Жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев қатысуда.
Шара аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен қор өкілдері қызметтерінің негізгі бағыттары, оның ішінде шет елдердегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты кеңейту әрі нығайтуды көздеген «Отандастар» қорының негізгі жобаларының бірі «Қазақ үйі» Қазақ мәдени-іскерлік үйінің құрамына кіретін іскерлік үйлері мен мәдени орталықтарының әлем бойынша желісін құру жоспары талқыланады. Бірлескен жұмыстың нақты ұсыныстары әзірленеді.
Қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен өңірлерде бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайлар жайында ақпарат беріледі. «Атамекен» іскерлік үйінің панельдік сессиясында Іскерлік үйінің мақсаты мен міндеті, отандастарды консультациялық қолдау орталығының жұмысы жайлы айтылады. Шет елдерде өткізілген бизнес форумдар қорытындыланады. Түркия, Швеция, Еуропа елдерінен келген қандас кәсіпкерлер сөз сөйлейді. «ҚазАгро», «Бәйтерек» холдингтері мен «ҚазақИнвест» ҰАҚ өз тараптарынан қандас кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндіктерімен бөліседі.
Жиынға 20 елдегі қазақ диаспораларынан 150 делегат қатысып отыр.