Таяуда Біржан сал ауданына қарасты Баймырза ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Салтанатты шарада ауданның дамуына айтарлықтай үлес қосқан бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды.
Төтенше жағдайды бақылайтын бекет бұған дейін Аңғал батыр, Уәлихан ауылдарында болған. Бұл Біржан сал ауданында ашылып отырған үшінші өрт сөндіру бекеті. Алдағы уақытта аудан аумағында мұндай орындарды тағы да ашу жоспарда бар.
–Елбасының бастамасымен өрістеген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ауданынымызда 4 жаңа мектеп, дәрігерлік амбулатория салынып, 1 амбулатория күрделі жөндеуден өткізілді. Таяуда аудан орталығында емханамен біріктірілген жаңа аурухана салынатын болады, дейді Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов.
Облыс аумағында бір жыл көлемінде бір мыңнан аса өрт оқиғасы тіркеліпті. Оқыс оқиға кезінде 30-ға жуық адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Біржан сал ауданында да биылғы жылы ондаған өрт оқиғасы тіркелген.
–Ауданда биылғы жылы 31 өрт оқиғасы орын алды. 9 миллион теңгеден аса материалдық шығын келді. Бір айта кетерлігі, өрт оқиғаларының 22 проценті өрт сөндіру бекеттері жоқ жерлерде орын алып отыр. Ал, аудандағы елді мекендердің арасы тым алшақ. Сондықтан, өрт сөндіру бекеттері өте қажет, дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.
Жаңадан ашылған өрт сөндіру бекеті арнайы техникамен жабдықталған. Елді мекеннің 4 адамы тұрақты жұмысқа орналасты.