты орындау – перзенттік парызым», дейді ағамыз.
Иә, естімеген елде көп. Екі арасын шекара бөлген нағашы-жиендердің әсерлі әңгімесін бір күліп, бір күрсініп тыңдадық. Бір-бірін жанұшыра іздеген жақындардың хикметті хикаясы бір құрсақта туып, бір қалада тұрып жатса да бірін-бірі сирек көретін ұяты жоқ ұяластарға сабақ болса дейміз. Маңдайға жазылған тағдырдың машақаты мен марапаты қатар жүретіні бесенеден белгілі. Қуанасың қуарасың. Қауышасың, қоштасасың. Есіне ескі күндер түсіп кетті ме, әйтеуір Серік ағамыз терезеге ұзақ қарап, ойға шомып отырды да әңгімесін әрі қарай жалғады.
«Біз көз жазып қалған Меруертхан апамыздың Адасқан деген қызы бар екен. Қазіргі уақытта Кеген ауданында тұратын көрінеді. Сол кісінің есімін естігенде бір түрлі күй кештім. Бір жағы үлкен апамыз туыстарынан адасып қалғандықтан қойылған болуы керек деп топшыладым. Неде болса барлығын барған соң көреміз», деді сапарласымыз.
Серік ағамыздың терең тебіреніске толы оқиғасынан кейінгі қалғып кеткен қиялымызды «шемішке», «минералка» деп айқайлай кірген апайдың ащы дауысы оятып жіберді. Сан түрлі бағытқа сапар шегу барысында түрлі адамдарды кездестіріп жатамыз. Олардың мінезі де сан алуан, болмыс-бітімі де бөлек. Біреуі әңгімешіл болса, енді бірі жанындағысын жақтырмай, екі ауыз сөз айтуға да ерініп тұратындар болады. Өзіміздің де кемшілігіміз кеңірдектен келетін пенде болғасын, біреудің жаратылысы жайлы жақ ашу да артықтау болар, сірә. Сол себепті адам баласын алалаудан аулақпыз.
Қосылуға асыққан қос тағдыр иелерінің өткен өмірін емес, алдағы ғұмырын көз алдыма елестетіп орныма жайғастым. Құдды бір ертегідей елестеген екі туыстың арасындағы байырғы байланыс пен ендігі жақындықтың жолы қалай жалғанбақ деген сұрақтың жауабын іздеумен болдым. Сол сәтте ойыма Алла Расулі Мұхаммедтің (с.а.с.) ағайын-туысқа қарайласу мен зиярат етудің абзал екенін аңғартатын, «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» деген сөзі оралды.
Вагонына түрлі тағдырды тиеп алған жүрдек пойыз жүрек соғысындай үнімен үздіксіз ызғытып барады. Пойыздың қай терезесінен қарасаңыз да далиған дархан даламызды көресіз. Көкжиегіне көз жетпейтін ұланғайыр атырап батырлардың қанымен, бабалардың жанымен келгенін ұғынып, бір қуанып, бір күрсініп іштей шүкір етесің. Қуанышың – осындай кең байтақ жеріңнің бары. Ал күрсінісің - байтақ жерің бар болса да, тар қалада таласып өмірдің өтіп жатқаны шығар, сірә...
Бір оянсам, біз мінген пойыз Балқаш көлін бауырлап барады екен. Көрші орынға жайғасқан көкемнің қасында жасы қырықтарға жақындаған бір келіншек Бішкектен әкелген тауарын жарнамалап жатыр.
«Бүгінгі заманда ерігіп жүрген ешкім жоқ. Әркім несібе-нәпақа табу үшін түрлі тіршілік жасап, әлі келгенше әрекет етуде. Менің де отбасым бар. Үйде бос жатқанша жолдасыма көмек болсын деп аз-маз ақша тауып, бір жыртығымызды жамауға жәрдемдесемін. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деп қазақ бекер айтпаған ғой», дейді саудагер апамыз. Біреулер оның сатып жүрген затын көріп, бағасын сұрап саудаласып жатса, енді біреулері «осылар да жүре береді екен», «тыныш қана үйінде отырмай ма» деген сыңаймен жақтырмай қарап отырғанын жанары жасырмады. Сауда әйел адамның айналысатын саласы болып сезілгенімен, сүт пісірім уақыттың ішінде қолдарына түрлі бұйымдар, кітаптар, ән ойнатқыштар мен ұялы телефонды қуаттайтын құрылғылар құшақтап сауда қылып жүрген қазақ жігіттерінің де қарасы қалың екенін байқадық. Осы пойыздарда сатып жүретін діни кітаптарды парақтау барысында сол кітаптың не баспасы, не авторы белгісіз екенін аңғару қиын емес. Сатып жүрген адамы да тауары сияқты мылқау. Сөйлемейді. Естімейді. Көптен көкейімде жүрген мәселе болғандықтан осы мақаланы дайындау барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Хасан Аманқұловқа аталған кітаптардың ішінде діни басқарма бекітпеген, яғни баспасы да, авторы да белгісіз кітаптар кездесетінін жеткіздік. Бұған ҚМДБ не дейді? Сондай саудагерлерге қандай да бір шара қолданыла ма?» деген сауал қойдым. Ол кісі: «Бізге өтінішпен келген адамдардың кітаптарын сараптамадан өткізіп береміз. Сараптамадан өтпеген кітаптарды сатқызу, сатқызбау біздің құзыретімізге жатпайды. Онымен дін істері басқармалары айналысады», деп қысқа қайырды.
Соқпағын Солтүстіктен бастаған темір тұлпарымыз Орталыққа аялдап, Оңтүстікке аяңдайтын сәт те жақындады. Тәулік ішінде тәуір танысқа айналып үлгерген адамдар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, шырайлы жүзбен шынайы қоштасты. Біз көрген-білгендерімізді көңіл таразысына салып, түйгенімізді сіздермен бөлісуге асықтық.