25-27-қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында қазақстандық тур операторлар мен қонақүй бизнесі өкілдеріне арналған тегін тренингтер мен шеберлік сабақтары өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған шараға еліміздің 10 қаласынан 100-ге тарта адам қатысты. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Қостанай облыстары, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Шымкент қалаларының өкілдері жиналды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тренингтерді өткізуге Ресей, Қытай және Қазақстанның үздік бизнес-тренерлері мен ҚХР ғылыми қауымдастығының өкілдері арнайы шақырылған болатын.
Қонақүй бизнесі өкілдеріне арналған үшкүндік шеберлік сабақтары кезінде қонақүй кәсіпорындарының қаржылық көрсеткіштерін жақсарту, даулы жағдайларды басқару, және тиімді коммуникацияларды орнатуды үйретті. Практикалық дағдыларды меңгеру кезінде жағдаяттық кейстерді талқылау, рөлдік ойындар ойнату және бейнежазбалардың сараптамасы қолданылды. Сондай-ақ отандық тур операторлар Қазақстанға туристерді тартудағы маркетингтік құралдарды, және туристермен тіл табысудың жолдарын меңгерді.
Ресейлік бизнес-коуч Михаил Елизаровтың пікірінше, мұндай шаралардың туристік салада жұмыс істейтіндер үшін тигізер пайдасы көп.
«Тегін тренингтер өткізу арқылы тур бизнеске қамқорлық танытқан ұйымдастырушыларға және Қазақстан Үкіметіне басымды иемін. Алдағы уақытта да мұндай шаралардың ауқымын кеңейтіп, жиі ұйымдастырған абзал,» - дейді Мәскеулік басқару колледжінің лекторы.
Қарағандылық тур оператор Павел Макеевтің пікірінше, мұндай тренингтерді келесі жылы міндетті түрде туристік басым бағыттардың ТОП-10 аймағында өткізу қажет.
«Аталған өңірлердегі қонақүй бизнесін басқаруға жіті көңіл бөліну керек. Сондықтан, кадрлардың даярлығына назар аударылса, нұр үстіне нұр болар еді. Оған қоса, осындай пікір алмасу алаңдары болашақ әріптестермен байланыс орнатуға мол септігін тигізеді», дейді қарағандылық тур оператор.
Бұдан бөлек, тренингке қатысушылар туристік нарықтың, оның ішінде Ресей және Қытайдың нарығын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алды. Себебі, Қазақстан аталған елдердің туристік нарығына шығуды көздейді.
Үш күнге созылған шараның қорытындысы бойынша, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.