Мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыру бағытындағы кешенді міндеттерді жүзеге асыруда Алматы қаласының білім беру мекемелеріне де зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы орайда саламатты ұрпақ тәрбиелеудегі басымдықтарға сала мамандары тұрақты көңіл бөліп келеді.
Алматы қаласындағы мектеп жасына дейінгі және жалпы білім беретін мекемелердегі жағдайлар туралы брифинг өткізген Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларын тамақпен тегін қамтамасыз ету, білім мекемелеріндегі орын тапшылығын шешу, мектептер мен колледждерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және материалдық-техникалық жарақтандыруды күшейту, мектеп жасына дейінгі және орта білім беретін жаңа мекемелерді іске қосу және тағы да басқа кешенді мәселелерге тоқталды. Г.Ходжабергенованың айтуынша, қазіргі кезде қаладағы барлық мектептерде жоғарыда атап өткен мәселелерге білім беру жүйесінің (Жаппай оқыту қоры) жалпы бюджетінің бір пайыз қаржысы қарастырылған. Қаржы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алу құқығына ие әрі күнкөрісі төмен, сонымен қатар төтенше жағдай салдарынан жедел көмекке зәру отбасылардың оқушыларына әрі ата-ана қарауынсыз қалған жетімдерге беріледі.
Осы тұста әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары жүз пайыз тегін тамақпен қамтылғанын атап өту қажет.
Басқарма басшысы атап өткендей, ағымдағы жылы жаппай оқыту қоры қаржысынан қала бойынша осы санаттағы 20,7 мың балаға 1,235 млрд теңге (мектепті ұстауға кететін шығынның жалпы сомасының 2,3 пайызын құрайды) қарастырылған. Өткен 9 ай ішінде жалпы сомасы 536 млн 725 мың теңгеге 20 735 оқушы тегін тамақтанды.
Білім басқармасының басшысы ағымдағы жылы мектептер мен колледждердің материалдық-техникалық базаларын нығайту үшін тігін машиналарының, интернаттар үшін мультимедиялық жабдықтар мен білім мекемелері үшін жиһаздардың сатып алынғанын айтты. Білім мекемелеріндегі ескірген 450 проектор жаңадан алынған.
Бүгінде қалаға сырттан жиі көшіп келу және бала туу көрсеткішінің артуына байланысты мектеп жасына дейінгі және жалпы білім беретін мекемелерде орын тапшылығы байқалады. Қазіргі кезде орын тапшылығы – 30 183. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл Алатау ауданында 600 орынды №201 мектеп, Бостандық ауданында №105 мектеп жанынан 300 орынды қосалқы нысан пайдалануға берілді. Түрксіб ауданындағы «Колхозшы» елді мекенінде 600 орынды мектептің, Әуезов ауданының «Мамыр» шағын ауданында 1200 орынды мектептің, сонымен қатар жеке инвестиция есебінен (Е.Тәтішев қоры) 600 орындық №61, 123, 164, 172 мектептер жанынан 1717 орынды қосалқы нысандар мен әлеуметтік жауапкершілік аясында алдағы жылдың қыркүйегінде №140 мектеп жанынан 300 орынды қосалқы нысан салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, келер жылы мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 12900 орынды 8 мектептің, 1640 орынды 3 жеке мектептің, мектептер жанынан әрқайсысы 600 орынды 2 қосалқы нысанның құрылысын бастау да жоспарлануда. Ал балабақша мәселесіне тоқталар болсақ, ағымдағы жылы 560 орынды 3 мемлекеттік және 2618 орынды 113 жекеменшік балабақша іске қосылды. Бұдан өзге 640 орынды 4 мемлекеттік балабақша және әлеуметтік жауапкершілік аясында Бостандық ауданында 150 орынды балабақша салынуда.