Қазақ геология саласына айшықты үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткері Патшайым Тәжібаеваның туғанына биыл 100 жыл толды. Осыған орай Алматыда ғалымның мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті.
Айтулы іс-шараға қоғам қайраткерлері, ұлтымыздан шыққан тұңғыш геолог ғалымның әріптестері мен шәкірттері қатысты. Басқосуда Патшайым Тәжібаеваның дара жолы туралы пайымды ойлар айтылып, оның ғылымға қосқан үлесі мен жетістіктері, қоғамдық қызметтердегі табысты еңбегі туралы баяндалды.
«Патшайым Тәжібаеваға дейін жерасты байлығын тасты уатып, соған қарап білген. Ал бұл кісі оған қанағаттанбай, Үкіметтен көмек алып, лаборатория ашып, геологияның литология деген саласын қалыптастырған. Ол геологияда революция жасаған адам», – дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов.
Ғылыми конференция барысында Патшайым Тәжібаеваға арналған естелік кітаптың тұсауы кесілді. Есте болса, осыған дейін де ғалымның ұлан-ғайыр еңбегін насихаттаған екі бірдей жинақ жарық көрген еді. Бұл кітапта ғалымның әріптестері мен шәкірттерінің пікірлері мен естеліктері, ғалымға арнаған өлең жырлары, естелік-эсселері топтастырылған.
АЛМАТЫ