• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 03 Желтоқсан, 2019

Депутаттар «Атамекен» ҰКП басшылығымен кездесті

158 рет
көрсетілді

Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен депутаттардың «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кезекті кездесуі өтті.

Басты мақсат – кәсіпкерлікті дамыту мақсаттары және біржылдық жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарларды талқылау.

Осы орайда Нұрлан Нығ­ма­тулин Мәжіліс депутаттары мен «Атамекен» ұлттық палатасының кездесуі жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі шаралардың бірі екенін және ел экономикасын кү­шей­тудің қуатты мемлекет болу­дың басты тірегі – бизнес екенін алға тартты.

– Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен құрыл­ған «Атамекен» ҰКП елімізде кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін берді. Бүгінгі күні Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті дамыту бойынша жаңа міндеттер жүктеді. Осыған байланысты бүгін алдағы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асырудың және оны заң жағынан қолдаудың жолдарын талқылайтын боламыз, – деді Н. Нығматулин.

Елімізде кәсіпкерлікті дамы­тудың маңыздылығына тоқталған Па­лата Спикері 2017 жылы Мәжі­ліс пен «Атамекен» ҰКП арасында 2017-2018 жылдарға арналған Қа­зақстан Үкіметінің заң жобалау жұмыстары жоспарлары аясында ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру жөнінде Жол картасының нәтижелеріне тоқталды.

Кездесуде «Атамекен» Төрал­қасының төрағасы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметін бастаған бизнес пен билік органдары арасындағы тиімді тетікке айналғанын атап өтті. Мәжіліс депутаттарымен бірлесе атқарған жұмыстың арқасында Қазақстан бизнесі тиісті заңнамалық құжаттармен қорғалғанын, қабылданған заң­дардың барлығында «Атамекен» ҰКП ұстанымдары ескерілгенін айтты.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин мен «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Ти­мур Құлыбаев 2020 жылға арнал­ған Мәжіліс пен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы ын­ты­мақтастығының Жол картасына қол қойды. Енді жаңа құжатқа сәйкес, Мәжіліс депутаттары мен кәсіпкерлер қауымдастығы алдағы жылы 9 маңызды бағыт бойынша жұмысты жалғастырмақ.

Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов, Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев тақырып төңірегінде сөз сөйледі.

Талқылау кезінде Мәжіліс депутаттары кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.