• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қараша, 2019

Қауіпсіздік ережелерін сақтау – өмірді сақтайды

1630 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінде «Еліміздегі жедел ахуал туралы» брифинг өтті. Онда Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В.Беккер еліміздегі орын алған төтенше жағдай жөнінде айтып берді.

 Оның мәлімдемесіне қарағанда, жылыту маусымының басынан, яғни 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғын үй секторында 1612 өрт болып, соның салдарынан 42 адам көз жұмған. Ал 6 адам газдан уланып қайтыс болған. Жалпы 2019-2020 жылдары жылыту кезеңі басталғаннан бері өрт салдарынан 49 адам жарақат алса, өрт шықпай газдан уланып 45 адам жарақаттанған.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы В.Беккер: «Алдын ала, 2019-2020 жылдардағы жылыту кезеңі қарсаңында тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Халықтың әлеу­меттік осал топтарының (қарттар, мүге­дектер), көп балалы отбасылардың тұрғын үйлерінде өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізу жөніндегі шаралар кешенін іске асыруға мүдделі қызметтер мен үкіметтік емес сектор тартылды.

Нәтижесінде, аумақтық бөлімшелер жергілікті атқарушы органдардың ақпа­раты бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының 169 010 тұрғын үйін есепке алды. Оның ішінде 7 қарашадағы жағдай бойынша 163 622 үй (91860 үйге ЖАО өкілдерімен аралау жұмыстары жүргізілді) профилактикалық жұмыспен қамтылды, оның барысында 409 мың азаматқа нұсқау берілді. 132 527 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы анықталды, оның 23 478-і орнында жо­йылды», деді.

Заң бұзушылықтардың 90%-ы электр техникалық желілер мен электр жаб­дықтарын және автономды жылу жүйелерін пайдаланумен байланысты екен. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерін аралау барысында оларды 4 463 үй иелері кір­гізбеген, 3 391 үйде адам болмаған. Ха­лық­тың әлеуметтік осал топтарының тұр­ғын үйінен басқа, өткен жылыту маусымдарының тәжірибесі негізінде профилактикалық жұмыспен дербес жылыту жүйелерімен байланысты төтенше жағдайлардың туындауына неғұрлым бейім тұрғын үйлер қамтылған. Мәселен, 542 131 үй (20 090-ы үйге кіргізбеген, 22 824-і үйде адам болмаған), олардың барысында 1 млн-нан астам азаматқа нұсқау беріліп, 244 576 бұзушылық анықталып, оның 77 338-і орнында жойылған.

Аң аулау және балық аулау маусымында (2019 ж. 1 қыркүйектен 11 қа­ра­шаға дейінгі аралықта) еліміздің су айдындарында (мұзда) балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан 23 адам көз жұмды. Адамдардың қаза болуына жол бермеу және қысқы кезеңде су айдындарында (мұзда) төтенше жағдайларға тиімді әрекет ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар кешені өткізіледі. Қазіргі уақытта ТЖД мұз өткел­дерін және жаяу өткелдерді, мұз ас­тындағы балық аулау орындарын түгендеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Жергілікті атқарушы органдармен және мүдделі ұйымдармен бірлесіп өткелдер мен асуларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануда. 36 мұзды автомобиль өткелі, 109 жаяу жүргінші асуы және 968 мұз астынан ба­лық аулау орны анықталды. 4681 ескерту белгісі мен көрнекі маңдайша орнатылды. Өткелдер мен мұз өткелдерін ұстауға жауапты қызметкерлермен нұсқаулық ұйымдастырылды, деп атап өтті баяндамашы.

«Ауа температурасының төмендеуі, сондай-ақ жауын-шашын ке­зінде жолды мұз жаба бастайды. Соның салдарынан жазғы шиналардың жолға іліну күші төмендейді және бұл жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Өз басын ғана емес, сондай-ақ басқалардың да өмірін қауіпке тігеді. Қыс мезгілінде тө­тенше жағдайларды болдырмау үшін ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ауа райының өзгеруін, метеорологиялық мәліметтерді, ауа райының нашарлауы, жолдардың жабылуы туралы арнайы хабарламаларды үнемі қадағалап отыруға кеңес береді. Дауылды алдын ала ескерту хабарламасы берілген кезде алыс сапарларға шықпау қажет», деді В.Беккер.