Кеше Тұңғыш Президент күніне орай «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты концерт өтті.
Концерт алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарихи таңдау» көрмесін аралап көрді. Көрмеге ұсынылған әрбір бірегей заттың тарихтан сыр шертетінін аңғаруға болады. Мұнда Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы тарихи рөлін жан-жақты зерделейтін Елбасы кітапханасының музей коллекциясындағы мұрағаттық материалдар мен бірегей заттар, Ұлт көшбасшысының өмірбаяны мен шығармашылық жолы, Қазақстан Тәуелсіздігіне қол жеткізуі және дамуы жолындағы құжаттар қойылған. Сондай-ақ мұнда Тұңғыш Президент – Елбасының жеке кітапханасынан 145 кітап пен 220 экспонат ұсынылған. Елбасы көрмеге ұсынылған әрбір мұрағаттық дүниеге зер салып, ерекше ықыласпен қарады.
Көрмеден соң Елбасы Мәдениет және спорт министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің ұйымдастыруымен өткен «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты мерекелік концертті тамашалады. Мұнда Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері, белгілі опера және эстрада әншілері өнер көрсетті.
Мерекелік кешке келген қонақтар әуезді ән тыңдап, Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуындағы Президент рөліне тағы бір куә болды.