• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қараша, 2019

Өңір дамуында оң өзгеріс бар

430 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясындағы жұмыстар жайлы айтылып, өңірдің осы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы сөз болды

Облыс әкімі қызметіне тағайындал­ғалы бері республикалық БАҚ өкілдері­мен алғаш рет кездесіп отырғанын атап өт­кен Қуанышбек Досмайылұлы өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мем­лекеттік және салалық бағдарла­ма­лар­дың іске асырылуы туралы қысқа­ша баян­дады.

Жыл басынан облыс экономикасына 288 млрд теңге инвестиция тарты­лып, өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тырғанда бұл көрсеткіш 42 пайызға арт­қан. Мекемелердің мемлекеттік бюджет­ке иек артпай, өз есептерінен инвестиция салуы да 1,5 есеге өсіпті. Осының нәти­жесінде облыста құрылыс көлемі 2 есеге артып, 556 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді.

 Ауыл шаруашылығы саласында да негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 4,1 есе көбейіп, өнім көлемі 3,5 пайызға арт­ты. Осы кезеңде жұмыс істеп тұрған ша­ғын бизнес субъектілерінің саны 9 пайызға көбейді.

Дегенмен, өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендеуі әлі де жалғасып келеді. Биыл­ғы 10 айда бұл көрсеткіш 9,8 пайызды көр­сетіп отыр. Өңір басшысының айтуынша, бұған мұнай өнімдерін өндіру көле­мінің күрт төмендеуі себеп.

– Соңғы 6 жылда кеніштердің сар­қылуынан мұнай өндіру көлемі 4,3 млн тоннаға азайып кетті. Осы жылы тағы 1-1,2 млн тоннаға кемиді деп болжап отыр­мыз. Он айда 4,7 млн тонна мұнай өнді­рілді. 2018 жылмен салыстырғанда бұл 12,3 пайызға немесе 700 мың тоннаға кем, – деді аймақ басшысы.

Бұл экономиканың барлық саласына, әсіресе мұнайшылардың тапсырыста­рын орындайтын кәсіпорындар қызме­тіне және осы салаға қызмет көрсететін кәсіп иелері табысына әсер етуде.

Осыдан да қазір өңірде мұнай кен орын­дарын іздестіру, осы салаға жаңа тех­нологияларды енгізу, газ өндіру мен өңдеу бағытындағы мәселені шешу бас­­тамалары қолға алынды. Биыл жыл басында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің оты­рысында облыстың даму мәселелері қаралып, көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлау және газ өндіру мен өңдеу жайлы баса айтыл­ды. Аймақтың кешенді дамуына қатысты бірқатар мәселе 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-эко­номикалық дамуының кешенді жос­па­рына енгізіліп отыр. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің қаулысымен бекі­тілген осы жоспар нәтижесінде 2020 жылы Шу-Сарысу шөгінді бассейні бойын­ша мұнай-газ перспективалы құры­лымдарын зерттеу басталады.

Ішкі аймақтық өнімнің – 35, өнеркәсіп өн­дірісінің 70 пайызы мұнай-газ саласына тікелей байланысты болып тұрған қа­зір­гі кезде тығырықтан шығудың бір­ден-бір жолы индустрияландыру арқы­лы экономиканы әртараптандыру. Соң­ғы 5-6 жылда бұл бағытта біршама ди­намикалық өсу бар. Өнеркәсіптің ши­кізаттық емес секторындағы өнім өсімі биыл 5,4 пайызды құрады. Он ай қорытындысында облыс еліміз бойын­ша даму қарқыны жоғары аймақтар қатарына қосылды.

Индустрияландыру бағдарламасы ар­қылы іске қосылған 24 жобаның 18-інде жобалық қуатты игеру 90-100 пайыз­ аралығын қамтиды. Бағдарламаның екін­ші бесжылдығы шеңберінде жыл ая­ғына дейін тағы 2 өндіріс орны іске қо­сылып, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

– Индустрияландыру бағдарлама­сының игілігі «Аралтұз» АҚ кәсіпорны жұ­мысынан айқын көрінеді. Мекеме 2 ис­пандық цех орнатып, өнім өндіру мен таратуды 3 есеге дейін ұлғайтты. Бүгінде табысты кәсіпорындар қатарынан табы­латын «Аралтұз» өнімінің 79 пайызын Ресей Федерациясының 82 қаласы мен Украина, Әзербайжан, Грузия мен Қыр­ғызстан мемлекеттеріне экспортқа жө­нел­тіп отыр. Қазір Қазақстандағы тұз­дың 65, ал Ресей нарығындағы осы өнімнің 18 пайызы «Аралтұз» компаниясына тиесілі, – деді облыс басшысы.

Бүгінде кәсіпорын үшінші цех салу­ды ойластыруда. Жоспар ойдағыдай орын­далса, өнім көлемін жылына 500 мың тоннаға дейін жеткізіп, оның басым бөлі­гі шетелге экспортқа шығарылады. Ал 2022 жылға қарай тұз өндіру тағы да артып, 700 мың тоннаға дейін жеткізілмек .

 Қуанышбек Досмайылұлы брифингте Қызылорда қаласының іргесіндегі шыны зауытының құрылысы жайлы да айтып өтті. Құрылтайшылар ара­сын­дағы келіспеушілік кесірінен зауыт құрылысының ұзаққа созылғаны рас. Соған қарамастан мердігер мекеме «Чайна триумф» компаниясы құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарын биыл жел­тоқсан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Брифингте былтырдан бері жұ­мыс істей бастаған тампонажды цемент зауытының өнімі аймақпен қатар көр­шілес облыстарда да сұранысқа ие екен­дігі айтылды. Осы жазда зауыт 17 мың тонна цементті шетелге экспортқа жіберді.

 Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асқан жобалар өнімі нәтижесінде өңірдегі өндіріс көлемі 21%, ал олардың экс­порты 49 пайызға өсті.

Кез келген бизнесті өркендететін көр­сет­кіш – өнімнің сырт мемлекеттер­ге шығуы. Өткен жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі 28 пайызға өсті. Көрсеткіш биыл да осы межеден кем түспейді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың Қазақстан халқына Жол­дауындағы ауыл шаруашылығына баса мән беріп, агроөнеркәсіп өнімдерін экс­порттауға байланысты жұмыстарды күшейту тапсырмасына сәйкес шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу бастамасын қолға алдық, – деді Қуанышбек Досмайылұлы.

Осы мақсатта биыл халықаралық стандарттарға сай келетін, өнімі экспорт­қа бағытталған ет комбинатының құры­лы­сы басталды. Комбинат жылына 5 мың тонна ет өңдейтін аймақтағы ірі кәсіп­орындардың бірі болмақ.

Сонымен бірге құс шаруашылығы, жылыжай, жеміс-жидек дақылдары өн­дірісі, майлы дақылдар өндіретін шаруа­шылықтар сияқты салаларды дамыту да ұмыт қалған жоқ.

Биыл облыс күрішшілері әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Сонымен қатар күріш тұқымын сауықтыру жә­не вегетациясы қысқа, бәсекеге қабі­летті отандық сұрыптардың үлесін арт­ты­ру бойынша да бірқатар жоба іс­ке асырылуда. Осындай ізденістер нәти­жесінде жаңадан шыққан «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» атты жергілікті сұрыптар бір­неше шаруашылықта егілді.

Өңір басшысы агроөнеркәсіптік сек­тордың дамуы азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуін болдырмағанын ай­рықша атап өтті. Облыстағы азық-тү­лік тауарларының индексі орташа рес­публикалық көрсеткіштен төмен. Сонымен қатар бөлшек сауда айналымында оң динамика қалыптасып отыр. Бұл халықтың сатып алу қабілетінің артқанын көрсетеді.

Брифингте халықты ауызсумен қам­тама­сыз ету, газ тарту секілді маңызды мәсе­лелердің де жай-жапсары айтылды. Бұл бағытта қазір жүйелі жұмыс бар. Осы­лармен қатар медицина, білім беру салаларына да айрықша мән беріліп отыр.

Аймақ мәдениеті үшін де биылғы жыл табысты болды. Осы жылы Сырда түр­кітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалі бесінші рет өткізілді. Оған Түркия, Иран, Сербия, Саха, Татарстан, Әзербайжан және басқа да елдерден белгілі ғалымдар қатысып, 200-ге жуық өнерпаз бен шы­ғар­машылық ұжым келді.

Сондай-ақ ежелгі және ортағасырлық Сы­ғанақ, Жанкент, Сортөбе, Шірік-Рабат, Жент, Бәбіш-мола, Қышқала қала­шық­тарына археологиялық қазба жұмыс­тары жалғасуда. Сығанақ қа­лашағынан ХІІІ-ХІV ғасырлар мұрасы саналатын алтын бұйымдар табылып, ғылыми зерттеуге жіберілді.

Облыста әлеуметтік мәселелерді мем­­ле­кет-жекеменшік әріптестігі арқы­лы шешудің жақсы тәжірибесі бар. Осы­ның нәтижесінде өткен жылдары «Бала­пан» бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалды.

Бүгінде денсаулық сақтау, білім бе­ру, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салаларда осындай 142 жоба бар. Олардың 42-сі бойынша ин­вес­торлар­мен келісімшартқа қол қойыл­ды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері өңір басшысына сауалдар қойды. Қуанышбек Ысқақов тілшілердің САРАТС-2 жобасы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, «Қор­қыт ата» әуежайы, газ бағасы, біріккен кәсіп­орындар жұмысы мен қоғамдық кө­лік мәселесі жайлы сұрақтарына тұ­шым­ды жауап берді.