Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлжан ана мешітінде «QIWI» электронды садақа терминалының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты.
Жиын барысында ҚМДБ имамдарымен кездескен министр таяуда өткен ІІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған маңызды құжаттарға тоқталды. Форум ҚМДБ-ның ұйымдастырушылық-идеологиялық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, тың рухани серпін бергенін, сондай-ақ еліміздің өңірлеріндегі облыстық және қалалық орталықтарда имамдар форумы жалғасып жатқанын жеткізді. «Атап айтқанда, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтар мұрасын түсіндіруге негізделген. Құжатта «имандылық», «отаншылдық», «білімділік», «ауызбіршілік», «еңбекқорлық», «мәдениеттілік», «әділдік» сынды ұғымдарға кеңінен түсініктер берілген. Бүгінде форумда қабылданған маңызды құжаттарды талқылау мақсатында Қазақстан өңірлеріндегі облыстық және қалалық орталықтарда имамдар форумы өткізілуде. Бүгінгі мешіт имамдарының халық арасындағы толассыз уағыз-насихаттары, белсене араласатын қайырымдылық іс-шаралары, ағартушылық мақсаттағы ауқымды істері – Қазақстан мұсылмандарының рухани сұранысына қалтқысыз қызмет етудің жарқын көрінісіне айналуда. Сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен келісімді, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға аянбай үлес қосуда», деді Д.Абаев.
Сонымен қатар іс-шарада министр азаматтардың қайырымдылығын еркін қабылдау үшін орнатылған «QIWI» электронды терминалының жұмысымен танысты. Д.Абаев осы орайда: «Бүгін біз сіздермен бірлесе отырып, Әлжан ана мешітінде азаматтардың қайырымдылығын еркін қабылдау үшін «QIWI» электронды терминалының тұсаукесер рәсіміне қатысып отырмыз. Қазіргі уақытта, ҚМДБ тарапынан Нұр-Сұлтан қаласындағы 12 мешітке қайырымдылықты қабылдау мақсатында «QIWI» электронды терминалдар орнатылды. Мұндай терминалдарды барлық облыстық, қалалық орталықтардағы мешіттерге орнату жұмыстары жүргізілуде. Діни басқарманың есеп айырысу шотына азаматтардан қолма-қол ақшасыз тәсілмен қайырымдылықтың түсуі ҚМДБ-ның қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығы мен жариялылығына халықтың сенімін тудырып, оның беделінің артуына оң септігін тигізетін болады», деді.
Өз кезегінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазір елімізде 58 жерде садақа терминалы орнатылғанын айта келіп, «Біріншіден, бұл қаржы ашықтығын қамтамасыз етеді, екіншіден, есеп-қисап жүйесіндегі жұмысымызды жеңілдетеді, үшіншіден, қазір әлемнің дамыған мұсылман елдерінде уақып, зекет, т.б. қайырымдылық қорлардың қаржы саласы электронды тәсілге көшкен. Біз де осындай озық жүйеге кезең-кезеңімен көшуіміз керек. Бүгінгі замана үрдісі осындай бастамаларды талап етуде», деді. Бас мүфтидің айтуынша, қазір адамдар зекеті мен садақасын смартфон арқылы беруді қолайлы санайды.
«Бүгінгідей нарық заманында уақыт деген нәрсе – бәрінен биік құндылыққа айналды. Осы жағдайды ескеріп, Зекет қорының смартфондағы арнайы қосымшасын жасап шықтық. Сол қосымшада көмекке аса мұқтаж азаматтар мен науқас кісілердің базасы бар. Кімге қаржылай көмектескіңіз келеді, өзіңіз білесіз. Сіз берген көмек сол адамның есепшотына тікелей түсіп тұрады. Сіз оның есеп-қисабын сол қосымшадан көріп отырасыз. Сондықтан мешітке садақа терминалын орнату уақыт талабынан туған бастама деп айтар едім. Біз осылайша садақа беру мәдениетінің заманауи озық түрін пайдалануымыз керек. Бұл арқылы, тағы да қайталап айтамыз, адам өзінің берген садақасын қайда жұмсалып жатқанын көре алады әрі оны басқара алады», деді Серікбай қажы Ораз.