Ослоның Әдебиет үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының норвег тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Семей полигонының жабылуы мен ядролық қарусыздану үдерісі Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамаларымен тікелей байланысты...
«Бейбітшілік кіндігі» кітабы тек ядролық сынақтардың тарихы мен Қазақстанның ядролық әлеуетін бөлшектеу туралы ғана емес, ол адамзатты ядролық қарудан азат әлем құру туралы ойға жетелейді», – деді тұсаукесер барысында Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ақынжанов.
«Ядролық қару – мағынасыз қару. Оны апатты салдарсыз пайдалану мүмкін емес. Мұны терең түсінгендердің алдыңғы қатарында Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Оның себебі «Бейбітшілік кіндігі» кітабында айтылады», – деді жиын барысында Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Кьелл Магне Бондевик. Оның пікірінше, «Ядролық қаруды жою жұмысын күшейтетін білім мен ресурстардың болғаны маңызды. Осы кітапта айтылған Қазақстанның тәжірибесі өте пайдалы. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барлық ядролық қарулар мен қондырғыларды өз аумағынан шығарып тастағаны үшін бұл ел әлемнің құрметіне ие және оның осындай қадамы басқалар үшін оң үлгі болып табылады».
Қазақстанның ядролық әлеуетін бөлшектеу үдерісіне, сондай-ақ таратпау режімінің негізгі мәселелеріне Тұңғыш Президент Қоры Халықаралық бағдарламаларының жетекшісі Қайрат Әбусейітов пен Норвегияның Халықаралық саясат институтының (NUPI) аға зерттеушісі Сверре Лодгард шолу жасап өтті.
Суретші және антиядролық қозғалыстың қайраткері Кәріпбек Күйіков Семей аумағы тұрғындарының көрген қайғы-қасіреті мен қоршаған ортаға келтіретін зиян туралы тағылымды баяндама жасады. Ол Қазақстан халқының ядролық сынақтарды тоқтату жолындағы күресі мен Н.Назарбаевтың полигонды жабу туралы тарихи шешімі жайында айтып берді. Сонымен қатар К.Күйіков жиналған қауымды «АТОМ» жобасын (www.theATOMProject.org) қолдауға және ядролық қарудан азат әлем жөніндегі петицияға қол қоюға шақырды.
Норвегия Сыртқы істер министрлігінің атынан Аймақтық департаменттің директоры Анна-Кристи Карлсен де сөз сөйледі.
Іс-шараға Ядролық қаруды жою үшін науқан (ICAN), «Ядролық қаруға – жол жоқ» (Nei til Atomvåpen) және басқа да үкіметтік емес ұйымдар, ядролық қауіпсіздік саласының сарапшылары, саясаттанушылар, дипломаттар, діни қайраткерлер және қоғамның басқа да өкілдері келді.
Кітаптың тұсаукесері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналды. Мәтінді норвег тіліне халықаралық саясаттанушы және кәсіби аудармашы Николай Геров аударған. Норвегиялық басылымға алғысөздерін дайындап, ұсынғандар – Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Кьелл Магне Бондевик, Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев, Норвегияның Сыртқы істер министрі Ине Эриксен Сорейде, сондай-ақ аға сарапшы және NUPI-дің бұрынғы директоры Сверре Лодгард. Кітап Steffen Grafisk Tilrettelegging баспасында жарық көрді.