«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма басшысы Ахметжан Есімов Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнына барып, суды тұщыландыратын жаңа зауыттың іргетасын қалап, ескі кен орындарынан мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша кеңес өткізді.
Алдымен Ахметжан Есімов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге көлемі тәулігіне 17 мың текше метр болатын су қабатын өңдеуге, пайдалануға және тұщыландыруға арналған зауыттың іргетасын қалауға қатысты. Жаңа зауыт бұған дейін аталған өңірде қордаланып келген бірқатар мәселелердің алдын алып, су мәселесін толық шешуге бағытталып отыр.
– Біріншіден, зауыт құрылысы кен орны үшін үлкен маңызға ие. Күн сайын Астраханнан Атырау облысы арқылы Маңғыстауға дейін созылатын 17 мың текше метр су сатып алынады. Аталған зауытты келесі жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Оның құрылысы толық аяқталғаннан кейін аталған кен орындарына қажетті су мөлшерін тұтыну қажеттілігі жойылады және бұл көлем осы екі облыста басқа мақсаттарға жұмсалады. Сондай-ақ зауыт мұнай өндіруді 750 мың тоннаға арттыруға және электр энергиясына шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл экономикалық тиімді жоба болмақ, – деді қор төрағасы Ахметжан Есімов.
Сонымен қатар Ақтауға барар жолда Ахметжан Есімов Қаражанбас кен орны жанындағы вахталық кентте болып, жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың ғылыми нысандарын аралады. Содан кейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма басшысы ескі кен орындарын дамыту жөнінде кеңес өткізді.
Кеңес барысында қатысушылар ескі кен орындарынан мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша мәселелерді талқылады. Мысал ретінде Маңғыстау облысындағы Өзен кені көрсетілді. Бұл кен орны 1960 жылдан бері пайдаланылып келеді. Тиісті анықтау шараларының нәтижесінде бүгінде Өзен кені орнындағы мұнайдың сарқылуы байқалады. Мысалы, бұған дейін кен орнында жылына 15 млн тонна мұнай өндірілсе, қазіргі уақытта бұл көлем 6 млн тоннадан кем екені анықталып отыр. Кеңес барысында сөйлеген сөзінде Ахметжан Есімов кен орындарының сарқылуы сияқты жағдайларда Ресей Федерациясының тәжірибесін зерттеп, зерделеуді жалғастыру керектігін атап өтті.
– Көрші Ресейде біздің «Өзенге» ұқсас кен орындары үшін ерекше шарттар бекітіліп, тиісті заң қабылданды. Мұндай тәжірбиені қазіргі уақытта егжей-тегжейлі қарастырып жатырмыз, – деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Сонымен қатар қор төрағасы жұмыс орындарын және мұнай өндіру құрылымын сақтау мақсатында Ресейде қабылданған осындай мәселелерді шешуге, атап айтқанда өндірісті дамытуға инвестиция құюға мүмкіндік беру үшін ескі кен орындарына салықтық преференциялар беруге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.
Қор төрағасы бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырауда өткен кеңесте кен орындарына қатысты мәселенің көтерілгенін және оған қолдау көрсеткенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Ахметжан Есімов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-қа осы мәселені түбегейлі зерттеуге және сарқылатын кен орындарының қорлары бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қор төрағасы сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының өндірістің тиімділігін арттыру арқылы және жаңа технологияларды енгізу үшін «Татнефть» және Baker Hughes сияқты шетелдік жетекші компаниялармен ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігін атап өтті.