Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сынға түсіп жатқан елорданың «Барыс» клубы «Барыс Аренада» Хабаровскінің «Амур» командасымен кездесіп, қосымша уақытта есе жіберді.
Бес мың жанкүйер тамашалаған ойынды жерлестеріміз тамаша бастады. Бірінші кезеңнің 14-минутында Аркадий Шестаков ойыншылар санының басымдығын пайдаланып, командасын есепте алға шығарды. Екінші кезеңді де жоғары деңгейде бастаған «Барыс» ойыншылары 35-минутта таблодағы есепті еселей түсті. Шайба авторы – Павел Акользин.
Екі шайба артықшылығымен алда тұрған «Барыс» хоккейшілері тым еркінсіп кетті ме, әйтеуір екінші кезең соңында қақпасына гол өткізіп алды. Томаш Зогорнаның шайбасынан кейін есеп 2:1-ге қысқарды. Ал үшінші кезең басталған бетте «Амур» ойыншысы Ондржей Витасек мергендігімен көзге түсіп, есепті теңестіріп кетті.
Дегенмен овертаймда Хабаровскіден келген хоккейшілердің бағы жанды. 64-минутта Игорь Руденков гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 2:3. «Барыс» келесі ойынын бүгін Магнитогорскіде жергілікті «Металлург» командасына қарсы өткізеді.