Облыстық кәсіптік және техникалық жалпы білім беру колледж білім алушыларының арасында төл өнеріміз – қазақ күресінен «Кезең» спартакиадасы өткізілді. Тұңғыш рет ұйымдастырылған додаға 120-дан астам жас балуан қатысып, боз кілемде күш сынасты.
Облыстық дене тәрбиесі және оқу-әдістемелік орталығының ұйытқы болуымен өткен додаға 14 командадан құралған 120-дан астам жас балуан қатысты. Бұғаналары әлі бекімесе де, жеңіске ұмтылған балуандар қазақ күресіне тән әдіс-тәсілдерді шеберлікпен қолданып, жарыс көрігін қыздыра түсті. Балуандар 8 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Ең жеңіл салмақ 50 келі болса, тиісінше 90 келіден жоғары салмақтағы алыптардың айқасы да тартысқа толы болды.
–Біздің балуандар өздерінің барлық күш-жігерлерін салып күреседі деген үміт бар. Бұл жарыстан кейін барлық колледждер қазақ күресін қолға алып, үйірмелер ашып немесе жарыс ұйымдастырса, нұр үстіне нұр. Қазіргі күні қазақ күресі әлем қызыға қарап отырған ұлттық спортымыздың бірі, дейді облыстық дене тәрбиесі және оқу-әдістемелік орталығының директоры Аман Ермұқанов.
Жас балуандардың арасында ертең елдің намысын «Әлем барысы» сынды байрақты бәсекелерде лайықты қорғай алатын азаматтар жетерлік. Соңғы жылдары ұлттық өнерге деген қолдау ерекше, ендігі сәтте палуандардың тынбай еңбектенуі керек.
Белдесулердің қортындысына сәйкес, жалпы 14 команданың ішінен Щучинск қаласы жоғары педагогикалық колледжінің балуандары қоланы қанағат тұтса, азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледждің балуандары күміс жүлде иегерлері атанды. Жоғары техникалық колледжінің өрендері жарыс жеңімпаздары деп танылып, бағалы сыйлықтарға ие болды.