Тау баурайында орналасқан Алматы үшін сел қауіпсіздігі негізгі мәселенің бірі. Мегаполисті селден сақтау бойынша апат жөнінде ерте хабардар ететін дабыл сигналы бағдарламасы жаңа құрылғылармен толыға түспек. Шаһардағы төтенше жағдайлардың алдын алу және сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автоматты бақылау жүйесі Ақсай және Аюсай шатқалдарында бөгеттер салу жөнінде өткен брифингте айтылды.
Есте болса, бірер жыл бұрын Наурызбай ауданында орын алған табиғаттың тосын мінезі талай жұртты әбігерге салған еді. Сел апатынан қаншама үйлер қирап, көліктер мен жолдар жапа шеккен болатын. Айтып келмейтін апаттың алдын алу мақсатында бас қосқан мамандар Жапон мемлекетінің тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа құрылғыларды іске қоспақ.
«Білім министрлігінің берген мақсатты бағдарламасы бойынша Сейсмополигонға арналған жабдықтар қойдық. Ол негізі үш-үштен 9 нүктеге қойылуы керек. Әзірге алтауын орнаттық. Жүйені «Дәрмен» бағдарламасына енгізіп отырмыз», – дейді Алматыдағы Сейсмология институты басшысының орынбасары Ринат Әміржанов.
АЛМАТЫ