• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Қараша, 2019

«Эркин Тоо» деп қойдық атыңды» Қырғыздың тұңғыш ұлттық газетіне – 95 жыл

651 рет
көрсетілді

22 қарашада Бішкекте қырғыз елінің тұңғыш ұлттық басылымы «Кыргыз Туусу» («Қырғыз Туы») газетінің 95 жылдығы аталып өтті. Газеттің бірін­ші нөмірі «Эркин Тоо» деген атпен 1924 жылы 7 қарашада Ташкент қала­сында жарық көрген. Алты саны шыққаннан кейін газеттің редакциясы Пишпек (Бішкектің сол жылдардағы аты) қаласына көшіп келген. «Кыргыз Туусу­ның» алғаш жарық көрген күніне орай Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен «7 қараша – Қырғыз Республикасының Ақпарат және баспасөз күні» деп аталады. Қырғыздың алғашқы газеті қалай жарық көрген? Әңгіме осы жөнінде.

1924 жыл, 7 қараша, Ташкент қаласы.Ұлы қазан төңкерісінің  7 жылдық ме­ре­кесі үлкен салтанатпен тойлану­да. Кө­шелерде ығы-жығы халық. Шеру. Рево­люцияны даңқтаған плакаттарды, қызыл туларды көтерген ел сап түзеп, әндетіп келеді. Олардың алдыңғы қап­талынан 14 жасар бала жүгіріп шық­ты. Сол иығында – дорба, жоғары көтерген оң қолында – газет. «Қара қыр­ғыз газеті! Қара қырғыз га­­зеті! Алыңдар, жолдас­тар!» деп тынымсыз айқайлап, жүгіріп келеді. Бұл бала қыр­ғыздың тұңғыш басылымы – «Эркин Тоо» («Еркін Тау») газетінің шабарманы Ма­масалы Аб­дукаримов болатын (бұл кісі кейін «Қызыл Қырғызстан» деп аталған осы газет редакторының орынбасары болды). Редакция ұжымы «баланың қо­лы жеңіл» деп алғашқы санының бояуы кеппеген нұсқаларын бала арқылы елге шығаруды ұйғарған екен.

«Кыргыз Туусуның» «Эркин Тоо» деп атал­ған алғашқы нөмірлерін шығаруға бел­сене қатысқан, 1998 жылы 98 жасында дүниеден қайтқан академик Хусейн Қарасаев «Эркин Тоо» деп қойдық атың­ды» деген және басқа да естелік жазуларды қалдырған.

«Мен Қазақ педагогика институты фи­­лология факультетінің бірінші курсын­да оқып жүрген кезімде Осмонқұл Алиев (газеттің бірінші редакторы – Н.Б) өзіне шақырып алды да: «Сен «Эркин Тоо» газетінде жұмыс істейтін боласың. Бір жағынан оқуыңды оқи бересің. Қарақолдан Сыдық Қарашевты алдырдық. Сенімен бірге оқып жүрген Мұстафа Ақматов та корректор болып жұмыс істейтін болады. Мақалалар жаздыру керек. Мақала жазуға жаттыққан адамдар бізден әлі шыққан жоқ. Қазақ тілінің орфографиясы­мен толық таныссың. Газетке шыққан ма­қа­ланың орфографиясына сен жауапты боласың. 7 қарашада бірінші санын шығару керек. Оп-оңай іс деп қарама. Бү­гіннен бастап жоғары қызметтердегі жауапты адамдарға барып, мақала жаздыр.Олардың жазғандарын жақсылап өңдеп шық. Одан кейін мен үстінен қараймын. Комсомол деген жігерлі болады. Егер үл­кен қызметтегі адамдар мекемесінен та­был­маса, үйлеріне бар. Қысқасы, мақала жаз­дырасың. Ташкенттің ескі шаһарында бірінші типография бар. Газетіміз содан шығады», деді.

Газет шығару шынында да оңай бол­маған. Араб таңбаларына негізделген қырғыз әліп­биінің жасалғанына аз ғана уа­қыт өтіп, әлі толық меңгерілмеген кез. Бас­паханада қырғыз әріптерінің қа­лып­тары болмаған. Сол кезде Таш­кентте шығып жатқан қазақтың «Ақжол», өзбектің «Қызыл Өзбекстан» газеттерінің мырыштан құйылған әріп­тері пайдаланылған. Бел­гілей кетсек, қыр­­­ғыз газетінің алғашқы әріп терушісі Қыр­­­ғызстандық қазақ Салых Тлеу­баев бол­ған. Бұл кісі мақала жазып, тілшілік қыз­метті де атқарыпты.

Қырғыздың ана тіліндегі бірінші га­зетін шығаруға сол кездегі оқыған азаматтар, жетекші қызметте жүрген мемлекет қайраткерлері түгел қатысқан. Олар­дың қатарында Абдыкерім Сыдықов, Юсуп Абдрахманов, Ишеналы Арабаев бар. 1922-1924 жылдары Ташкентте Түр­кістан АССР-інің Халық ағарту комиссариатын басқарып тұрған И.Арабаев 1923 жылы араб әріптерінің негізінде кеңес дәуіріндегі бірінші қырғыз әліпбиін жасайды. Оның 1924 жылы жарыққа шығарған «Қырғыз әліппесі» және жыл аяғына таман шыққан «Эркин Тоо» елдің сауатын ашқан оқулықтың рөлін атқарған. И. Арабаев бұрынырақ, 1911 жылы Уфа қаласынан қырғыз және қазақ балаларына арналған «Әліппе» кітабын шығарған екен.

«Эркин Тоо» газеті 1927 жылдың 16 қазанынан бастап «Кызыл Кыргыз­стан», 1956 жылдан бастап «Советтик Кыр­гызстан», 1991 жылдан бастап «Кыр­гызстан Туусу», бірнеше айдан кейін «Кыргыз Туусу» деп шыға бас­таған. Осы жылы газеттің бастапқы «Эр­кин Тоо» атын қайтарып алудың сә­ті келгендей болған. Бірақ жоғары жетек­­шілік қырғыз және орыс тілді екі газеттің атында «қырғыз» деген сөз міндетті түрде болсын деп шарт қойған. Сол кезде мен «Советская Кир­гизия» газетінде жұмыс істеп жүрген едім. Редакцияда бір ғана қырғыз жұ­мыс істейтін, ұжым «қырғыз» деген сөзді қосқысы келмеген, амалдарының жоғынан қазіргі «Слово Кыргызстана» атын таңдап алды. «Кыргызстан Туусу­нан», «Кыргыз Туусуна» өту егемен­діктің алғашқы жыл­дарындағы саяси шешім болды. Бұ­дан кейін барып, ел «Қырғызстан Рес­публикасы» емес, «Қырғыз Респуб­ликасы» деп аталды. Бәсе, 1924 жылы газеттің алғашқы саны жарық көрерде ұйым­дастырушылар және газет шығаруға қатысқандар газетке ат қоюды талқылаған. Көпшілігі «Тау» деген сөз болуы керек, қырғыз елі таулы жерді мекендейді. Тау – біздің тіре­гіміз.Тау биіктіктің жоралғысы дес­кен. Қандай тау? Қырғызстан тауы ма? Советстан тауы ма? Ақырында Ишеналы Арабаевтың ұсынуымен газетке «еркіндік алған ел» мағынасында «Эркин Тоо» деген ат таңдалады. 1924 жылдың 14 қазанында бір аумағы Түркістан АССР-інің құрамында Ташкентке қараған, тағы екі аумағы Әулиеата мен Верныйға қараған қырғыз елінің тұтас Қара-қырғыз автономиялық облысы құрылған. Сөйтіп советтік қырғыз мемлекетінің іргесі қаланған. Тұңғыш газеттің жарық көруі осы оқиғамен, қырғыз елінің өзін өзі басқарып еркіндік алуымен тікелей байланысты. Ал енді қырғыздың «қара қырғыздан» арылуы қазақ елінің «киргиз» атауынан арылумен байланысты.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

Қырғыз Республикасы Үкіметі «Қырғыз Туы» газетінің жауапты хатшысы

Бішкек