• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қараша, 2019

Қыздар университеті сырқат сәбидің еміне қайырымдылық балын өткізді

265 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 75 жылдық мерейтойын сауапты іске арнады. Парасат пен тағылым мектебінің төл тарихындағы айтулы дата Úkili úmit атты қайырымдылық балының аясында өтті.

Қысқы ертегі желісімен ұйымдастырылған шара 75 жұптың орындауындағы ырғақты вальспен ашылды. Балдың дебютанты атанған Қыздар университетінің студенттері мен ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясының курсанттары классикалық билерді жоғары деңгейде орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

– Дара дәстүрі бар ордалы оқу орны ғасырға жуық уақыт белесінде қазақ қыздарының шын мәнісіндегі шамшырағына айналды. Өзіндік кескін-келбетін қалыптастырды. Халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан дәстүрлер сабақтастығын жаңғыртты. Екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыран уақтысында іргетасы қаланған бұл білім ордасының Қазақстанның педагог кадрларын даярлаудағы алатын орны айрықша үлкен. Себебі осы жылдар аралығында оқу орнын 60 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Олар ұлан-ғайыр Отанымыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, сауатты да білімді ұрпақты даярлауға зор еңбек сіңірді. Ұлт педагогикасының дамуы жолында қажырлы қызмет атқарды. Бүгінде әлемде тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай. Осы орайда бірегей білім ордасы ретінде еліміз бен әлемге кеңінен танымал болған оқу орны – «Қыздар университеті» деген өзіндік брендін қалыптастырды. Біздің басты мақсатымыз – осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды еселей түсу, қазыналы қарашаңырақты шыққан биігінен түсірмеу, – деді Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова.

Шара шеңберінде педагогикалық оқу орнының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық жұмыстары мен өнер туындылары аукционға қойылды. Қайырымдылық балынан және аукционнан түскен қаражат I-топтағы мүгедек Айсұлтан Асылхан есімді сәбидің еміне жұмсалады. 2015 жылы дүниеге келген бүлдіршін ми ісігі, көру нервісінің атрофиясы, эпилепсия және церебральды сал ауруына шалдыққан. Шара барысында түрлі ұйым өкілдері мен азаматтар сәбидің ем-домына қажетті қаражатты аударып жатты.

Тағылымға толы оқу орнының мерейтойының соңында университет тарихынан сыр шертетін театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты.

        

АЛМАТЫ