Осылай десек те оның артында үлкен мән-мағына жатыр. Түсінік қажет етіп тұрған тіркес. Иә, солай! Өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарындағы қазақ жерін жайлаған ашаршылықта құмды өңірдегілердің қабырғаларын жапқан осы құмаршық. Біз, інім Аманғали екеуміз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тапшылық иектеген балаң шағымызда Тайсойған құмындағы қойлы ауылда өстік. Сол тұста құмаршықтың пайдасын шаш- етектен көрдік. Қызыл шағылды бұйрат құмдауытта өсетін тары тектес дақыл біздің қарнымызды тоқ етті, аштыққа ұрынбаймыз ба деген уайымымызды жоқ етті.
Әлі есімде, елуінші жылдарға таяу кезеңде анам Қағаз, тәтем Отарбай екеуі мені қастарына барып кел, алып келге жұмсайтын серік етіп ертіп, Тайсойған құмының жота-жота шағылды алқаптарынан құмаршық қағатын. Оны тауып, түбірінен үзу бар, алашаны жайып жіберіп үстіне үйілген құмаршықтың дәнін үлкен кеспелтек ағашпен ұрғылап, сауу бар, қауызы мен кебегінен аршып, ұшыру бар, қуыру бар, келімен түю бар... құмаршық ауызға тигенше жұмысы жетіп артылатын еді-ау.
Алдымыздағы тостағаннан үйдің жастары кішілеу жағымыз тәп-тәтті құмаршықты таласа-тармаса жейтінбіз. Таңдайымыздан дәмі кетпей, болса тағы-тағы қарпи түскіміз келетін. Шіркін, тіл үйіретін мұндай нәрлі тағам, жеңсік ас сирек қой.
Менің атам Сарбұқа (шын аты Айбасәлі) қиын-қыстау жылдарда өзімізге қарасты отбасына, төңірегіндегі ағайын-тумаға, көрші-көлемге аш өзектеріне талғажау ететін ішіп-жемді табиғат аясынан тауып беруге қамқорлық жасаған, сол үшін жанын салып, жұмыс істеген адам көрінеді. Әрине, онысын мен көргенім жоқ, менің екі жасымда о дүниелік болды. Ол әңгімені бұдан он-жиырма жылдай уақыт бұрын өмірден өткен жасы 100-ге небәрі бір қадам жетпеген шешеміз Қалима Бисалықызы, сондай-ақ ағаларымыз Қуаныш Уәшұлы, Қожағали Ақсереңұлы, Дәулетбай, Отарбай Сарбұқаұлдары жыр қылып айтқандарын естіп, таңданысқанбыз. Таңдансақ таңданатындай-ақ, атамыз құм арасынан терең аран қазып, бетіне тал шыбықты ілдалдалап тастап, үстіне балауса шөп себелеп, оған секеңдеп келген қоян байғұстар орға түсіп, қолға ілігіп, ауыл-үйдің азығына айналған. Ойыл, Жарыпшыққан өзендерінен мұз астынан қармақпен балық аулау әдісін де сол кісі меңгеріпті. Қоғаның, қамыстың ақ сүйрік тамыры саналатын атшоңқайды қазып, қуырып азық етуді де жақсы біліпті. Жазда өзен жағасы мен құм етегінің түйіскен жерлеріне қауын, қарбыз, картоп егіп өсіріп, ризықты молайтқан деседі. Ең бастысы, құмаршық қағып, оны өңдеудің кәнігі шебері болған. Өзі біліп қана қоймай құмаршық қағудың әдіс-тәсілдерін төңірегіндегі өзгелерге де үйреткен.
Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатының 11 қорындағы 1 тізбенің 281 ісінде сақталған 1922 жылғы Қызылқоға, Қарабау, Блан, Қаракөл, Тайсойған, Кермақас болыстықтарының есепті баяндама-хаттамаларында Қарабаудағы мектеп аталып, Кермақас-Қарабау құмдарында құмаршықтың мол шығуы көрсетілген. Демек, бұдан құмаршықтың сол кезде тіршілік көзінің бірі болғандығы айқындалады.
Құмаршық қағу үрдісі күні кешеге дейін жалғасты. Атырау облысының теріскейіндегі Қызылқоға ауданы табиғаты ерекше өңір. Аудан аумағының ортасынан ағып өтіп жатқан Ойыл өзенінің екі жағында екі құм –Тайсойған мен Бүйрек. Атақты ақын Нұрым Шыршығұлұлы:
Тайсойған, Бүйрек – екі құм,
Адасып жүрдім екі күн.
Аш кісіде ар бар ма,
Арық қойда май бар ма,
Асата алмай жеп қойдым...,
– деп бастап, жырына қосқан аймақ. Тайсойғанның жалпы ұзындығы 83, ені 40 шақырымды құрайды, ал Бүйректің ұзындығы 50 шақырымға созылып жатыр да, ені 15-20 шақырым төңірегінде. Екеуінде де құмаршық өседі. Осы құмдардан ат шаптырым жерде Ақтөбе облысына қарасты Ойыл ауылының құбыла бетінде көлемі 34 мың гектардан асатын Барқын құмы тағы бар. Ашаршылық жылдары аяқ артар ат-көліктері бар қызылқоғалықтар оған да барып құмаршық қаққан.
Тайсойған төрінен түлеп ұшқан ақпа ақын Марат Отарәлиевтің:
Құмнан да қазына табылған,
Шақырды бізді қанша үміт.
Құмаршық қақтық шағылдан,
Желкегін жедік тамсанып.
Көз жасы сел боп қураған,
Ол кезде жетім, жарты өмір.
Сонда да бізді бұл дала
Аш қылмай қойды, әйтеуір...,
– деп құмаршықтың тарыққанда аш құрсаққа қорек болған құдіретін өзінің жыр жолдарына ризалықпен шабыттана сыналап қосуы да көп нәрсені аңғартса керек.
Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында ауданның айтулы азаматы Нәби Шәуіткеновпен бір көшеде көрші тұрдық. Ағамыздың егде тартқан анасы Ақсұлу тамақты таңдап, талғап ішетін сырбаз кісі еді. Сол үйдің дастарқанына оқта-текте құмаршық қойылатын. Көшенің үлкендер жағы Ізни Нұрқасымов, Тасболат Таласбаев, Харес Зейнуллин, олардың зайыптары Ақзия, Зияда, Торғын апайлар бар... бәрі алдарындағы сәуірдің сары майына былғанған тәтті құмаршықтан құшырлана ауыз тиісіп, ой-й келіп мақтасатын.
– Мамам бұл құмаршықты жылда ең кемі бір рет тоя жеп тұрмаса ішкен асы бойына батпайды, жемесе қатты аңсайды, – деп ақкөңіл, ақжарқын Нәби ағамыз ағынан жарылатын. Көршілердің ішіндегі жас жағынан кішісі мен бір сәті түскенде сұрақ қойып:
– Қайдан алдырасыздар? – дегенімде Нәкең:
– Өзіміздің Тайсойғанда өспей ме? Кейде атажұртымыз Нарын құмына әдейі барып, қақтырып әкелеміз, – деп мақтанышпен кеуде керетін.
Шіркін, құмаршықтың жөні бөлек еді-ау. Ол – құнарлы да нәрлі тағам. Ол – таңдайыңнан дәмі кетпейтін жеңсік ас. Ұзақ жылдар бойы мал баққан ағасы Қойшығұл Сұлтанұлы мен анасы Тыныштыққа (ауыл-аймақта Тыншым деген жанама атпен танымал) қолғанат болған, кейін жоғары оқу орнына түспестен бұрын үш жылдай шопан болған, диплом алып ауылға оралған соң фермада зоотехник, Халел Досмұхамедов атындағы асыл тұқымды қаракөл қой зауытында селекционер-зоотехник болып жұмыс істеген Тайсойған құмының төл баласы Аманжан Мұғалімұлы 2019 жылғы сәуір айында әңгімелескенімде:
– Құмаршық тамақтың көкесі, біле білген адамға тары, бидайдан да артық дәмді. Тек құрғақтай жей алмайсың, қаймаққа былғап жейсің. Аштық, кешегі соғыс кезінде бізді, тайсойғандықтарды аман алып қалған осы құмаршық пен атшоңқай. Осы дақылды жан-жақты зерттеп, ғылыми тұжырым жасаған ешкім жоқ. Тайсойған тұяқкесті болғанда жойылып кете жаздады. Ол майлы, өз майы өзінде, өз қатығы өзінде бар дақыл. Халықтық ұғымда «Пайғамбардың нарының сүті тамған жерде шығады» деген сөз бар, – деген еді. Өте орынды пікір.
Өкінішке қарай, кейінгі ұрпақ құмаршықтың қадір-қасиетін мүлде білмеуге айналды. Тіпті оның не екенінен хабарлары жоқ. Оны ұмытпай дәріптеп, ескеру керек-ақ.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Үздік өлкетанушы