Алматыға сапары барысында қаланың экономикалық әлеуетін толық пайдалану туралы тапсырма берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау ауданындағы Индустриялық аймақты белсенді игеру мәселесіне айрықша көңіл бөлген болатын.
Өнеркәсіптің басым бағыттарын – машина жасау, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, химия, құрылыс материалдарын өндіру, инновациялық өнім шығару мен импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға артықшылық көрсету мақсатында 2012 жылы құрылған Индустриялық аймақта осы жеті жыл мерзімде 6 компания іске қосылған. Ал қазіргі кезде 12 компания құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады. 2015 жылы басқару компаниясы құрылған «Индустриялық аймақ – Алматы» құрылтайшысы «Алматы» ӘКК болып табылады.
Осы жолы Мемлекет басшысы ел экономикасы үшін маңызды әрі жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді көздейтін маңызды аймақтың әрі қарайғы дамуы үшін технологиялық әрі экспортқа бағытталған жаңа жобалар қажеттігін тапсырған болатын. Аймақтың жұмысына қатысты Президенттің де, қала басшылығының да сыны орынды деп атап өткен «Индустриялық аймақ – Алматы» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ануар Аришевтың айтуынша, қазіргі кезде зерттеу-сараптама жұмыстары жүргізілуде. Аймақта тіркелген аты бар, заты жоқ компаниялардың бағыты өнеркәсіптен әлдеқайда алыста жатыр. Себебі көптеген компания Индустриялық аймаққа тіркеліп, тек жер телімдеріне ие болып қалуды ғана көздеп келген. Ал осы жер телімдері арқылы банктерден несие алумен ғана шектелетін компаниялар ендігі уақытта қатаң сұрыптаудан өтетін болады. Бүгінде аймақта белсенді 6 компания болса, олардың өндірістік әлеуеті 80 пайызды ғана құрайды. Индустриялық аймаққа өз өндірістерін салуға ниет білдірген кейбір компаниялардың құжаттары талапқа сай емес. Қазіргі кезде Индустриялық аймақта өнеркәсіпті дамытқысы келетін компаниялар үшін арнайы талаптар бекітілген. Компаниялардың техникалық-экономикалық мүмкіндігі басты назарға алынып, ірі инвесторларды тарту бағытында сараптама жұмыстары жолға қойылып отыр.
Ендігі кезекте мемлекет меншігінен бөлінген 490 гектар аумақта өнеркәсіпке бағытталған компанияларды тартып, инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған 27 млрд теңге қаражаттың қайтарымына жұмыс істейміз деген Ануар Аришев ол үшін өндірісті дұрыс бағытқа бұру қажет дейді. Шетелден білім алып, тәжірибе жинақтап қайтқан білікті маманның айтуынша, Индустриялық аймаққа бірінші кезекте институционалды инвесторлар қажет. Жарқын болашаққа қол жеткізуді мақсат етіп отырған басшылық Siemens, Bosch, Mercedes, ВМW, Arevo сияқты ірі компанияларды осы аймаққа тарту бағытындағы жұмыстарды жоспарлап отыр. Осы орайда, Түркия тәжірибесіне сүйенетін болсақ, онда Mercedes көліктерінің бірқатар бөлшегі шығарылса, өзге бөлшектерді Германиядан импорттайды. Сол сияқты бастапқыда машинаның қандай да бір бөлшектерін шығаруды қолға алуымыз қажет, дейді Ануар Аришев. Қазіргі кезде Франция, Германия, Испания сияқты елдердің сауда палаталарына алдағы әріптестік байланыстарды дамытуға байланысты хат жолдануда. Егер де жоғарыда атап өткеніміздей, мұнда танымал брендтер шоғырланатын болса, аймаққа өндірістік бағыттағы өзге де компаниялардың келетіні сөзсіз.
Қазіргі кезде Индустриялық аймақта жапондық Tokyo Rope трансұлттық корпорациясының қатысуымен «Tokyo Rope Almaty» инженерлік қауіпсіздік жүйелерін шығару кәсіпорны, «BRB APK» жылыжай өндірістік кешені, «Almapack Co LTD» қағаз қаптар шығаратын зауыты, «Каztigertape» скотч шығаратын зауыты, «DOC Co Ltd.» кеңсе техникаларына арналған картридж шығаратын цех, «КМК Investment» кабельді-өткізгіш өнімдер шығаратын зауыттар іске қосылған. Индустриялық аймақта өзге де ауқымды «Hyundai», «КСМ ТехнОВИД», «СК Арман Дала» (BI Group холдингі), «Asia Steel Pipe Corporation» компанияларының жобалары жүзеге асатын болады.
Индустриялық аймақ Іле және Қарасай аудандарының шекарасы аумағында орналасқан. Өңірдегі жаңа өндірістік мүмкіндіктер көптеген жұмыс орнының ашылуына, сонымен қатар даму бағытына да әсер ететіні сөзсіз. Мұнда бастапқыда бес мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, шұжық өнімдерінен бастап, мұнай-газ өнеркәсібінде қолданатын болаттан жасалған құбырларға дейін өндіру межеленген-ді. Аймақтағы жұмыс қарқынына қарағанда ол күннің де ауылы алыс емес сияқты. Ануар Аришев атап өткендей, жоғары технологиялы өнеркәсіптік нысандарға жоғары технологияларды меңгерген кәсіби мамандар керек. Алайда ондай мамандар бізде әзірге жоқ. Осы орайда, ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.б. университеттерімен ынтымақтастық жасау жоспарда бар, дейді А.Аришев. Ал бұл келісімдер Еуропа елдеріндегідей ғылыми жұмыстарды жүзеге асыруға ықпал етеді. Кластер бойынша іріктелген компанияларда студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Яғни, әлемге әйгілі компаниялардан тәжірибеден өту үшін студенттерге Индустриялық аймақ мол мүмкіндіктер ұсынғалы отыр.
Қазіргі кезде Индустриялық аймақта жасақталған инженерлік инфрақұрылым инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы. Бюджеттік қаражат есебінен көше жол желісі, ПС-11 «АЗИ», ПС-12 «БАК», РП «Шаңырақ» электр қосалқы жүйелері, кабель, су және газбен қамтитын магистральді желілер, жүк тиеу-түсіру стансалары да талапқа сай жабдықталған. Аймақ Алатау ауданының аумағында орналасқандықтан, әкімшілік қыс айларында көшелерді тазалау мен жарықтандыру, полиция және өрт сөндіру тіректерінің жұмысын жетілдіруге уақытылы көңіл бөліп отырса, дейді А.Аришев. Әзірге бұл мәселе толыққанды шешілмеген. Ал Индустриялық аймақты ірі инвесторлар алаңына айналдыру бағытындағы кешенді шаралардың жақсы нәтиже беруін уақыттың еншісіне қалдырдық.