Елордамызда еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында жыл сайын өтетін республикалық «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тәуелсіздік сарайында өткен шараға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, ҚР Парламентінің депутаттары, «Атамекен» ҰКП-ның, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер республикалық бірлестіктерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен қоса еңбек ардагерлері және конкурстың өңірлік кезеңінің лауреаттары қатысты.
Салтанатты шара басында Бердібек Сапарбаев меценаттар мен кәсіпкерлерге «Шапағат» медалін, ҚР Президенті мен Премьер-Министрінің атынан алғыс хаттарды табыс етсе, ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова ардагерлерге «Еңбек ардагері» медалін табыс етті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталмыш шараны жұмысшыларды кеңінен танымал ету мақсатында өткізеді. Конкурс «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас жұмыскері» атты үш номинациядан тұрады.
Үміткерлерден өтінім қабылдау осы жылы 1 маусымда басталды. Конкурстың өңірлік кезеңінде бірінші номинация бойынша – 90, екінші номинация бойынша 144 және үшінші номинация бойынша – 154, барлығы 388 адам бақтарын сынады.
Конкурстың республикалық кезеңінде Еңбекминінің сайтында өткізілген онлайн дауыс беру барысында «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша 23 351, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша 90 156 және «Өндірістің үздік жас жұмыскері» номинациясы бойынша 65 822, барлығы 179 329 дауыс түсті.
Байқау жеңімпаздарын онлайн дауыс беруді ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың төрағалығымен арнайы республикалық комиссия анықтады. Комиссия құрамына ҚР Еңбекминінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің, «Атамекен» ҰКП-ның, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қазақстан еңбекшілер конфедерациясы және «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары Үйлестіру кеңесінің өкілдері кірді.
Отандастарымызды кәсіби жетістіктерге ынталандыру және жаңа еңбек династияларын қалыптастыру мақсатында, ағымдағы жылы ҚР Еңбекмині сыйлықтардың санын көбейту туралы шешім қабылдады. Егер өткен жылдары сыйлықтар тек номинациялар бойынша берілген болса, ағымдағы жылдан бастап жеңімпаздар – 1, 2 және 3 орын үшін марапатталатын болды.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясында елордалық Еңсебаевтар әулеті бірінші орынға, Шығыс Қазақстан облысынан келген Сағадиевтер әулеті екінші орынға, ал атыраулық Жұмағалиевтердің ұстаздар әулеті үшінші орынға ие болды.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Ақмола облысының ТББ (техникалық бақылау бөлімінің) бақылаушысы Майра Исаева жеңіске жетті, Шымкент қаласының цемент өндіру жөніндегі инженер-технологы Ескендір Рүстемов екінші орынға тұрақтаса, Қарағанды облысының ауа бөлу қондырғыларының аппаратшысы Дәулет Ежибаев үшінші орынды қанағат тұтты.
«Үздік жас өндіріс жұмыскері» номинациясында Солтүстік Қазақстан облысынан келген жалпы практика дәрігері Юлия Шевченко топ жарды, Қостанай облысының логистика және қойма сақтау шебері Владимир Самодуров екінші орынға тұрақтады. Ал Павлодар облысынан келген технологиялық насос машинисі Асқар Нұрғалиевқа үшінші орын бұйырды.
Байқау жеңімпаздары 1 орын үшін – 1 млн теңге, 2 орын үшін – 500 мың теңге және 3 орын үшін – 200 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттармен марапатталды.
«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын құттықтай отырып, Біржан Нұрымбетов мемлекеттің жаңғыруы мен қоғамның дамуындағы еңбек адамдарының маңызды рөлін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасындағы республикалық «Еңбек жолы» байқауын Еңбекмин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жалпы Еңбек Қоғамын құру идеясын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылдан бастап өткізіп келеді. Бұл шараның негізгі міндеті – еңбек адамдары туралы қоғамда жағымды пікір қалыптастырып, кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына жағдай жасау.