Қарасұр бұлт түнде қар болып жауды. Таңертеңгілік Алатаудың ар жағынан жарқырап шаққан күнге шағылысып, жылт-жылт еткен ақ ұлпа қаладағы жұрттың көзін қызықтырып, тау бөктеріне қарай серуенге шақырғандай күлім қақты.
Мұндайда сенбі, жексенбі күндері ұйқысын қандырып алмақ болған жұмысбасты кісілердің өздері де ұзақ жата алмайды. Жып-жылы үйде отырып ішкен ыстық-ыстық шайдан соң, көшеге шығып, аяқ жазып, таза ауа жұтып қайтқанды қалайды.
Алматыдағы ірі-ірі жеті кереметтің бірі саналатын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағы қала тұрғындарына қыста да, жазда да кең қақпасын айқара ашып тұратын таңғажайып демалыс орны. Онда бара қалсаңыз, тынысыңыз ашылып, табиғат аясындағы тып-тыныш кеңістікке қарай созылған тап-таза тротуарлардың бойымен ары-бері асықпай серуен құрып, көңіліңіз көтеріліп, жан дүниеңіздің жадырап қайтатынына күмән жоқ.
Міне, бүгін біз жалпы аумағы 73 га болатын үлкен саябақтағы алуан түрлі ағаштарға қызыға қарап, Алатауды бетке алып, асықпай аяңдап келеміз. Әдетте, жаз бойы жасыл желекке оранып тұратын олардың қыстыгүнгі кейпі біртүрлі аяныш туғызатындай болып көрінуші еді.
Ал мұнда керісінше, жыл он екі ай ерекше күтімде болатын бойшаң көктеректер мен ақ қайыңдардың, алма ағаштары мен доланалардың, алмұрттар мен өрік, алшалардың бұтақтары қазір еркін тыныстап, алдағы көктемге дейін көз шырымын алып, әл-ауқат жинап оянамыз дегендей болады. Олардың ұшар басындағы күзгі жел үзе алмаған ең соңғы жапырақтар қызғыш тартып, батар күннің арайы секілді дірілдеп, сағымға айналғандай құбылады.
Діңі берік, бұтақтары балуанның білегіндей қайратты ағаштарға қарап тұрып ойлайсың: «Қыс мезгіліндегі ағаштар туралы түсінігіміз бен көзқарасымыз көше жиегіндегі қаз-қатар тізілген ағаштар арқылы қалыптасқан-ау», деп.
Қайран табиғатқа қамқорлық жасап, аялай білсек, оның да бізге берер сыйы аста-төк боларын тағы да бір рет еске аласыз.
Алматыдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағының құрылысы 2001 жылы басталғаны белгілі. Бұл, шын мәнінде, жаңа ғасырда жүзеге асқан тамаша идеялардың бірі екені анық. Себебі, саябақ – қала тұрғындарының мәдени демалыс орны болумен бірге Алматының табиғатын сақтап, қорғау үшін жасалған өте маңызды, игілікті іс, келешек ұрпаққа мұра болып қалар тарихи жер. Мұндағы алғашқы емен ағашын 2001 жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі отырғызған.
Жаз бойы алматылықтар мен қонақтар, әсіресе, балалар мен жастар қызыға тамашалап, айналасында демалып отыратын ең үлкен субұрқақ та осында. Оның сыйымдылығы – 2 820 текше метр.
Субұрқақтың жоғарғы жағына 2011 жылы 11 қарашада ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып «Қазақстан» атты монументальді-мүсінді композиция орнатылған. Ол композиция қола, гранит және мәрмәрдан бүркіт бейнесінде жасалып, ортасына Елбасының мүсіні қойылған. Ал бүркіттің қанаттарында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының нышандары мен Қазақстандағы көптеген басты-басты сәулет және тарихи нысандардың үлгісі көрініс тапқан. Саябақта жан-жағы бетондалған үлкен арық бар. Оның бойына шағын шлюздер орнатылған. Мұны тіпті, кішкентай арна деуге де болады.
Міне, осынау арнаға, сенесіз бе, жабайы үйректер келіп қонады. Саябақтағы жұртшылық сол жерге көп іркіліп, қызықтап қарап тұрады. Ал үйректер адамдардан қорқу, үрку дегенді мүлде білмейді. Сондықтан да оларды жабайы үйрек деп атаудың өзі біртүрлі ерсі сияқты.
Әйткенмен ежелгі табиғат заңының мұнда да салтанат құратынын сездіріп, сона-ау көк жүзінде бір қыран құс қалқып жүреді. Оның өткір жанары бұл үйректерге қадалғалы қашан...
Ал саябақтағы мәңгілік жасыл шыршалар мен аршалардың арасындағы құлдыраңдаған кіп-кішкентай тиіндердің алаңсыз тіршілігіне қайран қаласыз. Балалардың қолындағы тәтті-дәмдіге қызығып, қалың жапырақтардың арасынан жылт етіп шыға келеді де, жерге түскен дәнді қақшып алып, кері қарай зымырайды.
Күншуақтағы сәкілердің біріне келіп, тізе бүгіп отыра бергеніміз сол екен, көктемгі нәурізекке ұқсас бір тіп-титімдей сұлу құс дәл алдымызға келіп қона кеткені. Бұл да әбден тәтті-дәмдіге үйренген секілді. Секектеп, жорғалап, әрі-бері ұшып-қонып, айналшақтап жүрді де алды.
Несін айтасыз, Алатаудың бөктеріндегі үлкен аумақты алып жатқан саябақтан бойыңыз сергіп, жан-дүниеңіздің тазарып қайтатыны рас.
Ең бастысы, мұнда келген сайын адам да табиғаттың бір перзенті екенін анық сезініп, айналадағы тіршілікке бауырмал, мейірімді бола түсетіні тағы бар.