Бүгін Ресей астанасындағы Ирина Винер-Усманова атындағы спорт кешенінде күрес түрлерінен «Мәскеу Гран-приі» деп аталатын халықаралық турнир басталды.
Кіл мықтылар бас қосқан жарыста Қазақстанның қос грек-рим күресі шебері өнер көрсетеді. Олар Айдос Сұлтанғали мен Нұрмахан Тыналиев. Бұл спортшылардың екеуінің де есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. 60 кило салмақта белдесетін 23 жастағы Айдос былтыр Будапеште өткен әлем чемпионатында қола медальді мойнына ілді.
Ал алыптармен айқасып жүрген 31 жастағы Нұрмахан әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ ол Лондон мен Рио Олимпиадаларында күш сынасып, басқа да көптеген халықаралық додаларда жеңіс тұғырына көтерілген сақа спортшы.
Жарыстың алғашқы күні жекелеген салмақ дәрежелері бойынша бәсекелер өтсе, келесі күні Ресей мен әлем құрамалары матчтық кездесуде күш сынасады.